Қазақ даласындағы ақ алтын: Күріш шаруашылығы қалай дамуда?

Еліміз ауыл шаруашылығына ерекше мән береді. Экономикамыздың 5 пайызға жуығын ауыл шаруашылығы құрайды. Статистика бойынша еліміздің 7,5 млнға жуық азаматы ауылдық аймақтарда тұрады. Ауыл халқын қолдаудың бірден-бір тетігі ауыл шаруашылығын қолдау болып табылады. Оның ішінде мал шаруашылығы мен агросаланы қолдау ерекше мәнге ие. Бұл ауыл халқының әл-ауқатын көтеру және еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету деген сөз. Осы мақсатта мемлекет шаруаларға арнап арнайы бағдарламалар ашып, субсидия беруде.


photo_2024-08-14_14-17-30-scaled.jpg

     (Сурет golosstepi.ru сайтынан алынды)


Қазақстан билігі агросаланы дамытуда күріш шаруашылығын да назардан тыс қалдырған емес. Елімізде күріш төрт облыста өсіріледі. Күріштің басым бөлігі Қызылорда облысындағы алқаптарда жайқалып тұр. Алматы, Түркістан және Жетісу облыстарында да күріш өсіріледі.

 

Күріш мол өнім беретін дақылға жатады. Гектарынан 80 центнерге дейін өнім алуға болады. Алайда соңғы жылдары өнім көрсеткіші азаюда. Сарапшылар бұл мәселені су тапшылығымен түсіндіруде. Қызылорда облысында Сырдария өзенінің деңгейі түскен. Бұл күріш алқаптарының азаюына да әсер етеді. Су тапшылығы жалпы әлемдік мәселеге айналуда. Орталық Азияда оның айқын көріністері байқала бастады және бірқатар шаруашылыққа соққы жасап үлгерді.

 

Мамандар мәселені реттеу үшін түрлі тәжірибе жасауда. Суды аз қажет ететін күріш түрлерін егу, суды үнемдеу технологияларын пайдалану іске асуда. Диқандар шетелдік мамандармен пікір алмасып, тәжірибе жинақтауда. Ғылыми техниканың жетістіктерін пайдалануда. Қазақстан билігі шаруаларға арнап арнайы субсидия беруді, су үнемдеу технологияларын жеңілдікпен алуға көмектесуді қолға алуда.

 

Биыл Қазақстан ғалымдары суды аз тұтынатын «Сыр сұлуы» атты күріштің сұрыбын ойлап тапты. Аталмыш сұрыпты күріш өсімтал келеді және жылдам піседі. Сәйкесінше суды да аз қажет етеді. Күріштің бұл түрі 110-115 күнде оруға жарамды болмақ, ал диқандар көп пайдаланатын ресейлік сұрыптар 120-125 күнде жетіледі. Қазақстан ғалымдары шығарған сұрып барлық жағынан тиімді екенін көрсетуде.

 

Қазақстан өзін күрішпен толық қамтамасыз ететін мемлекет саналады. Күріш шаруашылығын қолдау, диқандарға жағдай жасау, арнайы бағдарламалар санын арттыру мемлекет үшін басымдыққа ие бағыт.


Mezgil.kz

 

 

 

 



Ұқсас тақырыптар