Жыл қорытындысы: Қазақстанда мұнай-газ саласында не өзгерді?

Олжас Бектенов тізгінін ұстаған Олжас Бектенов жылдың қорытындысын шығарып, есеп беріп жатыр. Бүгін Үкіметтің қорытынды баспасөз конференцияларының кезек-кезек сериасын ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов бастады.

1765781353938971.png

(Сурет: azh.kz)

Министр Ақкенженовтің баспасөз жиыны Astana Hub алаңында өтіп жатыр...

Сонымен, министрдің есебі қандай? Қандай жұмыстар атқарылды, алға қойылған жоспарлар қандай? Қараңыз:

ҚУАТЫ ЖЫЛЫНА 10 МЛН ТОННАҒА ДЕЙІН ЖЕТЕТІН ЖАҢА МӨЗ ЖОБАСЫ

Министрдің айтуынша, есепті кезеңде Үкімет Мемлекет басшысының бастамасымен мұнай-газ секторын, жанар-жағармай материалдары нарығын және мұнай өңдеуді қамтитын ауқымды реформаларды жүзеге асыру ісін жалғастырды. Мұнай-газ саласындағы жылдың басты оқиғасы Теңіз кен орнындағы болашақ кеңейту жобасының толық аяқталуы болды. Зауыттың үшінші буынын пайдалануға беру мұнай өндірудің жылына 12 млн тоннаға өсуін қамтамасыз етті, бұл экспорттық кірістің тұрақты көзін қалыптастырады және ұлттық экономиканың әлеуетін арттырады.

ЖЖМ ішкі нарығын реттеу саласында бағаны қолдан басқарудан нарықтық тетіктерге көшу жүзеге асырылды. Қабылданған шаралар нарықты тұрақтандыруға, оны отынмен қанықтыруға және тапшылық қаупін азайтуға мүмкіндік берді.

«2025 жылы қуаттылықты арттыру, өнім сапасын арттыру және ғылыми-технологиялық шешімдерді енгізу қағидаттарына негізделген мұнай өңдеу саласын дамытудың 2040 жылға дейінгі ұзақмерзімді өндірістік бағдарлары бекітілді. Нысаналы көрсеткіш жұмыс істеп тұрған мұнай өңдеу зауыттарын кеңейту және қуаты жылына 10 млн тоннаға дейін жететін жаңа МӨЗ жобасын жүзеге асыру есебінен мұнай өңдеу көлемін жылына 18 млн-нан 39 млн тоннаға дейін арттыруды көздейді», - деп атап өтті Ерлан Ақкенженов.

Биыл CaspiBitum зауытын жаңғырту аяқталды, нәтижесінде кәсіпорынның қуаты жылына 1,5 млн тоннаға дейін, ал битум өндірісі жылына 750 мың тоннаға дейін артты. Шымкент, Атырау және Павлодар мұнай өңдеу зауыттарын кеңейту, сондай-ақ жаңа МӨЗ салу үшін әлеуетті инвесторлар тарту жұмыстары жалғасуда. Саланың экологиялық күн тәртібіне және технологиялық дамуына ерекше назар аударылады.

Көміртекті бейтараптық стратегиясы шеңберінде К5 + мұнай өнімдерінің экологиялық стандарттарына көшу бекітіледі. МӨЗ-ді техникалық жаңғырту мұнайды өңдеу тереңдігін 94%-ға дейін арттыруға және қосылған құны жоғары өнім шығару үшін мұнай өңдеуді мұнай химиясымен біріктіруге мүмкіндік береді.

ҚАЗАҚСТАНДА МҰНАЙ-ГАЗ ХИМИЯСЫ ӨНІМДЕРІН ӨНДІРУ КӨЛЕМІ 12%-ҒА ҰЛҒАЙДЫ

Қазақстан Республикасының энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің БАҚ өкілдерімен кездесуі аясында Үкіметтің 2025 жылғы терең өңдеу және мұнай-газ химиясы секторындағы жұмысының қорытындысы шығарылды. Мұнай-газ химиясы саласында экономиканың шикізатқа тәуелділігін әртараптандыруға және төмендетуге арналған дәйекті бағыт жүзеге асырылуда. Отандық мұнай-газ химиясы тұрақты екі таңбалы өсім қарқынын көрсетіп отыр және шикізат емес экспорттың негізгі драйверлерінің бірі ретінде қалыптасуда.

«Мұнай-газ химиясындағы өнім өндірісінің көлемі 12%-ға өсті. Қазақстан терең өңделген полипропилен, бензол және параксилол сынды өнімдерді сыртқы нарықтарға жүйелі түрде жеткізуді бастады», - деп атап өтті Ерлан Ақкенженов.

Саланың стратегиялық дамуы ауқымды құрылыс кезеңімен тығыз байланысты. Елімізде әлемдік деңгейдегі ерекше мұнай-химиялық кешендер салынып жатыр. Атырау облысында полиэтилен зауытының болашақ пиролиз қондырғысының құрылысы 30%-дан астамына орындалды. Павлодарда алкилат шығаратын кәсіпорынның құрылысы басталды.

9 АПАТТЫ ЭНЕРГИЯ КӨЗІ ЖӨНДЕЛДІ

Есепті кезеңде энергетика саласында ең маңызды нәтижелерге қол жеткізілді – инфрақұрылымның ұзақ жылдар бойы созылған тозуы тоқтатылып, активтерді ауқымды жаңарту циклі іске қосылды.

«Тарифті инвестицияға айырбастау» қағидаты енгізілгеннен кейін электр стансаларын жөндеу жұмыстарына салынған капиталдық инвестициялар 20%-ға артты, бұл енгізілген принциптің тиімділігін көрсетеді. Атқарылған жұмыстардың нәтижесі сенімділіктің нақты көрсеткіштерімен бағаланады. Ұзақ жылдан бері алғаш рет ел бойынша ЖЭО (жылу электр орталықтары) жабдықтарының жалпы тозуы азайып, көрсеткіш 61%-ға жетті. Жоспарланған барлық жөндеу жұмысын орындау Кентау, Риддер және Екібастұз стансалары секілді барлығы 9 энергетикалық нысанды тәуекел аймағынан шығаруға мүмкіндік берді. 323 шақырымдық жылу желілерін қайта жаңғырту нәтижесінде тұтынушыларға тұрақты жылу жеткізу қамтамасыз етіліп, инфрақұрылымның тозуы 52%-ға төмендеді. Жылу желілеріндегі апаттық жағдайлар саны 25%-ға кеміді.

«Инфрақұрылымды қалпына келтірумен қатар жаңа қуат көздерін іске қосу жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. 2025 жылы Текелі энергетикалық кешенінде газотурбиналық қондырғылар пайдалануға берілді, ал Топар МАЭС-інде (мемлекеттік аймақтық электростанса) 130 мегаватт қуаттылығы бар жаңа турбоагрегат сәтті іске қосылды. Энергетикалық жүйе сұраныстың алдын орап, рекордтық көрсеткіш сағатына 118 млрд киловатт электр энергиясын өндірді», - деді Ерлан Ақкенженов.

Келесі жылдан бастап Үкімет өңірлік деңгейде жылумен жабдықтау схемаларын қайта қарау бойынша жүйелі жұмысқа кіріседі. Пилоттық жобалар Жамбыл облысы мен Шымкент қаласында жүзеге аспақ.

160-ҚА ЖУЫҚ ЖЭК СТАНСАСЫ

Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында «жасыл технологиялар» жобаларын жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Жаңартылатын энергия көздері саласында Қазақстан әлемдік инвесторлар үшін тартымды алаңға айналып отыр. ІІІ тоқсанның қорытындысы бойынша таза энергия генерациясының үлесі жалпы өндіріс көлемінің 7%-нан асты, ал стансалар саны 159-ға жетті.

«Биыл 266 МВт жиынтық қуатқа ие бірқатар маңызды жобаны жүзеге асырдық. Қарағанды және Ұлытау облыстарында жаңа жел электр стансалары, Қызылорда және Маңғыстау өңірлерінде күн парктері пайдалануға беріліп, еліміздің энергетикалық жүйесіне нақты үлес қосуда», - деді Ерлан Ақкенженов.

Сала дамуының ең бір маңызды кезеңі бірінші рет гигаваттық класты жел электр стансасын және энергия жинау жүйелерін салу бойынша ірі аукционның өткізілгені болды. Бұл қадам елімізде икемді әрі тұрақты энергетикалық жүйе құруға жаңа мүмкіндіктер ашты. Аталмыш тәжірибе нарықтың ірі жобаларды қабылдауға және заманауи технологиялық шешімдерге дайын екенін көрсетті.

ҚАЗАҚСТАНДА 2025 ЖЫЛЫ ҮШ ЖАҢА ГАЗ КЕН ОРНЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Үкімет жұмысының 2025 жылғы қорытындысы бойынша баспасөз конференциясы барысында энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Мемлекет басшысының елдің ресурстық базасын нығайту және газ инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысы туралы хабардар етті. Ведомство басшысы энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндеті Президент белгілеп берген стратегиялық приоритет болып қала беретінін атап өтті. Есепті кезеңде Қайыргелді, Тұзкөл және Тасболат жаңа үш газ кен орыны пайдалануға берілген. Тасболат кен орнын іске қосу Маңғыстаудағы Қазақ газ өңдеу зауытының қуатын толықтыруға мүмкіндік берді.

95 ЕЛДІМЕКЕНДЕ 350 МЫҢ АДАМ ГАЗБЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТІЛДІ

Үкіметтің қорытынды баспасөз конференциялары аясында энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Президенттің елді мекендерді газбен қамту жөніндегі тапсырмаларын орындау нәтижелері туралы баяндады. Ол Мемлекет басшысының инфрақұрылымды жаңғырту бойынша қойған міндеттерін жүзеге асыру тұтынушыларды газбен жабдықтау қызметтерімен қамтуды арттыруға мүмкіндік бергенін айтты.

«Халықты газбен қамту бойынша Мемлекет басшысы тапсырған әлеуметтік міндеттер жүйелі түрде шешілуде. Табиғи газ шалғай өңірлердің тұрғындары үшін қолжетімді игілікке айналып, елдегі газбен қамту деңгейі 64,2%-ға жетті. 2025 жылы 95 елді мекенде 350 мың адам газбен қамтамасыз етілді. Бұл мақсаттарға 112 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді», - деп атап өтті Ерлан Ақкенженов.

Жұмыстар географиясы Қазақстанның барлық аймағын қамтыды. Ақмола облысында 100 мыңнан астам тұрғын тұратын Қосшы қаласы мен Талапкер ауылы газбен қамтылды. Астанада газбен қамту деңгейі шамамен 97%-ға жетіп, ірі тұрғын алаптары қосылды. Жыл соңына дейін Үркер шағын ауданында газ желілерін тарту жұмыстары толық аяқталады. Оңтүстік өңірлерді дамыту жөніндегі тапсырмаларды орындау бойынша Түркістан облысында 100 мың тұрғын газбен қамту аясында құны 10 млрд теңгеден астам жобалар жүзеге асырылды. Жетісу облысында ұзындығы 300 шақырым «Талдықорған – Үшарал» магистралды газ құбыры пайдалануға берілді. Жамбыл облысында да газ құбырларын жүргізу жұмыстары белсенді жүргізілуде. Батыс Қазақстан облысында «Ростоши – Тайпақ» жоғары қысымды газ құбырының құрылысы басталды, бұл Ақжайық және Теректі аудандарының жылдар бойғы газ тапшылығын шешуге мүмкіндік береді.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар