Варшавада өткен адам құқықтары мен демократиялық жаңғыртуларға арналған конференцияда «Ұлттық өркендеуге жәрдем қоры» қоғамдық қорының директоры Үсен Сүлеймен соңғы жылдары Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан негізгі реформаларға шолу жасады.

(Сурет: Видео скрині)
Оның айтуынша, Қазақстан заң үстемдігі мен азаматтардың шешім қабылдау үдерістеріне қатысуына басымдық бере отырып, әділетті және ашық мемлекет құру жолында тұрақты ілгерілеу көрсетіп келеді.
Маңызды өзгерістердің бірі – президенттік өкілеттіктің қайта сайлану құқығынсыз бір реттік жеті жылдық мерзіммен шектелуі. Бұл биліктің шоғырлануын болдырмай, саяси жүйенің болжамдылығын арттырды. Сонымен қатар Президенттің акимдерді тағайындау жөніндегі өкілеттіктері қысқартылып, Парламентке тағайындалатын депутаттардың президенттік квотасы азайтылды. Бұл билік тармақтарының арасындағы тепе-теңдікті нығайтты.
2022 жылғы референдумда Конституцияға енгізілген өзгерістерді 77,18% азамат қолдады. Бұл қоғамның реформалар бағытына кең қолдау білдіргенін көрсетті.
Қазақстан сондай-ақ аралас сайлау жүйесін енгізді, ол азаматтарға партиялық тізімдермен қатар тәуелсіз кандидаттарға дауыс беруге мүмкіндік берді. Соның нәтижесінде жеті партияның алтауы Парламентке өтті.
Саяси партияларды тіркеу талабы 20 мыңнан 5 мың мүшеге дейін төмендетілді, ал өту шегі 5%-ға белгіленді. Бұл саяси бәсекелестікті арттырып, жастар мен әйелдердің қатысуын кеңейтті — оларға арнайы квоталар бекітілді.
Үсен Сүлеймен жергілікті өзін-өзі басқару реформасына да ерекше назар аударды. Оның айтуынша, бүгінде 2 500-ден астам ауылдық және аудандық әкім, сондай-ақ 45 қала әкімі тікелей азаматтардың дауыс беруі арқылы сайланды.
«Бұл – биліктің халық алдындағы жауапкершілігін арттырудағы нақты қадам», – деді ол.
Сөзін қорытындылай келе, спикер Қазақстанның демократиялық институттарды нығайтып, азаматтарды шешім қабылдау үдерістеріне кеңінен тарту бағытын дәйекті түрде жалғастыратынын атап өтті.
«Біздің мақсатымыз – тұрақтылықты, ашықтықты және өз даму жолымызға деген сенімді сақтау», – деді Үсен Сүлеймен.
Mezgil.kz