Ақтоты Райымқұлова: Конституция – тәуелсіздіктің негізі!

2025 жылғы 29 қазанда Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова Әзербайжан Республикасының Милли Мәжілісі ұйымдастырған және Әзербайжан Республикасының Конституциясы қабылдануының 30 жылдығына арналған «Конституция – заманауи әлемдегі мемлекеттердің тәуелсіздігі мен егемендігінің негізі» атты халықаралық парламенттік конференцияда сөз сөйледі.

1761895720601266.jpg

(Сурет: Түркі мәдениеті мен мұрасы қоры)

Іс-шараның мақсаты – мемлекеттердің құқықтық негіздерін нығайтудағы конституцияның маңызын айқындау, сондай-ақ елдердің демократиялық дамуы мен адам құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етудегі конституциялық құндылықтардың рөліне назар аудару болды.

Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова бұл атаулы мерейтоймен Әзербайжан халқын және мемлекетін құттықтап, 1995 жылы қабылданған Конституция қазіргі Әзербайжанның тұрақтылығының, заң үстемдігінің және адам құқықтарының кепілдігінің негізін қалағанын, сондай-ақ елдің тәуелсіздігі мен егемендігін нығайтуда маңызды рөл атқарғанын атап өтті. Ол осы құқықтық құжаттың Ұлт Көшбасшысы Гейдар Әлиевтің дана басшылығының нәтижесінде қалыптасқанын және Президент Ильхам Әлиевтің жетекшілігімен жүргізіліп жатқан табысты реформалардың арқасында одан әрі күшейе түскенін ерекше атап көрсетті.

Ақтоты Райымқұлова сондай-ақ Президент Ильхам Әлиевтің 2025 жылды «Конституция және егемендік жылы» деп жариялауы елдің егемендігі мен аумақтық тұтастығының толық қалпына келуінің символы екенін атап өтті. Ол конституциялық қағидаттардың енді Қарабақ пен Шығыс Зәңгезурді қоса алғанда, елдің барлық аумақтарында жүзеге асырылуы тарихта мақтанышпен аталатын оқиға ретінде орын алғанын айтты.

Әзербайжан Республикасының Милли Мәжіліс төрайымы Сахиба Ғафарованың жетекшілігімен өткен іс-шарада Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым, Түркияның Ұлы Ұлттық Мәжілісінің мүшесі Шамиль Айрым, Өзбекстан Олий Мәжілісі Сенатының сот-құқықтық мәселелер және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі комитетінің төрағасы Абдулхаким Эшмуратов, Біріккен Араб Әмірліктері Федералдық Ұлттық Кеңесінің төрағасы Сакр Гобаш, Беларусь Республикасы Ұлттық жиналысы Республика Кеңесі төрағасының орынбасары Владислав Татаринович, Италия Депутаттар палатасының мүшесі Эудженио Дзоффили, Пәкістан Сенатының төрағасы Сайед Юсуф Раза Гилани, Румыния Сенатының төрағасы Мирча Абрудян, Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің мүшесі Наталья Кувшинова, Сербия Халық жиналысы төрағасының орынбасары Йован Янчич, Тәжікстан Жоғары жиналысы Өкілдер палатасының төрағасы Файзали Идизода, сондай-ақ Толеранттылық пен бейбітшілік жөніндегі жаһандық кеңестің (GCTP) президенті Ахмед Әл-Джарван сөз сөйледі.

Қатысушылар қазіргі мемлекеттердің құқықтық негіздерін нығайтудағы конституциялардың рөлі, егемендік пен ұлттық тәуелсіздікті қорғау мәселелері жөнінде пікір алмасты.

Конференция аясында қонақтар мен қатысушылар қазіргі тәуелсіз Әзербайжанның негізін қалаушы және сәулетшісі Гейдар Әлиевтің құрметіне арналған Құрметті жерлеу аллеясындағы бейітіне гүл шоғын қойды.

Одан кейін олар Шейіттер аллеясына барып, Әзербайжанның еркіндігі мен тәуелсіздігі жолында жанын пида еткен қаһармандардың рухына тағзым етіп, «Мәңгілік от» мемориалына гүл шоғын қойды.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар