НАТО-ның қатал жауабы: Путин Еуропаға соғыс аша ма?

Әлгінде Ресей президенті Путин Еуропамен соғыс тақырыбында ашық пікір білдіріп, «ұрыста тұрыс жоқ» деген ұстанымын білдірді.

1764838940823322.jpeg

(Сурет: hvylya.net)

ПУТИН ЕУРОПАМЕН СОҒЫСПАҚ ПА?

Мәскеуге АҚШ-тан арнайы өкілдер келіссөз жүргізу үшін барған күні Ресей президенті БАҚ алдында сөз сөйлеп, Еуропа мен Ресей арасы күн санап суып бара жатқанын, болашақ соғыстың сұлбасы көріне бастағанын айтты.

«Еуропамен соғысу туралы ойымызда жоқ. Мен бұл жайлы жүз рет айттым. Ал енді Еуропа бізбен соғысқысы келе қалса, біз тап қазір соғысуға дайынбыз», - деді Путин.

Онан әрі Ресей басшысы: «Бұндай соғыс бола қалса, соңы немен тынары бесенеден белгілі. Еуропа үшін жақсы емес. Түбінде бізбен келісім жасасатын ешкім қалмай қалуы мүмкін», - деп лепіріп сөйледі.

Бір уақта: «Еуропа Украинадағы соғысты бейбіт реттеу процессінен өзін өзі шығарып тастады. Олар Ресей үшін мүлде қабылданбайтын талаптарын бейбіт келісімге енгізуге тырысты. АҚШ пен Украина келіссөздері кезінде сол талаптар АҚШ жоспарына енгізілді. Біз ол талаптарды қабылдай алмаймыз. Ал Еуропа Трам пәкімшілігіне бейбітшілікке қол жеткізуге кедергі келтіруде», - деді.

Сөз түйінінде: «Еуропа соңғы айларда Ресейді стратегиялық жеңіліске ұрындыратындай соққы беру туралы тезисті белсенді талқылауда. Бұл бос қиял, және Еуропа сол қиялмен өмір сүруде. Еуропаның бейбітшілік жоспары жоқ. Демек, ол да соғыстың жалғасуын қолдаушы тарап саналады», - деді Путин.

НАТО-НЫҢ ПУТИНГЕ ҚАТАЛ ЖАУАБЫ

Ресей президенті Путиннің «Еуропамен қазір соғысуға дайынбыз» деген сөздеріне НАТО реакция білдіріп, былай деді:

«Ресей армиясы тап қазір Еуропамен соғысса, жеңетін хәлде емес. Ресей Еуропаны әскери жолмен жеңе алмайды. НАТО қазір бұрын-соңды болмаған деңгейде ұжымдасып отыр және одақтастарды қорғауға қабілетті. Ал Ресейдің әскер саны да, техникасы да бізді жеңуге жеткіліксіз», - деді алянстың жоғарғы лауазымды шендісі.

Осыған дейін Германия Қорғаныс министрлігінің Бас штабы мен НАТО Бас хатшысы Марк Рютте алянстың өзге де әскери басшыларының аналитикасына сүйеніп: «Ресей алдағы 5 жылдың ішінде НАТО аумағына шабуыл жасайды», - деп мәлімдеген еді.

Ал биыл қарашада Франция Қорғаныс министрлігінің Бас штаб бастығы Фабьен Мандон: «Ресей Украинадағы соғыстың ауқымын кеңейтті. Қазір бұл соғыс жаһандық сипат алды. Барлау мәліметтері НАТО елдеріне болжалды қақтығыстарға дайын болу қажет екенін дәлелдейді», - деп мәлімдеген.

САУАЛНАМА: ЕО ХАЛҚЫ РЕСЕЙМЕН СОҒЫСҚА ДАЙЫНДАЛУДА...

«Grand Continent» басылымы жуырда Еуропа елдерінде жүргізілген сауалнама қорытындысын жариялады. ол бойынша – Еуропа елдерінің халқы Ресеймен соғыстың ықтималдылығы жоғарғы екендігін айтқан.

«Cluster17» компаниясы Германия, Франция, Италия, Испания, Польша, Нидерланды, Бельгия, Португалия және Хорватия аумақтарында сауалнама жүргізген. Нәтижеде: ЕО елдерінің 51 пайыздан астамы – «Ресеймен соғыстың ықималдығы жоғары» деп есептейді. Ал 46 пайызы керісінеше пікірде. Соның ішінде: Польша халқының 77 пайызы, Италияның 65 пайызы: «Түбі Ресеймен соғыс болады» деп есептейді.

Еуропа халықтарының 15 пайызы – «қауіп Қытайдан» десе, 17 пайызы Иранды, 10 пайызы АҚШ-ты агрессор ретінде атаған.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар