«The Washington Post» гәзетінің сарапшылары америкалық және украиналық жоғарғы лауазымды шенеуніктерден алған мәліметтерге арқа сүйей отырып, АҚШ-тың Украинаға ұсынған соғысты тоқтату жоспарының шарттарын жазыпты.

(Сурет: exclusive.kz)
АҚШ ҰСЫНЫСЫ: ҚАРУСЫЗ АЙМАҚ ҚҰРУ
Бірінші: Оңтүстік және Солтүстік Корей нұсқасындағы қарусыздандырылған аймақ құру. Атап айтқанда, бұл аймақ солтүстік-шығыстағы Донецкі облысынан басталып, оңтүстіктегі Запорож бен Херсонға дейінгі барлық мадан сызығы бойын қамтымақ. Ал бұл қарусыздандырылған аймақтың арғы жағында ешбір тарап әскер мен әскери техникасын, қару-жарағын орналастырмайтын аймақ болады.
Екінші: Украина 2027 жылы Еуропалық одаққа қосылады. Бұл Украинаға сауда мен инвестицияны қалыпқа келтіруге мүмкіндік береді. Ал АҚШ Украинаның ЕО-ға қосылуына үзілді-кесілді қарсы болып отырған Венгрияны көндіреді.
Үшінші: АҚШ Украинаға НАТО-ның 5 бабына балама болатындай қауіпсіздік кепілдігін береді. Ал қазір Киев бұл уәдені Конгресстің ратификациялағанын талап етіп отыр. Ал Еуропалық одақ өз алдына бөлек қауіпсіздік кепілдігін ұсынатын болады.
Төртінші: АҚШ әуелде Украина әскерінің санын 600 мыңға дейін шектеуді ұсынған. Қазір Украина армиясының саны 800 мың болуы керек деген нұсқа ұсынылды.
Бесінші: Запорож АЭСі Ресей оккупациясына берілмейді. АЭС-ті АҚШ басқаратын болады.
Ең күрделі де түйіні шешілмей тұрған мәселе – территория мәселесі.
«Қазір Трамп Украинаны өз дегеніне көндіру үшін қысымды арттыруда. Егер Киев Вашингтонның қысымына шыдамай, Еуропамен бірге соғысу жолын таңдайтын болса, бұл АҚШ пен Трамптың ең үлкен қателігі болмақ. Сол үшін Трампқа енді Украина мен Еуропаға қысымды арттыра бермей, керісінше, олармен жұмсақ тілде сөйлесуі керек. Өйтпегенде, Украина мен Еуропаның АҚШ-қа сенімі азайған үстіне азайып жатыр», - деп жазады «The Washington Post».
МАЙДАНДАҒЫ АХУАЛ ӨЗГЕРДІ МЕ? ТРАМП ӨТІРІК АЙТТЫ МА?
Ал «CNN» арнасы: «Еуропа Трамптың Украинадағы соғысты тоқтату бойынша келіссөздерден бас тартуы мүмкін екенін және Киев пен Еуропа елдерін келіссөздерді бұзды деп айыптауы мүмкін екенін айтады», - деп хабарлайды.
«CNN» дереккөздері: «Президент Трамп: «Украина майданда жеңіліп жатыр, ал Ресейдің үстемдігі байқалады», - деп айтты. Алайда бұл шындықтан алшақтау әңгіме. Әскери барлау мәліметтері, майдандағы ахуалдың еш өзгермегенін көрсетеді», - дейді.
РЕСЕЙДІҢ ҚЫРУАР АҚШАСЫ: КӨЗДЕН БҰЛБҰЛ ҰШҚАН 210 МЛРД...
«Financial Times» басылымы: «Еуроодақ елдері алдағы ЕО саммитінде Венгрия премьер-министрі Виктор Орбанның вето қоюына жол бермеу үшін Ресейдің 210 миллиард еуролық активтерін біржола бұғаттайтын заң қабылдамақ», - деп жазады.
Заңды бұлай асығыс қабылдаудың себебі – Брюссельдің Украинадағы соғысқа қатысты АҚШ бастаған бейбіт келіссөздердегі ықпалын сақтап қалуға ұмтылысы.
Өткен аптада Еурокомиссия ЕО-да бұғатталған ресейлік 210 миллиард еуроны Украинаға беруді ұсынды. Алғашқы 90 млрд еуро 2 жыл көлемінде берілуі мүмкін. Бұл нұсқа іске асуы үшін Ресей активтері біржола бұғатталуы тиіс.
Mezgil.kz