Мәскеу идеологтары Кишиневке кәрін төгуде: «Молдова егемендігін жоғалтады»

Әлгінде Молдова Кишиневтегі «Орыс үйін» жапқан еді. Бұған Мәскеу бұлқан-талқан болуда. Осыдан соң Молдоваға қарсы ақпараттық шабуыл үдеді. Соның ішінде «Молдовадағы қос тілді қоғам арасындағы қайшылықтар» мен «Молдова билігіндегі ұлтшылдар» т.б. тақырыптар Ресей пропагандалық кеңістігінде қаңтардың қарлы боранындай бұрқырап жатыр...

1763633098675608.png

(Сурет: dialog.ua)

Кремльдің айтқанымен жүріп, айдауымен үретін БАҚ Молдованы «ұлтшылдар билейтін, егемендігін жоғалтқан, халқының кемінде жартысы Ресейді қолдайтын ел» деп көрсетуде.

Ресей баспасөзі Молдова мен оның билігіне қарсы дезинформациялық кампанияны күшейтті. Кремль пропагандасы еш дәлелсіз: «Бұрынғы кеңестік республиканың проеуропалық билігі нацизмді насихаттап, Брюссельдің нұсқауымен ресейлік мәдениетті жояды», - деп мәлімдеп отыр. Әрі «халықтың жартысы Ресеймен жақындасуды қолдайды» деген жалған ақпарат таратуда.

Бүгін Mezgil.kz ақпараттық порталы оқырмандарына Молдоваға қатысты ресейлік пропаганданың мифтері мен тәсілдерін талдап ұсынамыз...

БІРІНШІ МИФ – МОЛДОВА НАЦИЗМДІ МАДАҚТАЙДЫ

Қарашаның ортасында ресейлік РИА Новости: «Молдова 12-сыныпқа арналған «Румындардың тарихы және жалпы тарих» оқулығында Румынияның 1940–44 жылдардағы диктаторы және премьер-министрі Йон Антонескуді «қаһарман» ретінде көрсеткен», - деп жазды.

Ресейлік БАҚ: «Аталған оқулық фашистік Румынияның Екінші дүниежүзілік соғыста нацистік Германия жағында соғысқанын толықтай ақтайды және кеңес солдаттарын «басқыншылар» деп атайды», - дейді.

Анығы: Молодовалық сарапшылар: «Негізінен оаталған оқулықта Екінші дүниежүзілік соғыс оқиғалары ешқандай бағалау-пікірлерсіз баяндалған. Сонымен қатар, аталған кітапта саяси режим құрбандарының нақты саны жазылған.  Оқулықта кеңес әскері Бессарабияның, Буковинаның және Батыс Молдованың бір бөлігін «оккупациялады» деп жазылғаны рас. Бірақ орыс тілінен айырмашылығы, румын тіліндегі «ocupa» сөзінің негативті реңкі жоқ. Дәл аудармасы: «кеңес әскері аталған аумақтарды басып алды».

Ресейлік БАҚ: «Оқулық кеңес әскерін «оккупант» деп атайды», - деп, румын сөзін әдейі қате аудара отырып, шындықты бұрмалап отыр.

Ресейлік БАҚ: «1941 жылы Кеңес Одағына басып кіру кезінде қаза тапқан нацистік Румыния әскери қызметкерлеріне» ескерткіш ашты», - деп айыптады.  Шын мәнінде ескерткіш – 1941 жылғы Бессарабия үшін шайқастарда қаза болған төрт шекарашыға арналған православиелік крест. 1940 жылы КСРО бұл өңірді аннексиялаған, ал 1941 жылы румын әскері оны қайта бақылауға алған. Ескерткіш 1943 жылы орнатылған, 1960 жылы Молдова КСР билігі кресті де, шіркеуді де жойған (Дереккөзі: pointmedia.io).

ЕКІНШІ МИФ – МОЛДОВА ЕО-ҒА ҚОСЫЛЫП, ЕГЕМЕНДІГІН ЖОҒАЛТАДЫ

Кремльдің тағы бір сүйікті нарративі – еуроинтеграция нәтижесінде Молдованың егемендігін жоғалтуы. Ресейлік БАҚ қазір оппозицияда жүрген бұрынғы президент, Ресейшіл Игорь Додонның сөздерін таратады. ТАСС, РИА Новости және «Звезда» телеарнасы Додонның: «ЕО-ға вето құқығынсыз кіру – толық егемендіктен бас тарту», - деген мәлімдемесін жарыса цитата етеді.

Додон Молдованың ЕО-ға кіруі вето құқығынсыз болатынын дәлелдейтін фактілер келтірмейді.

Анығы: Мұндай механизм – вето құқығын шектеу – ЕО-ның бұрынғы интеграцияларында да болған. Молдованың бұрынғы вице-премьері Нику Попескудың айтуынша, 1995 жылы ЕО-ға кірген Австрия мен Финляндия да дәл осылай вето құқығы уақытша шектеліп қосылған. Бірақ, ол кезде «Австрия мен Финляндия ЕО-ға кіргенде егемендігін жоғалтты» деп ешкім байбалам салмаған.

ҮШІНШІ МИФ - БӨЛІНГЕН МОЛДОВА

Ресейлік пропаганда өз мәтіндерінде Молдованы «екіге бөлінген ел» ретінде көрсетеді, 2025 жылдың 28 қыркүйегіндегі парламенттік сайлауды тілге тиек етеді.

РИА Новости «Бұрынғы молдовалық депутат елдің бірпартиялық жүйеге қалай бет алғанын айтты» атты мақаласында Кремльдің Молдова саяси жағдайына қатысты негізгі тезистерін жинақтайды. Онда былай делінеді: «28 қыркүйектегі парламенттік сайлау қорытындысы бойынша дауыстар президент Майя Сандудың басқарушы батысшыл «Әрекет және ынтымақ» партиясы (ПДС) мен Ресейге бағытталған оппозиция арасында теңдей бөлінді. ПДС – 50,2%, оппозициялық партиялар, соның ішінде Патриоттық блок – 49,8%. Билік партиясы артықшылықты Еуропадағы молдовалық диаспораның дауыстары есебінен алды, ал оппозиция ел ішінде жеңді».

«Economist» басылымының дерегі бойынша, Молдова сайлауына «ондаған миллион доллар» құйған Кремль жеңілісті әлі күнге дейін қабылдай алмай отыр. Пропаганда дауыс тең бөлінді деп мәлімдейді, бірақ бұл шындыққа жанаспайды. Шын мәнінде жағдай әлдеқайда күрделі. Оппозициялық партиялардың ішінде ашық проресейлік күш – тек Патриоттық сайлау блогы (24,17%). Қалғандары қатаң проресейлік күштер емес.

Мысалы, үшінші орын алған «Альтернатива» блогы – проеуропалық; ол Сандуды экономика үшін сынайды, бірақ ЕО-ға кіру бағытын қолдайды. Төртінші орын алған «Біздің партия» бұрын ашық проресейлік еді, бірақ өз позициясын жұмсартты, 2020 жылғы президенттік сайлауда Додонды қолдаудан бас тартты және 2024 жылғы ЕО референдумының алдында ЕО-ға қарсы үгіт жүргізбеді. Бесінші орынды «Үй демократиясы» алды; ол Молдованы Румыниямен біріктіруді жақтайды (демек, ЕО-ға кіруді де), бұл Ресей пропагандасына түбегейлі қарсы.

РЕСЕЙДІҢ ЖҰМСАҚ КҮШІ МЕН ҚАТАЛ ИДЕОЛОГИЯСЫ

Жалпы алғанда, ресейлік пропаганда Молдованы «нацистер билеген», еуроинтеграция салдарынан егемендігін жоғалтқан, халқы «екіге бөлінген» ел ретінде көрсету үшін жүйелі түрде жалған ақпарат таратуда. Ал шындық мүлде басқа: оқулықтар Антонескуді мадақтамайды, сайлау нәтижелері проеуропалық бағытқа тұрақты қолдау барын көрсетеді, ал сандармен манипуляция тек Кремльдің дезинформация мүддесіне қызмет етеді.

Кремльшіл «сарапшылар» және ресейлік шенеуніктер Молдова ЕО-дан келетін «лиералды-русофобиялық күн тәртібімен» басқарылады деп мәлімдейді. Бұл сөздерге дәлел жоқ: молдовалық билік тек ЕО-ға кіруге ұмтылады және Ресейдің Украинадағы агрессиясын айыптайды.

Ресейлік БАҚ-тағы мұндай мәлімдемелер Молдова билігінің Ресей ғылым және мәдениет орталығын (Орыс үйі) жабу туралы шешімімен байланысты. РЦНК – шетелде Ресейдің «жұмсақ күшін» ілгерілететін Россотрудничествоның ресми өкілдігі. Россотрудничество ЕО санкцияларының астында, себебі ол «орыс әлемі» идеясын және Ресейдің Украинадағы соғысын насихаттайды. Санкциялар енгізілгеннен кейін Румыния, Словения, Словакия, Хорватия, Македония және Черногориядағы осыған ұқсас орталықтардың барлығы жабылды.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар