Сойылдай соққан санкция: Вашингтон мен Брюссель Мәскеуді бүк түсіре ме?

Украинадағы соғысты тоқтатуға еш құлық танытпай отырған Ресейге Еуропа мен Америка Кремльге бұрынғыдан да қатаң жауап қатты.

1761297433532263.jpg

24 қазанда Еуроодақ Ресейге қарсы санкциялардың 19-шы пакетін бекітіп, оның энергетикалық секторын қыспаққа алды. Брюссель бұл жолы символдық емес, құрылымдық соққы жасады — 69 жеке және заңды тұлғаға, соның ішінде қаржы және энергетика секторының алыптарына тікелей шектеу қойылды.

РЕСЕЙГЕ ҚАРСЫ ЖОЙҚЫН САНКЦИЯЛЫҚ СОҚҚЫ

Ал бірнеше сағат өтпей жатып, Вашингтон да үнсіз қалмады: АҚШ Қаржы министрлігі Ресейдің екі алып мұнай компаниясы — «Роснефть» пен «Лукойлды» қара тізімге енгізіп, Кремльдің мұнайдан түсетін табысын тікелей нысанаға алды.

Еуропалық санкцияның басты өзегі – Мәскеуді энергетикасы арқылы саяси қару қолданудан айыру. 2027 жылдан бастап Ресейдің сұйытылған газын импорттауға толық тыйым салынады. Бұған қоса, «Роснефть» пен «Газпромнефтьпен» кез келген мәміле жасауға шектеу қойылып, Ресей мұнайын сатып алып жүрген екі қытайлық зауыт пен трейдерге де санкция салынды. ЕО Ресейдің «көлеңкелі флотындағы» тағы 117 кемені тізімге енгізіп, олардың қайта сақтандырылуын да тоқтатпақ. «Альфа-банк» пен өзге де қаржы институттары еуропалық жүйеден оқшауланды. Енді «Мир» төлем жүйесімен де жұмыс істеу мүмкін емес. Бұл — Кремльдің экономикалық тынысын тарылтатын нақты қадамдар. ЕО сонымен қатар Ресейдің «Алабуга» сияқты арнайы экономикалық аймақтарына тыйым салды — дәл сол жерде дрон өндірісі жүріп жатыр. Ал жасанды интеллект пен ғарыш қызметтеріне қолжетімділік те жабылды.

Батыстың бұл саяси комбинациясы мұнымен аяқталған жоқ. Бірнеше сағаттан кейін АҚШ Қаржы министрі Скотт Бессент ашық мәлімдеме жасады: «Қазір атысты доғаратын уақыт келді. Путин соғысты тоқтатудан бас тартқандықтан, біз Кремльдің соғыс машинасын қаржыландырып отырған екі ірі компанияға санкция енгіземіз», — деді ол. Осылайша, «Роснефть» пен «Лукойл» және олардың отыздан астам еншілес құрылымдары доллар жүйесінен ажыратылды. АҚШ қаржы нарығы олар үшін жабылды. Бұл — Ресейдің мұнай экспортынан түсетін негізгі табыс көзін үзуге бағытталған соққы.

ӘЛЕМДІК БАҚ НЕ ЖАЗУДА?

Әлемдік басылымдар бұл шешімдерді бір ауыздан «тарихи бұрылыс» деп бағалады.

«Bloomberg»: «Бұл – Трамп әкімшілігінің Путинге қысым көрсетуге бағытталған ең батыл әрі тәуекелді әрекеті. Бұрын Трамп энергия нарығының тұрақсыздығынан қорқып, мұндай қадамға бармаған. Енді сабыры түгесілді», - деп жазды.

«Financial Times»: «Бұл – Трамптың екінші мерзімінде Ресейге қарсы енгізілген алғашқы санкциялар. Енді АҚШ Ресейдің төрт ірі мұнай алыбын қара тізімге енгізді», - деп жазды.

«The Wall Street Journal»: «Роснефть» пен «Лукойл» – Ресей экономикасының тірегі. Санкциялар елдің бюджетін тікелей шайқалтады», - деп жазды.

«The Washington Post»: «Бұл шектеулер ресейлік мұнай алпауыттарын доллар жүйесінен ажыратып, халықаралық қаржы айналымынан шеттетеді. Бұл – Кремль үшін ең ауыр соққы», - деп жазды.

«Reuters»: «Бейжіңнің ірі мұнай компаниялары ресейлік мұнайды теңіз арқылы сатып алуды тоқтатып, Үндістан да импортты қысқартуға дайын. Бұл шешім Мәскеудің мұнай табысын күрт азайтып, нарықтағы бағаның өсуіне әсер етуі мүмкін», - деп жазды.

«Bloomberg»: «АҚШ-тың Ресейге қарсы санакциялары Қытай үшін «шок» тудырды. Өйткені Қытай тұтынатын мұнайдың 20 пайызы Ресейден келеді. Егер Бейжің санкцияны бұзса, оның банктері де доллар жүйесінен ажыратылуы мүмкін. Ал бағынса — арзан мұнайдан айрылады. Қайтадан таңдау алдында қалған елдердің көпшілігі дәл қазір экономикалық тәуекел мен саяси ұстаным арасында қиналып тұр», - деп жазды.

«Axios»: «Лавровпен соңғы телефон әңгімесінен кейін Ақ үй Кремльдің бейбіт келісімге мүлде ниеті жоқ екенін түсінді. Осыдан кейін Трамп сабырын жоғалтып, санкцияны дереу енгізуге бұйрық берді», - деп жазды.

«The New York Times»: «АҚШ алғаш рет мұнай бағасының өсу қаупіне қарамастан, Ресейдің энергетика секторын парализдеуге дайын екенін көрсетті», - деп жазды.

Түйін: Бүгінде бұл санкциялар тек шектеу ғана емес — геосаяси сигнал. Батыс алғаш рет Ресейдің энергетикалық жүрегіне тікелей соққы жасап отыр. Кремль үшін бұл экономикалық соғыс емес, тіршілік майданына айналуы мүмкін. Ал әлем үшін бұл — баға мен принцип арасындағы жаңа дилемма. Еуропа мен Америка қазірдің өзінде «сабыр таусылды» деген белгіні айқын көрсетті. Енді Ресейдің энергиясаласы арқылы қысым жасау дәуірі аяқталуға таяу.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар