Қызыл жалынмен күрес: Орман мен тоғайды өрттен қалай қорғаймыз?

«Өрт пен су тілсіз жау» дейді атам қазақ. «Өрт шыққанда құдық қазуға кеш болады» деген де тәмсіл бар. Сол үшін өртпен күресті жетілдіру маңызды. Жыл сайын тілсіз жаудың кесірінен елімізде млрдтаған теңге шығын келеді. Табиғатымызға орасан шығын әкелуде. Ең өкініштісі, адам өмірін де жалмауда. Осы себепті еліміз қызыл жалынмен күресте жаңа технологиялар мен техникаларды қолдануға тырысуда. Мақсат – шығынды азайту, адам өмірін кұтқару, өртті ауыздықтауды тиімді ету.


Bez-nazvaniya-2.jpeg

 (Сурет naked-science.ru сайтынан алынды)


Қазіргі сәтте өртпен күресте түрлі технология қолданылуда. Соның бірі үздіксіз бақылау және мониторинг жасау жүйелері болып табылады. Арнайы жүйе жасақталып, еліміздің орманды алқаптарында орнатылды. Аталған жүйе бейнебақылау камералары, оптикалық датчиктер мен деректерді талдау алгоритмдерін пайдалану негізінде жұмыс істейді. Бұл технологиялар ландшафттағы ең болмашы өзгерістер мен түтіннің пайда болуын бірден тіркейді. Аталған ақпарат едел-жедел орталыққа жіберіледі. Орталықтағы кезекші аталған ақпаратты саралап, ол бойынша шешім қабылдайды. Бұл өртті дер кезінде ауыздықтауға мүмкіндік береді.

 

Қазіргі уақытта бұл жүйе еліміздегі «Ертіс Орманы» табиғи резерваты, «Көкшетау» ұлттық паркі, «Медеу» өңірлік паркі, «Бурабай» ұлттық паркі, Солтүстік Қазақстан облысы мен Қостанай облысындағы орманды алқаптарда орнатылған және тиімді жұмыс істеуде. Елімізде орманды алқаптардың көлемі бар болғаны 5 пайызды құрайды. Әр ағаш, әр қарағай, әр қайың маңызды. Оларды қызыл жалыннан қорғау басты міндеттің бірі саналады. Заманауи жүйелер орман мен дала өртін дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді.

 

Қазақстан қызыл жалынмен күресте әлемнің өзге елдеріндегі тәжірибелерді қолдануға ниетті. АҚШ-та ЖИ мен спутниктік деректерді біріктірген кешенді тәсіл қолданылады. Арнайы компаниялар өсімдіктер, ауа райы жағдайлары және өзге де факторлар жөніндегі деректерді талдап, өрттің таралу жолдарын болжайтын бағдарламалық жасақтама ұсынады. Бұл көптеген Еуропа елдерінде де қолданылатын әдіс. Ал Канадада радарлар мен инфрақызыл датчиктермен жабдықталған ұшқышсыз ұшу аппараттарын (дрондарды) белсенді қолдану басталып кетті. Бұл дрондар арнайы датчиктер арқылы ормандағы температураны өлшейді. Сол арқылы өрт шыққан тұсты бірден анықтайды. Ал жасанды интеллект өрттің таралу картасының ықтимал масштабын әзірлейді. Аустралияда орман өрттерін ерте анықтау үшін жасанды интеллектпен жабдықталған бақылау камералары енгізілуде. Бұл құрылғылар түтін мен отты ерте кезеңде анықтап, жедел әрекет ету қызметтеріне өрт бақылаудан шықпай тұрып шара қолдануға мүмкіндік береді.

 

Міне, осы және өзге тәжірибелер мен технологияларды Қазақстан да тиімді енгізіп, қолдануға ниетті. Әсіресе дрондармен бақылау жасау, дрондарға арнайы датчиктер орнату, орман ішіндегі температураны өлшеу құрылғыларын қою, жасанды интеллект арқылы өрттің тарау картасын жасап үйрену және басқа әдістер қолданылмақ.

 

Қазақстан өртпен күресті тиімді ету үшін техникалар паркін де жаңартуда. Шетелден техника сатып алумен қатар, отандық техникаға да көңіл бөлінуде. Ол үшін арнайы лизингтік бағдарлама қабылданған. Жаңа өртке қарсы техника орман өрттерін тікелей сөндірумен айналысатын орман шаруашылығы мамандарының ұсыныстары негізінде әзірленген болатын.

 

Қазақстан орман өртімен күресу жолындағы ізденісті тоқтатпайды. Біз үшін орманды алқапты, тоғайды өлкені сақтап қалу аса маңызды.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар