Вашингтондағы жиын Орталық Азияның ұпайын түгендей ме?

Орталық Азия мен АҚШ арасындағы қарым-қатынас жаңа серпіліс алды. Қазақстан мен көршілес елдердің басшылары Вашингтонда өтетін саммитке дайындалып жатқан тұста, әлемдік БАҚ назарын аударып, аймақтағы геосаяси ахуалға жаңа түсінік беруге тырысуда. Бұл кездесу тек формальдылық емес, стратегиялық шешімдер қабылданатын сәтке айналып отыр.

1761728623846476.jpg

(Сурет: asiaplustj.info)

ВАШИНГТОНДАҒЫ ЖИЫН: ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ҺӘМ АҚШ

Қазақстан мен Орталық Азияның басқа елдері үшін алдағы аптадағы Вашингтон саммиті тек дипломатиялық рәсім емес, аймақтың геосаяси бағыт-бағдарын айқындайтын маңызды сәтке айналды.

6 қарашада өтетін «Орталық Азия + 1» форматы, яғни АҚШ пен бес Орталық Азия елінің көшбасшыларының кездесуі, аймақ үшін жаңа мүмкіндіктерді ашумен қатар, елеулі сын-қатерлерді де көрсетеді.

Соңғы күндері АҚШ президентінің Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Сержио Гор мен Мемлекеттік хатшы орынбасары Кристофер Ландаудың Қазақстанға келуі, сондай-ақ олардың Алматыдағы Шымбұлақ пен Медеуді аралап, жергілікті мәдениет пен табиғатқа баға беруі — символикалық деңгейде АҚШ-тың аймаққа деген қызығушылығын айқын көрсетті.

Кристофер Ландау әлеуметтік желілерде жариялаған фотосуреттерінде: «Мен мұнда өз үйімде жүргендей сезіне бастадым. Қасымда бүркіт және жаңа қазақ достарым. Алматы Қазақстан экономикасының жүрегі», - деп жазуы да дипломатиялық байланыстардағы формальдылықтан гөрі шынайылықты көрсетуге бағытталған.

САММИТ – СТРАТЕГИЯЛЫҚ МӘНГЕ ИЕ...

Дәстүрлі түрде Ресей ықпалында болған Орталық Азия елдері үшін АҚШ-пен тығыз байланыс, әсіресе транзиттік-логистикалық әлеует, энергетика мен критикалық минералдар, сондай-ақ сауда және инвестициялық жобалар тұрғысынан айрықша маңызды.

«Reuters» агенттігі атап өткендей, бұл кездесу аймақтағы АҚШ ықпалын күшейтіп, Ресей мен Қытай ықпалын баланстауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, әлемдік БАҚ сарапшылары бұл кездесудің аймақ елдеріне АҚШ-пен ұзақ мерзімді, тұрақты серіктестік орнатуға алғашқы қадам болатынын айтады, дегенмен нақты инвестициялық және экономикалық шараларсыз декларативті сипатта қалу қаупі бар екенін ескертеді.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Вашингтондағы саммитке шақыруы мен Дональд Трампқа жолдаған ризашылық хаты да аймақ үшін стратегиялық дипломатияның маңызды үлгісі болып отыр.

Ақорда хабарлағандай, Тоқаев президент Трамптың дәстүрлі құндылықтарға негізделген саясаты мен бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдауы Қазақстанның сыртқы саясатында маңызды бағдар ретінде қарастырылады.

«C5+1» ПЛАТФОРМАСЫ. АҚШ НЕ ДЕЙДІ?

Бұған қоса, саммитке Орталық Азияның барлық негізгі елдері — Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркменстан қатысады, бұл «C5+1» платформасының 10 жылдық мерейтойына да сәйкес келеді.

АҚШ Конгресінің Оңтүстік және Орталық Азия мәселелері бойынша комитет мүшелері Камлагер-Доу мен Хайзенга саммиттің аймақтық ынтымақтастықты күшейту, экономикалық байланыстарды кеңейту, қауіпсіздік және басқару саласында жаңа мүмкіндіктер ашу үшін маңызды деп атап өтті.

НАҚТЫ ИНВЕСТИЦИЯЛАРҒА ҚОЛ ЖЕТКІЗУ — ҚАЗАҚСТАННЫҢ АЛДЫНА ТҰРҒАН БАСТЫ МІНДЕТ!

Әлемдік сарапшылар Орталық Азия елдерінің саммиттен күтетін нақты нәтижелеріне назар аударады. Қазақстан үшін бұл, ең алдымен, экономикалық серпіліс, технологиялық трансферлер мен транзиттік дәзілдерді дамыту мүмкіндігі, сондай-ақ халықаралық аренада аймақтық лидер ретіндегі беделін арттыру үшін жол ашу болып табылады. Дегенмен, АҚШ тарапынан ұсынылатын нақты шаралар мен жобалардың жүзеге асырылуы уақыт талабы болып отыр. Сарапшылардың айтуынша, декларациялар мен сөздерге сүйеніп қалмай, нақты инвестициялар мен бірлескен бағдарламаларға қол жеткізу — Қазақстан басшылығының алдына тұрған басты міндет.

Бүгінгі жағдайда әлемдік геосаяси алаңда Орталық Азия бұрын-соңды болмаған деңгейде назарда. Ресейдің және Қытайдың ықпалы, халықаралық энергетикалық және логистикалық инфрақұрылымдағы сұраныстар, аймақтық қауіпсіздік мәселелері — барлығы Қазақстан мен көршілес елдер үшін шешімін таппаған күрделі факторлар.

Сол себепті, Трамптың шақыртуымен өтетін саммит тек дипломатиялық формальдылық емес, стратегиялық мүмкіндіктерді іске асыруға бағытталған нақты әрекет болуы тиіс. «Саясат – қолдан келгенді жасай білу өнері» деген сөз осы жағдайда өз мәнін толық ашады: Қазақстан басшылығы осы дипломатиялық мүмкіндік арқылы аймақтық және халықаралық аренада позициясын күшейтіп, ел мүддесіне сәйкес нақты нәтижелерге қол жеткізуге тиіс.

Орталық Азия мен АҚШ арасындағы кездесулердің өткір саяси мәні, символикалық және нақты экономикалық аспектілердің үйлесімі бұл саммитті тек аймаққа ғана емес, әлемдік геосаяси картаға да ықпал ететін оқиғаға айналдырады. Қазақстан үшін басты мақсат — декларацияларды нақты нәтижелерге айналдырып, аймақтағы көпвекторлы стратегиясын нығайту. АҚШ тарапынан ынтымақтастықтың айқын әрі ұзақ мерзімді бағдарымен қолдау бар болса, бұл кездесу Орталық Азия мен Америка арасындағы қарым-қатынастың жаңа дәуірін ашуы әбден мүмкін.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар