Қайыққа отырып, ұшақпен қашқан Мачадо: Мадуроның орнын кім басады?

Трамп Венесуэлаға қысым жасауды арттырды. Венесуэлаға тиесілі мұнай таситын танкердің бірін АҚШ-тың арнайы жасағы басып алды. Пентагон Каракасқа әскери қысым жасауды арттырмақ. Қазірдің өзінде АҚШ-тың барлау дрондары Венесуэла әуесінде еркін ұшып жүр. Сарапшылар Мадуроның тақтан әне-міне кететінін айтуда.

1765546122913675.jpg

(Коллаж: Mezgil.kz)

Мадуроның орнына кім келуі мүмкін? Егер АҚШ-тың жоспары іске асса, Мадуроның орнын Мария Мачадо басуы мүмкін дейді саясаттанушылар. 10-желтоқсанда Норвегияда Нобель сыйлығын табыстау рәсімі өтті. Мачадо сыйлықты табыстау рәсіміне үлгерген жоқ. Оның орнына сыйлықты қызы Ана Корина Соса алды.

Мачадо 11-желтоқсанда Ослоға жетті. Ол бір жылға жуық уақыт бойы Венесуэлада жасырынып жүруге мәжбүр болды. Венесуэладан қашып шығуы нағыз шытырман оқиға болғанын айтып, өзіне көмектескендерге алғыс айтты. Алайда олардың есімін атаған жоқ, себебі «Мадуро режимі оларға қастық ұйымдастыруы мүмкін» дейді.

Мачадо Ослода халық алдында сөз сөйлеп, Венесуэладағы режимді ауыстыруға барын салатынын айтты. Оны қолдап, сөзін тыңдауға Норвегиядағы жүздеген венесуэлалық келді.

Мария Мачадоны Венесуэладан эвакуациялау операциясы өте құпия жағдайда өтті. Тіпті Нобель комитеті оның марапттау рәсіміне келер-келмесін, қайда екенін білген жоқ. The Wall Street Journal Мачадоның Венесуэладан қашу операциясы жайлы жазды.

2024 жылы Мадуро Венесуэладағы сайлауда жеңіске жетті. Алайда оппозиция оның сайлау нәтижесін бұрмалағанын айтты. Мадуро оппозиция өкілдерін қудалай бастады. Сол сәтте Мария Мачадо биліктен жасырынып, әрекет етті. Ол бір жылдан астам уақыт бойы Венесуэлада жасырынып жүрді.

WSJ Мачадоның Венесуэладан кетуіне қатысты тың ақпаратты жазды. Былай дейді. 8-желтоқсан күні Мачадо бет-әлпетін өзгертіп, жасанды шаш жалғап, Каракас маңындағы жасырын офисінен сыртқа шықты. 10 сағаттың ішінде ол 10 әскери тексеру бекетінен өтеді. Қасында екі көмекшісі болған. Түнде Венесуэла жағалауындағы балықшылар ауылына жетеді.

Таң қылаң бере Мачадо мен оның екі көмекшісі балықшы қайығына отырып, ашық теңізге аттанады. Теңізде дауыл соғып, толқын күшті болып тұрған еді. Мачадо отырған қайық бірнеше мәрте аударыла жаздаған. Мачадоны эвакуациялау жоспарын іске асырушылар алдын-ала АҚШ тарапымен келіскен. АҚШ өкілдері Мачадо отырған қайықты атқыламау үшін, сол күні Кариб аймағындағы әскер операцияны уақытша тоқтатқан.

9-желтоқсан күні, сағат 15:00-де, Мачадо отырған қайық Кюрасаоға жетеді. Мачадоны ары қарай эвакуациялау арнайы өкілге жүктеледі. Ол Мачадоны алып шығуға уәде береді. 10-желтоқсан күні Мачадо жеке ұшақпен ұшып кетеді. Ол алдымен АҚШ-тың Мэн штатына тоқтайды, артынша Норвегияға аттанады. Ол өзін эвакуациялауға көмектескендерге алғыс айтып, аудио жариялады. Алайда қауіпсіздік үшін көмектескен адамдардың есімін құпия қалдырды.

Мачадо Осло қаласына жеткен сәтте, Grand Hotel кешеніне тоқтады. Сол күні жүздеген венесуэлалық оны көру үшін отель маңына жиналды. Мачадо жиналғандар алдына шығып, сөз сөйледі. Венесуэладағы биліктің ауысатынын айтты.

Каракаста Мачадоның әрекетін айыптау жүріп жатыр. Венесуэла прокуроры Мачадо қайтып келсе, оны қылмыскер ретінде тұтқындайтынын айтуда. Ал Мачадо елге қайтатынын меңзеуде.

Сарапшылар АҚШ Мадуроға қысым жасап, тақтан тайдырып, оның орнына Мария Мачадоны отырғызуы мүмкін екенін жазуда.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар