Қазақстан мен Әзірбайжан: Көпвекторлы саясаттағы стратегиялық серіктестік

Кеше Қазақстанға ресми сапармен Әзірбайжан Республикасының Президенті келіп кетті. Бұл сапар жай ғана дипломатиялық рәсім емес, түркі әлемін біріктіретін, Еуразияның болашағын айқындайтын маңызды геосаяси оқиға болды. Қазіргі жаһандану дәуірінде Қазақстан өзінің көпвекторлы сыртқы саясаты арқылы әлемдік саясаттағы теңгерімді ұстанып отыр. Ал сол саясаттағы ең маңызды бағыттардың бірі – Әзірбайжанмен стратегиялық серіктестік.

1761134006721051.jpg

(Суреттер: qaz365.kz, tourcode.kz)

Қазақстан үшін Әзірбайжанның орны ерекше. Географиялық тұрғыдан алғанда, Әзірбайжан бізді Түркия арқылы Еуропаға, ал ары қарай Қара теңіз арқылы бүкіл әлемге шығаратын негізгі транзиттік көпір болып табылады. Бұл бағыт бүгінгі таңда «Орта дәліз» немесе «Транс-каспий халықаралық көлік бағыты» деп аталады. Ол Қытайдан басталып, Қазақстан мен Каспий теңізі арқылы Әзірбайжанға өтеді, әрі қарай Грузия мен Түркия арқылы Еуропаға дейін созылады. Бұл дәліз – классикалық «Жібек жолының» жаңғырығы іспетті. Бірақ қазіргі жағдайда ол тек тарихи символ емес, экономикалық қуат пен геосаяси тұрақтылықтың кілтіне айналып отыр. Қазақстан мен Әзірбайжан осы бағытта тек серіктес қана емес, ортақ экономикалық парадигманы қалыптастырып жатқан екі бауырлас мемлекетке айналды.

2024 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 530 миллион АҚШ долларынан асты, бұл – соңғы бес жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Мұнай-химия, металлургия, көлік-логистика және ауыл шаруашылығы салалары екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттары болып табылады. Сарапшылардың бағалауынша, Әзірбайжан арқылы Қазақстан кемінде 2,5–3 миллиард АҚШ долларына дейінгі жаңа инвестиция мен транзиттік табысқа қол жеткізе алады. Бұл сандар құрғақ статистика емес – бұл жаңа инфрақұрылым, жаңа жұмыс орындары және өңірлік тұрақтылықтың кепілі.

1761133898843526.jpeg

(Сурет: qaz365.kz)

Экономист Айбар Олжаевтың пікірінше, бүгінгі таңда Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы ынтымақтастықтың маңызы бұрынғыдан да арта түскен. «Әзірбайжан – құрлықтағы ең мықты одақтасымыз. Ол бізге Түркияға жол ашады, ал Түркия арқылы – Еуропаға шығатын стратегиялық дәліз қалыптасады. Бұл дәліз – Тұран ойысының экономикалық өзегі. Қытайдан басталып, Каспий арқылы Әзірбайжанға, одан Түркия мен Қара теңізге дейін созылатын бұл бағыт – Қазақстанның болашағын айқындайтын жаңа геоэкономикалық артерия», – дейді сарапшы. Оның айтуынша, дәл осы Тұран ойысы тұжырымдамасы бүгінде тек идея емес, нақты жүзеге асып жатқан жобаға айналған. Қазақстанның Каспий аймағындағы порттары – Ақтау мен Құрық – Әзірбайжанның Баку портымен бірлесе жұмыс істеу арқылы жаңа логистикалық хабқа айналуда.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері көпвекторлы саясатты ұстанып келеді. Бұл саясаттың басты мақсаты – әлемнің ірі державалары мен көршілес елдермен теңгерімді, прагматикалық және өзара тиімді байланыс орнату. Батыс пен Шығыс арасындағы көпір болу – біздің тарихи миссиямыз. Бүгінде Қазақстан бір мезетте Ресеймен, Қытаймен, Еуропалық Одақпен, Түркиямен және АҚШ-пен қарым-қатынасты дамыта отырып, өз ұлттық мүддесін бірінші орынға қоя біледі. Осы контекстте Әзірбайжанның орны айрықша: ол Батысқа шығатын жалғыз құрлықтық жол, әрі Түркі мемлекеттері ұйымындағы сенімді серіктесіміз.

Қазіргі таңда екі елдің президенттері бастамашы болған жаңа келісімдер мен жобалар тек экономикалық емес, рухани және мәдени байланыстарды да тереңдетуде. Түркі әлемінің интеграциясы – тек саясат емес, бұл ортақ тіл, тарих және болашаққа деген сенім. Екі елдің жастары арасындағы білім алмасу бағдарламалары, бірлескен цифрлық жобалар мен жасыл энергетика саласындағы ынтымақтастық – осы серіктестіктің жаңа қыры болып отыр.

Әзірбайжан – Қазақстанның сыртқы саясатындағы ең сенімді стратегиялық әріптестердің бірі. Біз үшін бұл ел тек транзиттік бағыт емес, ортақ мүдде мен болашақтың серіктесі. Қазақстанның халықаралық саясаттағы басты күші – теңгерім мен сенім. Әзірбайжанмен ынтымақтастық сол сенімнің жарқын көрінісі. Бүгінгі таңда Тұран ойысынан бастау алып, Каспий мен Қара теңіз арқылы әлемге жол тартқан жаңа Жібек жолы — Қазақстанның көпвекторлы саясатының нақты жемісі болып отыр.

Болашақта Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы әріптестік жаңа деңгейге шығатыны анық. Екі ел үкіметтері энергетика, көлік және жасыл экономика саласында ортақ жобаларды жүзеге асыруда. Әзірбайжан Каспий теңізіндегі теңіз порттары мен мұнай терминалдарын жаңғыртып, Қазақстан мұнайын әлемдік нарыққа жеткізудің жаңа бағыттарын ашуға ықпал етуде. Бұл Қазақстан үшін стратегиялық маңызы бар, себебі мұнай экспортындағы балама маршруттар еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін арттырады.

Сонымен қатар, екі ел арасында цифрлық дәліз құру туралы бастама көтерілді. Бұл жоба интернет және деректер алмасу инфрақұрылымын біріктіріп, Каспий аймағын цифрлық логистика орталығына айналдыруды көздейді. Қазіргі таңда Әзірбайжанның «Digital Silk Way» жобасына Қазақстанның қатысуы талқылануда. Бұл бастама Еуразия құрлығының батысы мен шығысын тек тауармен емес, ақпаратпен де байланыстыратын жаңа көпір болады.

Әзірбайжанның инвестициялық әлеуеті де Қазақстан экономикасы үшін маңызды. Бүгінде Әзірбайжан компаниялары еліміздегі агроөнеркәсіп, құрылыс және көлік саласына белсенді инвестиция салуда. Ал Қазақстан өз кезегінде Әзірбайжандағы көлік инфрақұрылымына, порт және терминал жобаларына қатысуға мүдделі. Мұндай өзара қолдау екі елдің ғана емес, бүкіл түркі әлемінің экономикалық интеграциясын нығайтады.

Қорытындылай келе, Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы байланыс – бұл тек экономикалық немесе дипломатиялық қатынас емес, бұл тарихи тамыры ортақ, болашағы бір бауырлас елдердің стратегиялық ынтымақтастығы. Бұл одақ арқылы Қазақстан өзінің көпвекторлы сыртқы саясатын нақты іске асырып отыр. Ал Әзірбайжан арқылы ашылған жаңа бағыттар еліміздің Еуропа мен Азия арасындағы орнықты көпір ретіндегі мәртебесін одан әрі нығайтады.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар