Көшет егу, қоқыс жинау, аула сыпыру: Алматыда экоакциялар қалай іске асуда?

Алматының экологиясын жақсарту мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Алып шаһарда халық саны көп және ай сайын артуда. Қаладағы көлік саны да жыл өткен сайын көбеюде. Қала ұзақ уақыт бойы көлік кептелісі, өндіріс орындары, жылыту маусымындағы түтін, қарқынды урбанизация сияқты факторлардың салдарынан ауаның ластануымен күрделі мәселелерге тап болуда. Дегенмен, табиғатты қорғау бағытындағы жаңа саясат, заманауи экологиялық жобалар мен акцилар және тұрғындардың экоакцияларға саналы түрде қатысуы Алматының экологиясын жақсартуға айтарлықтай ықпал етіп отыр.


_gluster_2025_5_8_4f585e49b8eba46baea11668bae083d5_original.519522.jpg

 (Сурет dknews.kz сайтынан алынды)


Сондай акциялардың бірі - «Таза Қазақстан» республикалық акциясы. Бұл бастама тек белгілі бір күнге арналған сенбілік емес, экологиялық мәдениетті қалыптастыруды көздейтін ұзақмерзімді қозғалыс ретінде дамуда. Алматыда акцияға мемлекеттік органдар, еріктілер тобы, жастар ұйымдары, мектептер, жоғары оқу орындары мен әртүрлі қоғамдық бірлестіктер белсенді түрде қатысып келеді. Шара барысында қаладағы су арналары, саябақтар, тау бөктері, көшелер мен алаңдар қоқыстан тазартылып жатыр. Экоакция барысында көшеттер егіліп, қаланы жасылдандыру да іске асуда.

 

Алматының экологиясын жақсартуда тағы бір маңызды бағыт — жасыл аймақтарды кеңейту және табиғи ресурстарды ұтымды басқару. Қалада жаңа саябақтар мен аллеялар салынып, жаяу жүргіншілер мен веложолдардың саны артуда. Бұл бір жағынан көлікті азайтып, ауаның ластануын азайтуға үлес қосса, екінші жағынан тұрғындардың демалыс мәдениетін өзгертіп, табиғатпен байланысын күшейтеді.

 

Қаланы лас ауадан тазарту үшін қоғамдық көлікті жаңалау, газбен жүретін автобустар санын көбейту, жеке автокөлік қозғалысын реттеу сияқты шаралар іске асуда. Тоқпен жүретін көліктерге басымдық берілуде. Ал тұрғындар жеке көлікке қарағанда автобусқа көбірек отыру үшін, автобус жолақтары салынуда. Себебі жеке көліктердің санының көп болуы ауаның ластануын жылдамдатады. Қалада жастарға самокат тебуге, велосипед қолдануға ыңғайлы етіп арнайы жолақтар сызылуда. Бұл да экологияға зиянды емес көлік түрлерін қолдануды ынталандыру болып табылады.

 

Таулы аймақтарды қорғау да экологиялық саясаттың маңызды бөлігі. Сайран, Есентай, Кіші және Үлкен Алматы өзендерінің жағалауларын абаттандыру, тау бөктеріндегі заңсыз құрылыстарды бақылау, қорықтық аймақтарды кеңейту жұмыстары Алматының табиғи тепе-теңдігін сақтауға бағытталып отыр. Жергілікті ұйымдар ұсынған қалдықтарды бөлек жинау жүйесі де біртіндеп қалыптасып, қайта өңдеу инфрақұрылымы дамып келеді.

 

«Таза Қазақстан» сияқты ауқымды экобастамалар Алматы тұрғындарының санасына әсер етіп, табиғатты қорғауға деген көзқарасты түбегейлі өзгертуде.

 

Тұрғындар экологиялық мәдениетті терең түсіне бастады. Экоакциялардың негізгі мақсаты да сол мәдениетті қалыптастыру, ұғындыру. Әр азамат өзінің жүрген жерінде тазалық сақтауға, қоқысын жинап жүруге міндетті. Қоқысты қоқыс жәшігіне тастау, су ішкен бөтелкесін жол жиегіне лақтырмай, арнайы қоқыс жинайтын орынға тастау, табиғатта жануарларды серуендеткен сәтте олардың шашып-бүлдіргенін жинастырып жүру, кинотеатрға немесе концертке барған сәтте, спорттық шараны тамашалауға кіргенде қоқысты шашып кетпей, тамақ қалдықтарын жинастырып, арнайы орындарға тастау мәдениеттіліктің көрінісі. Табиғатқа шығып, пикник ұйымдастыру сәтінде қоқыс жинайтын арнайы қаптарды ала бару, өрт қауіпсіздігін сақтау да өте маңызды. Бұл қарапайым әрекет болса да, үлкен жауапкершілік пен адами мәдениеттің көрінісі екенін ұмытпау қажет. Кез келген экоакцияның негізгі месседжі де осы.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар