Рухани келісім: Қазақстан - діни татулықты ту еткен ел!

Қазақстан діни татулыққа аса мән беретін мемлекет. Елімізде 20 млннан астам халық бар. Түрлі ұлт өкілдері жиналған. Қазақстан сан түрлі ұлтқа отан болуда. Сәйкесінше түрлі діндер мен сенімдер де елімізде тату-тәтті күн кешуде. Мемлекетіміз еліміздегі татулық пен тыныштыққа, өзара құрмет пен сыйластыққа ерекше мән береді.


wxdnkbDzHq1gcnDkBHGg8LFh0pu0wKXAc0H1TXqa.jpg

 

Елімізде ұзақ жылдар бойы Ислам, христиан, буддизм және басқа діндер қатар өмір сүруде. Сан түрлі сенім бір мемлекет ішінде қатарласып жасап келеді. Бұл біздің еліміз үшін өте маңызды тақырып саналады. Әлемде ғасырлар бойы шешімін таппаған діни қақтығыстар бар. Адамзат тарихында діни қайшылықтардың соңы қанқұйлы соғыстарға айналған сәттер де болды. Кресшілер жорығы, орта ғасырдағы Еуропа, шіркеудің үстемдігі, дінді тарату жолындағы соғыстар, католиктер мен протестанттардың Франциядағы қақтығысы және басқа мысалдар жетерлік. Бұл қақтығыстар ұдайы мемлекеттердің құлдырауына әкелді. Өкінішке орай, ХХІ ғасырда да бұл жалғасып келеді.

 

Жаңа заман тарихында әлі күнге дейін діни қақтығыстар орын алуда. Африка құрлығы, Азия аймағы, Таяу Шығыс елдерінің кейбірі діни қайшылықтар әсерінен мемлекеттік құрылымын жоғалтудың алдында тұр. Қоғамдағы татулық сейіліп, өшпенділік артқан. Қазақстан аталған трагедиялардан сабақ ала отырып, діни татулықты ту етуге тырысуда.

 

Елімізде 18-қазан күні «Рухани келісім күні» аталып өтуде. Рухани келісім күнінің мәні зор. Бұл еліміздегі діни татулықты үгіттей отырып, бейбітшілік пен толеранттылықты дәріптейтін мереке саналады. Бұл күн еліміздегі дінаралық және этносаралық келісімнің маңыздылығын көрсетеді.

 

«Рухани келісім күні» алғаш рет 1992 жылы 18 қазанда Алматы қаласында өткен Бүкіләлемдік рухани келісім конгресінде жарияланған еді. Конгрессте түрлі дін өкілдері, мәдениет және ғылым қайраткерлері бейбітшілік пен рухани бірлікке шақырып, 18 қазанды «Рухани келісім күні» деп белгілеу туралы шешім қабылдады. Міне, сол сәттен бері бұл күнді атап өту жалғасуда.

 

Елімізде еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін діни татулықтың маңызы жайлы жақсы түсінеді. Бұл туралы мектептерде айтылады, университеттерде түсіндіріледі, арнайы шаралар ұйымдастырылады. Қазақстан діни татулықты насихаттай отырып, теріс діни ағымдарға қарсы әрекетті де күшейтуде. Өйткені, қоғамдағы сенім арасындағы сыйластыққа селкеу түсіретін әрекетті көбіне дәл сондай ағымдар іске асыруда.

 

Мемлекетіміз діни татулықты айтып қана қоймай, әлем бойынша насихаттап та жүр. Арнайы шешімдер қабылданып, ұсыныстар айтылатын, әлемнің дін басшылары мен ғұламалары бас қосатын «Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі» соның айқын дәлелі. Аталған съез 2003 жылдан бастап тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Съезге Рим папасынан бастап өзге де дін басшылары қатысуда. Олар Қазақстанның діни татулыққа қосқан үлесін ерекше атап өтуде.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар