Сирияның жаңа дәуірі: Асад билігі талқандалған бір жылда не өзгерді?

Сирия Башар Асад режимінің құлаған күнін тойлап жатыр. Тұп-тура бір жыл бұрын, 2024 жылдың 8 желтоқсанында әкелі-балалы Асадтар әулетінің билігі аяқталып, экс-президент Башар елден босып қашты.

1765188488920182.jpg

(Коллаж: Mezgil.kz)

АСАД ЕЛДЕН ҚАШҚАН КҮН – МЕРЕКЕ КҮНІ

Тұп-тура 8 желтоқсанда «Хаят Тахрир аш-Шам» қозғалысының лидері әл-Жолани (қазіргі аты Ахмед аш-Шараа) бастаған оппозициялық күштер Дамашыққа күшпен кірді. Осылайша Сирияны 50 жылдан аса басқарып келген «Баас» партиясының билігі, оның лидері Башар Асадтың билігі нүктеленді. Ал Асадтың өзі әйел-бала-шағасын алып, Ресейге қашып барып, пана тапты.

Уақытша билікті өз қолына алған Ахмед аш-Шараа (әл-Жолани) бүгін Дамашықтағы Умая мешітінде құлшылық жасап, халықтың алдына шығып сөз сөйледі. Бүгін Сирия аумағында мерекелік күн. Халық Асадттар режимі құлаған күні атап өтуде. Сирияның шетелдердегі өкілдіктері де бұл күнге орай түрлі іс-шаралар ұйымдастыруда.

54 ЖЫЛДЫҚ ҚАНДЫ БИЛІК

2024 жылдың 27 қарашасында Асадты құлатуға жорық бастап, Идлибтен бастап, Халеб (Алеппо), Хама, Хомс секілді маңызды қалаларды алып, ақырында ел астанасы Дамашыққа жеткен «Хаят Тахрир аш-Шам» бастаған оппозициялық күштер Башар Асадты тақтан құлатты. Соғыстың алғашқы күндері Ресей мен Ираннан көмек сұраған Башар Асад лайықты қолдауға ие бола алмады. Ең ақырында «байтал түгіл бас қайғы» болып, отбасымен бірге едел-жедел Мәскеуге қашты. Ресей билігі Башар Асад пен оның отбасына саяси баспана берді.

Башар Асад Сирия тізгінін әкесі Хафез Асадтан 2000 жылы мұраға алған еді. Әкесі Хафез Асад Сирияның 1971 жылдан 2000 жылға дейін басқарды. Сол жылы (2000 жылы) Хафездің жүрегі тоқтап, Сирия тізгіні Башарға бұйырады. Башар Асад әлемдік саясаттағы қандықол диктаторлардың бірі болды. Әлемдік қауымдастық, соның ішінде АҚШ, ЕО, БҰҰ, Түркия мен Франция т.б. бар, барлығы Башар Асадқа қарсы жүздеген айып таққан. Олардың бірсыпырасы: оппозицияны жаныштау, этникалық тазарту жүргізу, химиялық қару қолдану т.б.

ХРОНОЛОГИЯ

2024 жылдың 27 қарашасында «Хаят Тахрир аш-Шам» бастап, «Сирия ұлттық армиясы» қостаған оппозициялық топтар күш біріктіріп, Асадқа қарсы соғыс ашты.

29 қарашада оппозициялық күштер Сирияның күретамыр қалаларының бірі – Халебке (Алеппо) кірді.

30 қарашада Асадқа қарсы әскер Идлибте ұрыс салып жатты.

Ал 5 желтоқсанда оппозициялық күштер Хама қаласын алып, Хомсқа бет бұрды.

Хомс қаласы 7 желтоқсанда құлады.

7 желтоқсанның кешінде оппозициялық күштер ел астанасы Дамашықта ұрыс салып жатты. Бұл кезде Мысыр мен Иордания Асадқа ақыл айтып, елден кетуге кеңес берді.

8 желтоқсанда Башар Асадтың ресейлік әскери база арқылы ИЛ-76 ұшағымен елден кеткені туралы ақпар тарады. 8 желтоқсанның таңында оппозициялық күштер Башар Асад билігінің құлағанын ресми мәлімдеді.

АШ-ШАРА: РЕСЕЙДІҢ ҚОРҚЫТУЫН ЕЛЕГЕН ЖОҚПЫН!

Кешелі-бері Сирия басшысы Ахмед аш-Шараа сұхбат беріп, бір жыл бұрынғы жағдайлар туралы айтып жатыр.

Сириядағы президенттік сайлау туралы: «Біз жан-жақты ұлттық диалог конференциясын өткіздік, оның нәтижесінде уақытша конституциялық декларация қабылданды. Бұл декларация президентке бес жыл бойы билікте қалу құқығын берді, осы уақыт ішінде көптеген заңдар қабылданады және мемлекеттік басқару жүйесінің негізгі қағидасы болатын конституция әзірленеді. 4 жылдан кейін біз міндетті түрде президенттік сайлау өткіземіз», - деді.

Сирия басшысы Ахмед аш-Шараа бір жыл бұрынғы Башар Асад режимін құлатқан төңкеріс жайлы айтыпты: «Біз Алеппо қаласының батыс бөлігін бағындырған кезде, ресейліктер бізге хабарлама жолдап, үндеу жасады. «Осы жерген жерде тоқтаңдар, әрі қарай жағдай қиын болады», - деп қорқытты. Мен режимге тықыр таянғанын түсіндім де, ресейліктердің бұл қорқытуларын елеген де жоқпын. Құдайға тәубе, бұл шешімім дұрыс бопты», - деді.

БҮГІН СИРИЯДА НЕ ӨЗГЕРДІ?

Бүгінгі Сирияда тікұшақтар бөшке-бөшке бомбаларды (қолдан жасалған жарылғыш құрылғылар) бейбіт халыққа әуеден тастап жатқан жоқ. Ресей әскери күштері әуе шабуылдар жасап жатқан жоқ. Десей де, 54 жылдың азып-тозу бір жылда оңала қоймайтыны түсінікті. Биыл қарашада БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің брифингінде: «Сирия қауіпсіздіктің бөлшектенген ландшафтына қарсы тұруды жалғастыруда», - деп мәлімделді. Дамашық салыстырмалы түрде тыныш жағдайда өмір сүріп жатыр. Сирия ақпарат құралдарының хабарлауынша, ел астанасындағы зорлық-зомбылық деңгейі біршама төмендеп келеді.

Дегенмен, Сирияда толық тыныштық орнай қойған жоқ. Сирияда жаңа үкіметтің қауіпсіздік күштері мен күрдтер мен друз азшылықтары сияқты басқа топтар арасында қақтығыстар жалғасуда. Бұған қоса, Сирия аумағында Асадты қолдайтын күштер де баршылық. Сонымен қатар, «Ислам мемлекеті» лаңкестік тобының күштері де аш-Шараа билігі үшін әжептәуір әлек салуда.

Еуропалық босқындар агенттігінің (EUAA) жуырдағы есебіне сәйкес, «Сирияның жаңа билігі елдегі жағдайды толық бақылауда ұстай алмай отырғаны анық».

Тәртіп орнату бойынша: Бұған дейін жаңа үкімет екі тәуелсіз комиссия құрған болатын - бірі соғыстан кейін жоғалып кеткен мыңдаған сириялықтарды іздестіруде, екіншісі Асад режимі жасаған қылмыстарды тергеп жатыр.

Демократизация бойынша: Осы жылдың басында Сирияда алғашқы еркін парламент сайлауы өтті. Қалыптасқан жағдайға байланысты билік өкілдері «тікелей сайлау өткізу мүмкін емес» деп түсіндірді. Сөйтіп, электоралды процесс сайлау алқалары арқылы өтіп, Сирияның уақытша президенті аш-Шараа жаңа конституция қабылданғанға дейін қызметінде қалатын болды.

Қазіргі уақытта Сирияда жоба әзірленіп, осы және басқа да мәселелер бойынша ұлттық диалог жүргізілуде. Дегенмен, уақытша үкімет пен басқа топтар арасында елдің болашақ басқару жүйесіне қатысты көзқарас қайшылықтары әлі де бар.

Сыртқы саясат бойынша: Сыртқы саясатта Сирияда айтарлықтай өзгерістер байқалады. Дамашықта бұған дейін жабылған елшіліктер қайта ашылып, сыртқы істер министрі мен уақытша президент сияқты елдің жаңа басшылары әлемді аралап жүр.

Сирияның бүгінгі таңдағы ең үлкен сыртқы саяси проблемасы – көршілес Израильдің Сирия аумағына үздіксіз басып кіруі болып отыр.

Экономика бойынша: Бүгінде өз үйлеріне қайтып оралған сириялықтардың көбі жұмыс таба алмай жүр. Елдегі ұзақ жылдық азамат соғысы мен ескі билік ел экономикасын күйреткен. Бүгінде Сирия халқының 4/1-і өте кедей.

Сирияға келген жаңа биліктің нәтижесінде, Дүниежүзілік банк есебінде Сирия экономикасы 2025 жылы 1%-ға өседі деп болжанады. Ал Асад билігі кезінде салынған санкциялардың көпшілігі уақытша немесе толығымен алынып тасталды, бұл да экономикалық өсімді арттыруы керек.

Бұған қоса, миллиардтаған доллар инвестиция уәде еткен Сауд Арабиясы мен Катар сияқты елдердің Дамашыққа қаржылық қолдауы да үлкен көмек береді деп күтіледі.

Әзірге Ахмед аш-Шараа билігі осындай қадамдар жасауда...

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар