Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кәсіпкерлікті қолдау, экономиканы әртараптандыру, экспортты арттыру және цифрландыру жөніндегі бастамалары елдің бизнес ландшафтын түбегейлі өзгертіп келеді.

(Сурет: Спикердің мұрағатынан алынды)
Мемлекет басшысы енгізген «Мейірім» ордені әлеуметтік жауапкершілікті күшейтуді көздесе, жаңа Салық кодексі, цифрландыру саясаты, ШОБ-ты қолдау шаралары мен «Бір ауыл – бір өнім» сияқты бағдарламалар өңірлік дамуға серпін беруді мақсат етеді. Осы бастамалардың бизнеске әсері, олардың тиімділігі, сондай-ақ кәсіпкерлер мен мемлекет арасындағы өзара іс-қимылдың қалай өзгеріп келе жатқаны туралы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Серік Сәрсенұлы Ерубаев өз көзқарасын ортаға салды. Депутат мемлекеттік саясаттың басты сын-тұстарын да, бизнеске жаңа деңгейге шығуға көмектесетін факторларды да ашып көрсетті.
- Президент тағайындаған «Мейірім» ордені Қазақстан кәсіпкерлері арасында қайырымдылық мәдениеті мен әлеуметтік жауапкершіліктің дамуына қалай әсер етуі мүмкін?
- Біріншіден, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сөзінде айтып өткендей, бұл марапат еліміздегі барша бизнес өкілдеріне деген айрықша құрметтің белгісі болмақ. Бұл арнайы Орденнің енгізілуі — қайырымдылық пен әлеуметтік жауапкершілікті насихаттаудың құралы деп ойлаймын.
Жалпы, бұл марапат кәсіпкерлерді әлеуметтік жобаларға тартуға өз ықпалын тигізу қажет.
- Мемлекет басшысы белгілеген қандай шаралар, Сіздің ойыңызша, өсіп келе жатқан ЖІӨ жағдайында дайын өнім экспортын тұрақты арттыру үшін ең тиімді болып табылады?
- Ең тиімді шараларға әрине еліміздегі жалпы терең өңдеу өнеркәсібін дамыту, оған инвестиция тартуды жатқызуға болады.
Сонымен қатар экспортқа арналған арнайы субсидиялар, халықаралық нарыққа шығу бойынша мемлекеттік қолдаулар, салықтық ынталандырулар ең тиімді деп ойлаймын.
- Шағын және орта бизнестің Қазақстан экономикасының өсуіне және экспорттық әлеуетіне қосып отырған үлесін қалай бағалайсыз?
- Шағын және орта бизнес жұмыс орындарының негізгі көзі, ол нарықта бәсекені күшейтеді, жергілікті экономиканы дамытатындықтан үлесі айтарлықтай көп.
- Бүгіндегі шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдау қаншалықты тиімді, және кәсіпкерлерді дамудың жаңа деңгейіне шығару үшін қандай шаралар қажет деп санайсыз?
- Жалпы, мемлекеттік қолдаудың тиімділігі жоғарылау бағытында деп ойлаймын. Бірақ жергілікті әкімшілік органдар мен бизнес арасында кейде конструктивті диалог болмағандықтан көптеген мәселелер өз шешімін таба алмай кетеді.
Сонымен қатар бизнес үшін мемлекеттік органдарға бюрократияны азайту қажет деп ойламын, көптеген процесстерді автоматтандыруға болады.
Қосымша шараларға осыны, яғни цифрландыруды жатқызу болады деп ойламын. Кейбір мемлекеттік қызметтерді бизнес ұзақ уақыт бойы қол жеткізе алмай жүретін кездер болады. Оларды цифрландырып, ашықтық пайда болса, сонда жемқорлық фактілері де азаяды.
- Жаппай цифрландыру мен жасанды интеллектті енгізу жағдайында мемлекет пен бизнес өзара іс-қимылы қалай өзгеруі мүмкін деп ойлайсыз?
- Жаппай цифрландыру мен жасанды интеллектті мемлекеттік қызметтерді автоматтандырып, шешім қабылдауды жеделдетеді. Мысалы кейбір рұқсат құжаттарды автоматты түрде бірден алуға болады.
Бизнес үшін бұл — әкімшілік кедергілердің төмендеуі, қызмет көрсетудің жылдамдығы және деректерге негізделген саясатпен жұмыс істеу мүмкіндігі болып табылады.
- Кәсіпкерлерге қызмет көрсетудің бірыңғай цифрлық платформасын құру қаншалықты маңызды, және ол бизнеске практикада қандай артықшылықтар бере алады?
- Артықшылықтарына барлық мемлекеттік қызметтер мен қолдаулардың бір терезеде жинақталуы, салықтық міндеттемелер мен тексерулер туралы кешенді ақпарат, қолдау шараларына автоматты сәйкестік, экспорттық мүмкіндіктер туралы ұсыныстар, және бизнес-аналитика құралдарын жатқызуға болады.
- Экспорт пен инновацияға бағытталған кәсіпорындарды қолдау елдегі ШОБ-ты дамыту стратегиясында қандай рөл атқарады?
- Маңызды рөл атқарады, себебі бұл кәсіпорындар еліміздегі шағын және орта бизнестің негізін құрайды, оларды жаңа деңгейге шығарады, жаңа жұмыс орындарының пайда болуына әкеледі және жалпы инновацияны дамытады.
- Сіздің ойыңызша, «Бір ауыл – бір өнім» бастамасы Қазақстанның шағын қалалары мен ауылдық жерлерінде кәсіпкерліктің дамуына қалай ықпал етеді?
- Бұл бағдарлама қай ауыл қай өнімді жақсы жасайтынын анықтап, сол өнімді сапалы түрде өндіруге басымдық береді.
Солайша, осы өнімді былайша айтқанда брендке айналдырады.
Бұл бастама жергілікті кәсіпкерлерге нақты мүмкіндіктер береді, ауыл экономикасын көтереді және сапаны жақсартады.
- Бизнес жүргізетін қайырымдылықтың Қазақстанда және нақты Сіздің өңіріңізде қоғамды қолдау мен әлеуметтік жауапкершілікті дамытудағы рөлі қандай?
- Бизнес жүргізетін қайырымдылық қоғамға тікелей пайда әкеледі. Кәсіпкерлер жасаған қайырымдылық – мұқтаж адамдарға, мектептерге, ауруханаларға, қоғамдық жобаларға нақты көмек. Бұл қоғамның әл-ауқатын жақсартады, бизнес пен қоғам арасындағы сенімді арттырады.
Қайырымдылықпен айналысатын кәсіпкерге халық көбірек сенеді. Сенім артқан сайын бизнес те тұрақты болады. Бизнес тек табыс табумен шектелмей, өз қоғамына үлес қосатынын көрсетеді.
Mezgil.kz