Кремльдегі импершіл басшы-қосшылардың Украинаға қарсы соғысы Ресейдегі елдің ішкі өміріне майданнан да қатты кері әсер етіп жатыр. Біз осыған дейінгі мақалаларымызда Кремльдің басты проблемасы соғыс тоқтағаннан кейін майданнан оралатын 1,5 миллионға жуық адамны қоғамға интеграциялау екенін айтқанбыз.

ПУТИН «БЕЙБІТ КЕЗЕҢНІҢ ПРЕЗИДЕНТІ» БОЛА АЛМАЙДЫ!
Елді соғыспен басқару механизмі. Бұл бүгінгі Кремль билігінің кепілдігі боп тұр. Путин қақтығыс аяқталғаннан кейін елге оралатын миллиондаған сарбаздан қауіптеніп отыр. Соғысқа шамамен 1,5 миллион ресейлік қатысқан болуы мүмкін, олардың ішінде бұрын сотталғандар да бар. Қақтығыс біткен соң бұл әскерилер психологиялық жарақаттарымен орыс қоғамына қайта араласады, ал бұл Кремль үшін үлкен сынаққа айналуы ықтимал.
Бұған қоса, Пригожин бүлігінің жаңғырығы әлі күнге ұмытылмағанын ескерсек, Путин әскери топтардың ықпалы артып кетуінен қорқады. Сондықтан билік соғысқа қатысушыларды бақылауда ұстаудың түрлі амалдарын қарастыруда. Украинадағы ауыр шығындарға қарамастан, Путин «бейбіт кезеңнің президенті» бола алмайды. Бұл факт.
8 МЫҢ ҮКІМ: СОҒЫСТАН ОРАЛҒАНДАР ҚЫЛМЫС ЖАСАУДА
Жуырда «Новая газета Европа» сарапшылары соғыс даласынан оралған тырнақша ішіндегі «ардагерлер» жасаған 8 мың қылмысты әшекерелеп жазды. Бұл 8 мың қылмыстық үкім — бүгінгі Ресейдің жаңа шындығы. Билік «Соғыс ардагерлері» деп атайтын адамдардың бір шоғыры енді өз елінің тыныштығын бұзып, қоғамға қауіп туғызатын ең агрессивті топқа айналып отыр.
Соған қарамастан, Ресейдің Мемлекеттік думасы «соғыс кезеңінде» әскери келісімшарт жасасқандарды қылмыстық жауапкершіліктен босататын заң жобасын қабылдауға ынта-шынтасымен кірісіп кеткен. Яғни, мемлекет: «Қылмыс жасасаң — майданға бар, бәрі кешіріледі», - деген жүйені заңдастыруда. Бұл — жазаны ақтау емес, қылмысқа рұқсат беру!
Ал шындап келгенде, Ресей билігі қылмысқа өз қолымен рұқсат беріп, енді оны бақылаудан шығарып алғанын сезбей отыр немесе түсінгісі келмейді. Түрмеден шыққан қылмыскерді соғысқа жіберіп, оны «қаһарман» етіп қайтару — бүгінгі Ресейдің ішкі саясатында жаңа нормаға айналды.
ҚЫЛМЫС ЖАЙЛАҒАН РЕСЕЙ: ҚАНДЫҚОЛ ҚЫЛМЫСКЕРДЕН ҚАҺАРМАН ЖАСАУ
Нақты статистика міне:
Егер Ресей билігі ұсынған ресми ақпаратты негізге алсақ, қазірге дейін 137 мың адам соғыстан оралған.
Ал Ресейде соғыстан оралғандар мен қазір соғыс даласында жүргендерге қатысты 8 мың қылмыстық үкім реестрда ресми тіркелген. 7 мың үкім соғыстан оралғандарға қатысты шығарылған. Тағы 1 мың үкімді әскери соттар шығарған. Бұлар қазір соғыста жүргендерге қатысты қылмыстық кімдер.
Тырнақша ішіндегі 900 «ардагер» «зорлық-зомбылық» қылмыстар үшін, кісі өлтіру мен ұрып-соғу қылмыстары үшін қайта сотталған. 3 мыңдай адам ұрлық-қарлық, дүние-мүлікке зақым келтіру қылмыстары үшін қайта сотталған. Жол ережесін өрескел бұзу қылмыстарымен 1,8 мың адам, есікрткі сату мен қолдану қылмыстары үшін 1,5 мың адам, алаяқтық қылмыстары үшін 400 адам сотталған.
Нақты мысалдар:
*Читада Цырен-Доржи Цыренжапов 22 жастағы қызды өлтіріп, 14 жылға сотталды. Ол соғысқа түрмеден барған, бұрын да адам өлтірген, 18 жастағы қызды бөлшектеп тастаған.
*Новосібірде соғыстан оралған «Вагнер» жауынгері Сергей Шахматов екі кәмелетке толмаған қызды зорлап, 17 жылға қайта сотталған.
*Челябинскіде Никита Сидоров бұрынғы қызын үш жасар баланың көзінше өлтірген.
ПУТИН ҮШІН ҚЫЛМЫСКЕРЛЕР – РЕСЕЙДІҢ ЭЛИТАСЫ...
Бұл — соғыстан оралған психопаттардың ғана трагедиясы емес, бұл — мемлекет қылмыскерді марапаттаған кезде қоғамға қандай кесірлі болатынының нақты айғағы. Соған қарамастан, Ресей президенті Путин соғысқа қатысушыларды «Ресейдің элитасы» деп атады. «Батырлар уақыты» деп аталатын жаңа бағдарлама соғыс көргендерді мемлекеттік органдарға, муниципалдық қызметке, тіпті стратегиялық салаларға жұмысқа орналастыруға бағытталған. Осылайша, Ресей билігі қылмыскерлерді әлеуетті басшы ретінде қарастырып отыр.
Бұл процестердің салдары статистикада нақты көрініс тапқан: 2025 жылдың алғашқы жартысында Ресейде соңғы он жылдағы ең үлкен қылмыс өсімі тіркелген — 27 мыңнан астам қылмыс. Жоғарыда 8 мың үкім ресми тіркелгенін есепке алсақ, Ресей билігі соғыстан оралғандар жасаған қылмыстардың бір бөлігін тіркелмеді немесе «ерекше жағдай» ретінде бөлек қарастырып, қылмысты жасыруда деп топшылауға негіз бар.
Түйін: Ресей қазір жаңа кезеңге өтті. Бұл кезеңнің белгісі — жазасыз қылмыскердің мемлекеттің қорғауына ие болуы. Соғыстан қайтқан адам — енді жазасын өтеген қылмыскер емес, мемлекет үшін «пайдалы ресурс». Қанша адам өлтіргені, қанша қылмыс жасағаны маңызды емес. Маңыздысы — майдан көргені. Осындай идеология үстем болған жерде қоғамның қауіпсіздігі, әділет, заңның құны қалмайды.
Mezgil.kz