Соңғы сәтте бас тартты: Уақыт қысып барады, ал "Лукойл" қиын жағдайда қалды!

«Лукойл» компаниясы АҚШ-тың қатаң санкцияларына байланысты шетелдегі активтерін сатуға жанталасып жатыр. Компанияның акцияларын Gunvor сатып алмақ ниетте екенін айтты. Келісім құны 22 млрд доллар деп көрсетілді. Алайда соңғы сәтте келісім жасалмайтын болды. Бұл туралы The Financial Times жазды.


original.jpg

 

АҚШ-тың Қаржы министрлігі өзінің X (бұрынғы Twitter) парақшасында арнайы жазба қалдырып, Gunvor-ға «Лукойл» акцияларын басқару бойынша лицензия бермейтінін айтты. «Путин мағынасыз соғысты жалғастырып, адамдарды өлтіруді іске асырып жатқан сәтте, лицензия берілмейді» деді АҚШ тарапы. Сарапшылар Gunvor бірлестігін Путинмен байланысы бар деп санайды.

 

АҚШ-тың мәлімдемесінен кейін, Gunvor ресми түрде «Лукойлдың» шетелдік активтерін сатып алу жоспарынан бас тартатынын айтты. Бұған дейін компания «Лукойлмен» келісім жасалмаса, Еуропада жанармай тапшылығы пайда болып, кей жұмыс орындары тоқтайтынын ескерткен еді.

 

Gunvor компаниясы АҚШ-тың Қаржы министрлігі мен сарапшылардың айыптауларын жоққа шығаруда. Компания Ресейдегі барлық активтерін сатып жібергенін, ресейлік тараппен байланысты үзгенін айтуда.

 

Швейцарияның Gunvor компаниясы 1990-жылдары құрылды. Компанияның негізін Торбьорн Торнквист пен Геннадий Тимченко қалады. Олар Путиннің жақын серіктестері саналады. АҚШ-тың Қаржы министрлігі 2014 жылы Путиннің Gunvor компаниясында инвестициясы барын айтты. Алайда компания бұл ақпаратты жоққа шығарумен келеді, ал Ресей билігі бұл сұраққа жауап берген емес.

 

Ресей тарапы Қырымды отарлаған сәтте, АҚШ Тимченкоға санкция салды. Тимченко компаниядағы үлесін Торнквистке сатты. Сол сәттен бері Торнквист Gunvor компаниясының бас директоры болып отыр. Gunvor компаниясы Тимченконың қазір компанияға еш қатысы жоғын айтуда. Бірақ сарапшылар бұл ақпаратқа күмәнмен қарайды.

 

«Лукойл» компаниясының шеттегі активтерін енді қандай компанияның сатып алары белгісіз. АҚШ тарапы салған санкциялар 21-қарашада өз күшіне енеді. Сарапшылар 21-қарашадан кейін, Еуропадағы «Лукойлға» тиесілі жанармай бекеттері мен МӨЗ-дер жұмысын тоқтатуы мүмкін деп болжайды. Бұл шешімнің Румыния, Болгария және Шығыс Еуропадағы өзге елдерге әсері болмақ.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар