Бүгін, 12 қазан – Семей қаласы үшін тарихи күн. Елімізде алғаш рет облыс орталығы деңгейіндегі әкім сайлауы өтіп жатыр. Бұл оқиға – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси реформаларының нақты нәтижесі. Президент Жолдауында аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін тікелей сайлау арқылы айқындау жөнінде шешім қабылдаған болатын. Бұл – елдегі демократиялық институттарды нығайтуға бағытталған маңызды қадам.

(Сурет:Ұйымдастырушылардан алдынды )
Қала бойынша 128 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр, оның 110-ы – тұрақты, ал қалғандары жабық учаске. Дауыс беру таңғы 7:00-де басталып, кешкі 20:00-ге дейін жалғасады.
Әр сайлаушыға шақыру қағаздары таратылып, онда орналасқан QR-код арқылы барлық кандидаттар туралы толық ақпарат алуға мүмкіндік жасалған. Бұдан бөлек, 10 қазан күні таңертең сайлаушылардың ұялы телефондарына SMS-хабарламалар жолданды.
Семей қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Гүлжан Қуанышева сайлау процесінің ерекшеліктері мен қолжетімділік шараларына тоқталды.
– Биылғы сайлаудың ерекшеліктерінің бірі – алғаш рет Брайль қарпін білетін 40 азаматқа арнайы осы форматта шақыру қағаздары дайындалып, таратылды. Бұл азаматтар да өз учаскелеріне келіп, белсенді түрде дауыс беріп жатыр. Жалпы барлық сайлау учаскелерінде сайлаушылардың жоғары белсенділігі байқалуда, – деді Гүлжан Қуанышева.
Қала тұрғындары сайлауға белсенді қатысып жатыр. Әсіресе алғаш рет дауыс беруге келген жастардың ықыласы ерекше. Соынмен қатар, сайлауға өңірдің белгілі ұстаздар әулеті – Балықбаевтар отбасы да қатысып, өз таңдауларын жасады. Ұстаздық дәстүрі 257 жылдық тарихы бар бұл әулет бірнеше ұрпақ бойы білім беру ісіне қызмет етіп келеді.
– Біздің әулетіміз бірнеше ғасыр бойы ұстаздық жолды серік етіп келеді. Бұл – үлкен жауапкершілік пен абырой. Бүгінгі сайлауға қатысу – азаматтық борышымыз. Себебі әрбір дауыс – елдің болашағына қосылған үлес. Барша жерлестерді өз таңдауларын жасап, белсенді болуға шақырамын, – деді педагог Раушан Балықбаева.
Семей қаласы әкімі қызметіне үш үміткер тіркелген: Көкпекті ауданының қазіргі әкімі Әділет Қожанбаев, Семей қалалық мәслихатының бұрынғы төрағасы Айболат Бекжасаров, және Геодезия, картография және құрылыс жоғары колледжінің директоры Қаныш Төлеуов.
Айта кетсек, Абай облысында бұған дейін тек аудан әкімдері сайланған еді. Ал бүгінгі Семей қаласы әкімін сайлау – облыс орталығы деңгейінде алғаш рет өткізіліп отырған тарихи саяси оқиға болып отыр. Бұл үдеріс – Қазақстандағы жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін дамыту мен қоғамның саяси мәдениетін арттыру жолындағы маңызды қадам болып отыр.
Mezgil.kz