Судың да сұрауы бар: Астана әлем елдерін су тапшылығымен бірлесе күресуге шақыруда!

Қазақстан жаһандық мәселелерді көтеріп, шешім ұсыну әрекетімен танымал. Астана «аймақтағы және әлемдегі күрделі мәселелерді диалог арқылы шешу керек» деген позициядан тайқыған емес. Қазақстан соңғы жылдары су тапшылығы мәселесін көтеріп, жаһандық деңгейде шешу жолдарын ұсынуда.


water-treatment-remove-pollutants.jpg

 (Сурет toshkent.uzsuv.uz сайтынан алынды)


Су тапшылығы өткір мәселеге айналуда. Орталық Азия елдері бұл күрделі де қиын мәселенің шешу жолдарын іздестіруде. Су тапшылығының артуына бірнеше себеп бар. Демографиялық өсім су тұтыну деңгейін арттырды. Қазіргі таңда Орталық Азияда 80 млннан астам халық бар. Су ресурстары бір елдерде жеткілікті, ал екінші елдерде тапшы болуда. География солай бөлініс жасаған. Қазақстан, Өзбекстан және Түркіменстанда су тапшылығы байқалады, ал Қырғызстан мен Тәжікстанда су салыстырмалы түрде жеткілікті. Су тапшылығына мұздықтардың жылдам еруі де әсер етуде. Жаһандық жылыну бұл мәселені де күрделендіріп жатыр. Ауыл шаруашылығының артта қалуы суды қисапсыз деңгейде пайдалануға итермелеуде. Егістік алқаптар мен бау-бақша әлі күнге дейін дәстүрлі жүйемен суарылады. Судың басым бөлігі арықтар арқылы жерге сіңіп кетуде. Ал су жинайтын бөгеттер мен арналар ескірген және модернизацияны қажет етеді. Қазақстан әлем елдеріне аталған мәселені шешудің жолдарын ұсынуда.

 

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ отырысында су мәселесін көтерді.

 

«Климат өзгерісі шекара таңдамай, әлемнің көптеген елі мен өңіріне қауіп төндіріп отыр. Нақты қатерлерге, мәселен, шөлейттенуге, құрғақшылыққа, су қоймаларының тартылуына, мұздықтардың еруіне және басқа да экологиялық мәселелерге қарсы күрес стратегиясын бірлесе әзірлеу өзекті. Сондықтан Қазақстанда Шанхай ынтымақтастық ұйымының Су мәселелерін зерттеу орталығын ашуды қолдаймыз», – деді президент Қасым-Жомарт Тоқаев. Осылайша Қазақстан ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер су мәселесін ортақ зерттесін дейді. Ал аталған орталық Қазақстанда орналасуы тиіс.

 

ШЫҰ-ға бүгінде тұрақты негізде Қазақстан, ҚХР (Қытай), Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Үндістан, Пәкістан, Иран және Беларусь елдері мүше. Бұл тұрақты мүше елдер саналады. Бақылаушы елдер де бар. Аталған елдердің көпшілігі су тапшылығынан зардап шегуде. Мысалы 2025 жылы Иран су тапшылығы үлкен дағдарысқа әкелгенін растап, тіпті ел астанасындағы халыққа су жетіспеуіне байланысты астананы ауыстыру идеясын ұсынды. Ал Ирандағы ең үлкен Урмия көлі су тапшылығына байланысты құрғап қалды. Пәкістан мен Үндістан арасындағы қақтығыс мәселесінде де «су қысымы» іске асты. Үндістан Пәкістанға баратын су көздерін жауып, Пәкістанда 50 млнға жуық халық сусыз қалды.

 

Аталған жайттар су мәселесін ШЫҰ аясында зерттеу керектігін көрсетіп отыр. Қазақстан осы тұрғыдан ШЫҰ аясында Су мәселелерін зерттеу орталығын ашуды ұсынды. Ұсынысты ұйымға мүше елдер қолдауда.

 

Қазақстан Каспий теңізіне де алаңдаушылық танытуда. Теңіздің деңгейі жыл өткен сайын түсуде. Бұл мәселе де өте өзекті. Бес елге ырыс-құт болған теңіздің тартылуы экологиялық, экономикалық апат болмақ. Қазақстан тарапы бұл мәселені де шешу жолдарын ұсынуда. 2025 жылдың, 9-қазанында, Тәжікстан астанасы Душанбе қаласында өткен «Орталық Азия – Ресей» саммитінде Қазақстан президенті Каспийдің тартылуы сөз етіп, шешу жолын ұсынды.

 

«Экология мәселелері жөніндегі Ресей және Орталық Азия елдерінің министрлер кеңесін бекітуді ұсынамыз. Трансшекаралық өзендер мен Каспий теңізінің жағдайына баса назар аудару керек. Бұл күрделі мәселені шешуге Каспийдің су ресурстарын сақтау бойынша мемлекетаралық бағдарламасын іске асыру ықпал етеді. Су қауіпсіздігінің қазіргі жағдайы да алаңдатпай тұрмайды. Су ресурстары мен ауыл шаруашылығы жерлерінің жай-күйін бақылау, сондай-ақ төтенше жағдайларды болжау үшін жасанды жер серіктерін пайдалана отырып ғарыштық мониторинг бойынша бірлескен бағдарлама жасақтауды және іске асыруды ұсынамыз», – деді президент. Бұл ұсыныс бір ауыздан қабылданды.

 

Қазақстан су мәселелерін шешуді аса өзекті санайды. Елімізде де су тапшылығы байқалуда және жыл өткен сайын артуда. Қазақстанға келетін ірі өзендердің 80 пайыздан астамы бастауын өзге елден алатын трансшекаралық өзендер саналады. Еліміз су тапшылығын шешу үшін жаңадан «Су кодексін» қабылдады. Арнайы су бөгеттерін салуда. Суды үнемдеуді түсіндіру шаралары іске асуда. Заңнамалық тұрғыдан өзгерістен енгізілуде.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар