Ресей үшін соғыс — жай ғана саясат, өмір сүру тәсіліне айналған құбылыс. Бұл елде билік кімнің қолында болса да, басқарудың негізгі құралы — қорқыныш пен күш көрсету.

(Сурет: telegraf.com)
Қоғам соғыс идеологиясымен тәрбиеленіп, ұрпақтар бойына «жаумен күресу» ұғымы батыл сіңірілген. Мәскеу үшін бейбітшілік — әлсіздік, ал соғыс — тұрақтылықтың кепілі. Осы түсінік Ресейдің бүгінгі саяси болмысын айқындап отыр.
РЕСЕЙ ҚАРУЫН КІМДЕРГЕ КЕЗЕДІ?
Кеңес Одағы құлағаннан кейін Мәскеу өз ықпалын арттыру үшін көрші елдердің ішкі ісіне араласуды тоқтатпады. 1990 жылдардан бері Ресей кемінде 8 ел мен аймақта қарулы қақтығысқа қатысқан.
Алғашқысы — Тәжікстан. 1992–1997 жылдары бұл елде азаматтық соғыс жүріп жатқанда, Ресей өзін «бейбітшілік орнатушы» ретінде көрсеткенмен, шын мәнінде билік құрылымдарына араласып, өз ықпалын күшейтті.
Сол кезеңде Грузияның Абхазия аймағындағы соғысқа да араласып, сепаратистерді ашық қолдады. Нәтижесінде Абхазия Тбилисиден бөлініп, Мәскеудің тікелей бақылауына өтті.
Кейін Ресейдің ішкі жау іздеу саясаты Шешенстанда қантөгіске ұласты. 1994 жылы басталған Бірінші Шешен соғысы жүз мыңға жуық адамның өмірін жалмады, ал 1999 жылы екінші соғыс қайта тұтанып, Ресей республикаға толық үстемдігін орнатты. Осылайша Мәскеу «бірлік» пен «тұрақтылық» ұғымдарын күш қолдану арқылы орнатуды дағдыға айналдырды.
2008 жылы тарих қайталанды — Ресей Грузияға әскер кіргізіп, Оңтүстік Осетия мен Абхазияны іс жүзінде өз аумағына айналдырды.
2014 жылы Украинадағы жағдай жаңа кезеңнің басы болды: Ресей Қырымды аннексиялап, Донбаста соғыс отын тұтатты. Бұл әрекет Мәскеудің бұрынғы шекараларды қайта қарау амбициясын айқындады.
Ал 2022 жылы Кремль ашық басқыншылыққа барып, Украинаға толық ауқымда соғыс ашты.
КРЕМЛЬДІҢ СОҒЫС САЯСАТЫ РЕСЕЙДІҢ ӨЗІН ЖҰТЫП ЖАТЫР...
Бүгінде бұл соғыс тек Еуропаны емес, Ресейдің өзін де жұтып барады. Сарапшылардың пікірінше, Ресейдің соғыс жүргізу қабілеті экономикаға емес, қоғамның төзім деңгейіне байланысты.
Кей деректе Ресей 220 мыңнан астам адамынан айырылды деген мәлімет бар, бірақ бұл сан ресейліктердің ашу-ызасын оята қойған жоқ. Себебі соғыс елдің ішкі мәдениетіне айналған. 2022 жылдан бері армия негізінен жалдамалы әскерге сүйенеді, бұл Кремльге халықты жаппай мобилизацияламай-ақ соғысты жалғастыруға мүмкіндік беріп отыр.
Алайда шексіз соғыстың өз құны бар. Экономика әлсіреп, халықтың табысы тоқырады, ал билік армияны қаржыландыру үшін салықтар мен алымдарды көбейтті. Интернетке шектеу, жаңа «утилизация салығы», цензура мен бұғаттаулар — барлығы да ресейліктердің күнделікті өмірін тұсаулауда.
РЕСЕЙЛІКТЕР СОҒЫСТАН ШАРШАДЫ МА?
Кремльдің тапсырысымен жүргізілген ВЦИОМ-ның жабық сауалнамасы да осыны айғақтайды: ресейліктердің 83 пайызы соғыстан шаршағанын мойындаған. Оның 56 пайызы «соғысқа мүлде төзімім қалмады» десе, тағы 27 пайызы «ішінара келісемін» деп жауап берген. Соғысты жалғастыруды қолдайтындар үлесі 20 пайыздан төмендеген. Бұл — Ресей қоғамындағы ішкі шаршаудың, үнсіз наразылықтың айқын көрінісі.
Зерттеушілердің мәліметінше, ресейліктердің материалдық жағдайы күрт нашарлаған. Бұл халықтың үмітін емес, төзімін ғана ұзартып отырған жүйенің ұзаққа бармайтынын көрсетеді. Ал цензураға қатысты көзқарас та өзгеруде: халықтың тек 24 пайызы ғана интернет-платформаларын бұғаттауды қолдайды. Қалғандары оны жеке өмірге қол сұғу деп есептейді.
Түйін: Бүгінгі Ресей – соғыс жағдайында өмір сүруге әбден үйренген мемлекет. Соғыссыз ол өз болмысын жоғалтқандай күй кешеді. Бірақ енді бұл жүйенің ең басты жауы — сыртқы әлем емес, ішкі шаршау мен үнсіз наразылық. Кремль бейбітшілік жайлы айтқан сайын, халық соғыстың шындығын анық сезіне түсуде.
Қазір Ресейдің алдында бір ғана таңдау қалды: не өз идеологиясының тұтқынында өмір сүру, не болашағын бейбіт жолмен қайта құру. Бірақ тарих көрсеткендей, Мәскеу әзірге бірінші жолды таңдаудан бас тартар емес.
Mezgil.kz