Новороссийскідегі шабуылдан кейін Каспийдің бергі жағында отырған Қазақстан дипломатиялық толқынның дәл ортасына түсті.

(Сурет: delo.ua)
Қазақстан КТК терминалына жасалған соққыдан кейін алаңдаушылық білдіргенде, Киев бірден жауап қатты. Бірақ бұл жауап жай дипломатиялық түсіндіру емес, Астанаға бағытталған нәзік те қатқыл ескертуге көбірек ұқсайды. Украина Қазақстанның алаңын түсінетінін айтты, шабуыл Қазақстанға бағытталмағанын жеткізді, дегенмен сонымен бірге Қазақстанның үнсіздігіне ишара жасап өтті.
Киев өз позициясын жасырмай айтты: олар Мәскеудің әскери әлеуетін әлсіретуге тырысып жатыр, себебі Ресей күн сайын Украина қалаларын бомбалап, бейбіт тұрғындарды қырып, миллиондаған адамды жарықсыз, жылусыз қалдырып отыр. Соның алдында ғана Ресейдің тоғыз сағаттық дрон-шабуылынан кейін Киевтің жарты миллионы жарықсыз қалды, ондаған адам жараланды, бірнеше бейбіт тұрғын көз жұмды. Украина осының бәрінде Қазақстан тарапынан бірде-бір айыптау мәлімдемесі болмағанын еске салды. Бұл — Астанаға бағытталған ашық реніштің белгісі.
Тоқаевтың бұған дейінгі сөзі белгілі: Қазақстан бұл соғыста медиатор да болғысы келмейді, ешкімнің жағына да шыққысы келмейді, тек бейбіт шешімді қолдайды. Бірақ геосаясаттағы Қазақстанның бейтараптығы екі тарапқа да ұнай бермейді. Ресей бізден «үнсіздіктен гөрі ашық қолдау» күтсе, Украина бүгін «үнсіздік — әділетсіздікке жақтасу» деген мағынада пікір білдірді. Бұл — біздің сыртқы саясатымыздың әлсіз тұсын айқын көрсетіп берді: Астана тепе-теңдікке ұмтылады, бірақ әлем бізден нақты позиция күтеді.
Сыртқы саясатта — әлем екіге бөлініп, біз бір тармақпен Мәскеуге, екінші тармақпен Киевке, үшінші тармақпен Батысқа қарауға мәжбүрміз. Әрқайсысы өз шартын қояды, өз мүддесін итермелейді. Қазақстан ешкіммен текетірескісі келмейді, бірақ ешкімге тәуелді де болып көрінгісі жоқ. Бірақ енді бұрынғыдай үнсіз отыру қиын: соғыс қаншалық жалғасса, үнсіз елдерге бағытталған сұрақтар да соншалық көбейе береді.
Mezgil.kz