Жетісу облысы: Инфрақұрылымдық даму бағытында оң өзгерістер көп

Жетісу облысы – еліміздегі ең қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі. Табиғаты әсем, жері құнарлы, әлеуеті зор бұл аймақ бүгінде ел экономикасының маңызды тірегіне айналып отыр.

1761807716901218.jpg

(Суреттер: gov.kz, vlast.kz)

Облыс құрамына 8 аудан кіреді, барлығы 352 елді мекен бар, ал жалпы халық саны 692 948 адамға жетеді. Соңғы жылдары өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны айтарлықтай жеделдеп, ауыл мен қала келбеті түбегейлі жаңаруда. Мұның бәрі мемлекет тарапынан көрсетілген стратегиялық қолдау мен аймақ басшылығының нақты іс-қимылының нәтижесі екенін атап өту қажет.

ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫ: КӨРКЕМ ТАБИҒАТ ҺӘМ ҚАРҚЫНДЫ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та Жетісудің әлеуетіне ерекше назар аударып келеді. Жуырдағы жұмыс сапары барысында өңірдің дамуы туралы айта келіп, Президент туризмді дамытуға ерекше мән беру қажеттігін  ерекше атап өтті. Ол өз  сөзінде Алакөл мен Балқаштың туристік әлеуетін, «Алтынемел» және «Жоңғар Алатауы» ұлттық парктерін, сондай-ақ Текелідегі Шажа және Қора сайларының көркем табиғатын ерекше атады. Туризмнің дамуы тек табиғи тартымдылықпен шектелмейтінін, бұл бағыттағы негізгі мәселе инфрақұрылымның мінсіз жұмыс істеуінде екенін Президент нақты айтты. Сол себепті жол, су, электр және газ жүйелерін жетілдіру – өңірдің экотуризм әлеуетін толық ашудың басты шарты болып отыр.

ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУ ҚАЛАЙ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУДА?

Жетісуда соңғы екі жылда осы бағытта ауқымды жұмыстар жүргізілді. Облыстағы ұлттық парктерге апаратын жолдар жөнделіп, жаңа туристік нысандарға инвестициялар тартылды. Жалпы құны 3 миллиард теңгеден асатын жобалар іске асырылып, Лепсі–Балқаш тас жолының құрылысы алдағы екі жылда толық аяқталуға жақындап қалды.

Балқаш көлі маңында инженерлік-инфрақұрылымдық желілер тартылып, экотуризмді дамытуға және шағын бизнесті кеңейтуге мүмкіндік туды. Сонымен қатар, Ақтоғай–Ақши жоғары қуатты электр желісін тарту жұмыстары басталып, Үкімет тарапынан қатаң бақылауға алынды. Президент мердігерлердің жауапкершілігіне тоқталып, жобалардың ашықтық пен тиімділік принциптерінде жүзеге асырылуын тапсырды.

Осылайша, Жетісуда инфрақұрылымдық жобалар уақтылы әрі сапалы орындалып, халық пен кәсіпкерлердің сенімін арттыруға жол ашылды.

ӨҢІРДІ ГАЗБЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ҚАЛАЙ ЖҮРГІЗІЛУДЕ?

Біз аталған мәселелердің жауабын білмекке, Жетісу облысы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бойынша сандеректерді сұраттық.

Инфрақұрылым саласындағы нақты жетістіктердің бірі – тұрғындарды газбен қамту. «Жетісу облысын кешенді газдандырудың 2030 жылға дейінгі аймақтық схемасы» аясында 356 елді мекеннің 192-сі газдандыруға жататыны белгілі. Егер 2022 жылға дейін, яғни облыс құрылмаған кезде, бар болғаны 5 елді мекен көгілдір отынға қосылған болса, бүгінгі таңда газдандыру деңгейі 58,2 пайызға жетіп, 84 елді мекендегі 404,2 мың тұрғын табиғи газға қол жеткізді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылдың соңына дейін тағы 42 елді мекенге газ құбыры тартылып, ұзындығы 958 шақырым жаңа желі салынады. Нәтижесінде газбен қамтылған тұрғындар саны 500 мыңнан асады деп күтілуде, бұл көрсеткіш 71,4 пайызға жетеді.

Ең ауқымды жобалардың бірі – «Талдықорған–Ұшарал» магистральдық газ құбыры. Жалпы құны 124,8 миллиард теңге болатын бұл нысан 2025 жылғы 23 қазанда толық іске қосылды. Ұзындығы 302 шақырым құбыр бойында 6 газ тарату станциясы орнатылып, Ақсу, Сарқан және Алакөл аудандарының 66 елді мекені, яғни 130 мыңнан астам тұрғын көгілдір отынға қол жеткізді. Сонымен қатар, жеке инвестициялар есебінен тағы 84 елді мекен бойынша жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. Бұл жұмыстар аяқталған соң, облыстағы газдандырылған елді мекен саны 200-ден асады, ал тұрғындардың 90 пайызы табиғи газға қосылады деп күтілуде. Газбен қамтудың кеңеюі Жетісудың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін айтарлықтай арттырып, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартады, ал бұл өз кезегінде өңірдің экономикалық тұрақтылығына тікелей әсер етеді.

ҚУАТТЫ ӨҢІР – ҚУАТТЫ ЭКОНОМИКА: ЖЕТІСУДЫҢ ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫСТАРЫ

Қазіргідей ақпарат ағыны толассыз жүріп жатқан кезеңде өңірлерді дамыту мәселелерін, өңірлердің әртүрлі салалардағы қызметін, өңірлерде іске асырылатын жобаларды, инженерлік инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты, сондай-ақ тұрғын үй саясатын, көлік-логистика саласын, ауыз сумен қамтамасыз етуді және газдандыруды ақпараттық қолдап отыру және түсіндіру аса маңызды іс.

Бұл орайда, Жетісу облысының жөні бөлек. Ресми сандеректерге көз жүгіртсек, былтырғы жылы аймақта тұрғындарды газбен қамту деңгейі 56,5 пайызға жеткен. 2028 жылға қарай Жетісу облысы көгілдір отынмен толық қамтылады деп күтіліп отыр.

Ал тұрғын үй және жол құрылысы, туризмді дамыту бойынша қыруар жұмыс атқарылуда. Жетісудың туристік бағыты Алакөл, Балқаш көлдері, «Алтынемел», «Жоңғар Алатауы» ұлттық парктері, Жоңғар Алатауының тау массивтері секілді халық жиі баратын орындардың әлеуетіне иек артады. Экологиялық туризмді дамыту мақсатында Бұрханбұлақ сарқырамасы мен Жасылкөлге апаратын жол салу жоспарланған.

ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫ: ЭЛЕКТР ЖЕЛІСІМЕН ҚАМТУ ҚАЛАЙ ЖҮРГІЗІЛУДЕ?

Жетісу облысында энергетика саласында да айтарлықтай нәтижелер бар. 2023–2024 жылдары инвестициялық бағдарлама аясында 140 шақырым электр желісі мен 7 қосалқы станса жаңартылды. 2025 жылы ұзындығы 148,6 шақырым жаңа желілер тартылуда, ал бюджет есебінен 6 жоба жүзеге асып, 107 шақырым желі салынды. Нәтижесінде 5 мыңнан астам тұрғын тұрақты электр қуатымен қамтылды. Аймақтың негізгі энергетикалық жобаларының бірі – «Ақши» қосалқы стансасы. Ұзындығы 56,7 шақырым болатын 110 кВ желі Алакөл ауданындағы 300-ден астам демалыс аймағы мен ауылдардың электр тапшылығын түбегейлі шешті. Бұрын маусымдық жарық өшуі мен қуат тапшылығы туризмнің дамуын тежейтін болса, енді бұл мәселе толық шешімін тапты. Электр қуатымен қамтамасыз етілуі кәсіпкерлік пен туризмнің жаңа деңгейге көтерілуіне мүмкіндік беріп, жаңа жұмыс орындарын ашуға және жергілікті экономиканың өсуіне тікелей ықпал етуде.

АГРОСЕКТОРДЫҢ ӘЛЕУЕТІ ЗОР

Ауыл шаруашылығы да өңірдің дамуындағы басты бағыттардың бірі. Президенттің айтуынша, Жетісу өлкесінің табиғаты жайлы, жері құнарлы, су ресурстары жеткілікті, сондықтан бұл әлеуетті тиімді пайдалану қажет. Биыл республика бойынша 5 миллион гектардан астам пайдаланылмай жатқан жер мемлекет меншігіне қайтарылды, оның ішінде Жетісу облысында 100 мың гектардан астам жер анықталып, жартысы қайта бөлінді. Бұл ауылдардың маңындағы жер тапшылығын азайтып, жергілікті шаруалардың игілігіне беріліп, ауыл шаруашылығын дамытуға жаңа мүмкіндік туғызады. Жер ресурстарының тиімді пайдаланылуы өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, агроөнеркәсіптік кешеннің дамуына оң әсерін тигізуде.

Түйін: Бүгінде Жетісу облысы инфрақұрылым мен туризмнің қатар өркендеп жатқан өңіріне айналды. Газ, электр, жол және су жүйелерінің жаңаруы аймақ халқының тұрмыс сапасын арттырумен қатар, кәсіпкерлік пен туризмнің дамуына жол ашты. Табиғи байлық пен адам еңбегі үйлесім тапқан Жетісу нақты істер арқылы өркендеп, нәтижесін халық күн сайын сезініп отыр. Инфрақұрылым дамыған жерде тұрақтылық, ал тұрақтылық бар жерде даму бар. Сол себепті, бүгінгі Жетісу – ертеңгі өркендеген Қазақстанның айқын бейнесі.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар