Қиын келіссөздер: Жер – Украина үшін мемлекетті сақтау мәселесі!

Украина президенті Владимир Зеленский Нидерланды премьер-министрі Дик Шофпен бірге өткізген баспасөз мәслихатында АҚШ-тың Ресейге жаңа, 20 тармақтан тұратын бейбітшілік ұсынысын жолдайтынын жариялады. Бірақ бұл – бейбітшілікке апарар жол ма, әлде Украинаға жасалып отырған кезекті қысымның жаңа формасы ма деген сауалдың басы ашық қалып отыр.

1765959270233702.png

(Сурет: baq.kz сайтынан алынды)

ЖЕР МӘСЕЛЕСІ: ВАШИНГТОН МӘСКЕУДІҢ ЖАУАБЫН КҮТПЕК

Вашингтон алдымен Мәскеудің жауабын күтпек. Содан кейін ғана Киевпен кеңеседі. Бұл формула – дипломатиялық протокол емес, геосаяси иерархияның айқын көрінісі. Украина – соғысып жатқан ел, бірақ келіссөз үстелінде соңғы сөзді айту құқы әлі де өзге державалардың қолында.

Берлинде өткен екі күндік кездесулер – Зеленский мен Трамптың арнайы өкілдері Уиткофф және Кушнер арасындағы диалогтар – бір мәселені анық көрсетті: қауіпсіздік кепілдіктері туралы айту оңай, ал территория туралы сөз басталса – бәрі тұйыққа тіреледі. АҚШ Украинаға «заңды түрде міндетті» қауіпсіздік кепілдіктерін беруге дайын екенін айтқанымен, ең ауыр түйін – жер мәселесі – әлі шешілген жоқ.

МӘСКЕУ ТАЛАБЫНАН БАС ТАРТПАЙ ОТЫР

Мәскеудің ұстанымы бұрынғыдай. Ресей Донецк облысының толық босатылуын талап етеді. Тіпті өзі әлі басып алмаған аумақтардан да Украина әскерін шығаруды талап етуде. Бұл – келіссөз емес, ультиматум. Киев мұндай талапты мемлекеттіктің өзегіне балта шабу деп бағалайды. Және бұл – эмоция емес, нақты Конституциялық шындық.

Зеленскийдің «келесі кездесулерге мен қатыспаймын» деуі де жай емес. Бұл – процестің техникалық деңгейге түсіріліп, саяси жауапкершіліктің біртіндеп бөлшектене бастағанын аңғартады. Майамиде өтуі мүмкін жаңа келіссөздер кезеңі – соғыстың емес, соғыстан кейінгі әлемнің конфигурациясын талқылайтын алаңға айналуы мүмкін.

ЕО – УКРАИНА ҮШІН ГЕОСАЯСИ БЕКІНІС!

Еуроодаққа мүшелік туралы айтылған сөз де жай сөз емес. Киев үшін бұл – қауіпсіздіктің әскери емес, институционалдық формасы. Украина НАТО-ға дәл қазір кірмесе де, ЕО арқылы геосаяси бекініс жасағысы келеді. Ал «ЕО коалициясы» деп аталған 30-ға жуық елдің Украинадағы ықтимал бейбітшілік миссиясы – атысты тоқтатқаннан кейінгі кезеңге алдын ала дайындық.

Ақша мәселесі де ашық айтылды. 2026 жылға қарай 40–45 миллиард доллар жыл сайынғы көмек берілмек. Жалпы – 210 миллиард. Бұл сома ЕО-да бұғатталған ресейлік активтермен шамалас сома. Бірақ Зеленскийдің айтуынша, соғыстың Украинаға келтірген нақты залалы – бұдан үш есе көп. Яғни ұсынылып отырған көмек – өтем емес, тек тірі қалуға жететін минимал ресурс.

РЕСЕЙ: ЖЕР МӘСЕЛЕСІНДЕ КОМПРОМИССКЕ КЕЛМЕЙМІЗ!

Ал Мәскеу ше? Ресей ешқандай компромисске бармайтынын ашық айтты. РФ СІМ басшысының орынбасары Сергей Рябковтың сөзі – идеологиялық манифест. Донбасс, Қырым, Запорож, Херсон – Ресей үшін бұл енді тек территория емес, «конституциялық догма». Псевдореферендум арқылы заңдастырылған оккупация – Кремльдің артқа шегінбейтінін білдіреді.

Міне, осылайша «бейбітшілік жоспары» деген атаудың астында екі түрлі логика соқтығысып тұр. Украина үшін – бұл тірі қалу мен мемлекеттілікті сақтау мәселесі. Ресей үшін – соғыста тартып алғанды заңдастырып қалу амбициясы. Ал АҚШ пен Батыс үшін – соғысты тоқтатып, бірақ өзіне тым қымбатқа түспейтін шешім табу талпынысы.

Түйін: Бұл келіссөздер Украинаға әділетті бейбітшілік әкеле ме, әлде оккупацияланған шекараларды мәжбүрлі мойындату ма? Егер бейбітшіліктің бағасы территория болса, онда бұл бейбітшілік емес – кейінге қалдырылған соғыс қана.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар