Соңғы жылдары Ресейдің түрлі лауазымды саяси тұлғалары тарапынан Қазақстанға қарата түрлі арандату сөздер айтылып келеді. Ел мен елді жауластыруға бағытталған мұндай сөздер Ресейдің федералдық арналарынан да таратылуда. Олар туралы осыған дейін сан мәрте жаздық.

(Сурет: tass.ru)
Қазақстанның ішкі ісіне араласатын сондай арандату сөзді, ол аздай «Киевтің мысалын» айтып, қоқан-лоқы жасайтын сөзді жуырда Ресей Думасының білдей депутаты Алексей Журавлев деген айтыпты.
«Қазақстанның өз аумағында НАТО стандартына сай артиллериялық снарядтар өндірісін құру туралы шешімі - «Ресейге қарсы жасалған достық емес қадам», - деп мәлімдеді РФ Думасының қорғаныс комитеті төрағасының бірінші орынбасары Алексей Журавлев.
Ол: «Негізі Қазақстанды Солтүстік атлантикалық алянстың кеңесіне 1992 жылы кіргізіп қойған. Ал 1994 жылы олар НАТО-мен «бейбітшілік жолындағы әріптестік» деп аталатын келісім жасасқан. НАТО әскери алянс екенін және агрессивті ұйым екенін бәріміз білеміз. Ендеше олар неге Қазақстанға жақындасып жүр? Бәлкім олар Ресеймен шекараласып жатқан Қазақстанда тағы бір русофобтық форпост құрмақ шығар?», - деп көкиді.
Әрі қарай: «Біз сырттай бауырлас боп көрінетін республиканың кенет орыс тілі мен кирилицадан бас тартуын көрсек те, елемегендей боп келеміз. Олар Украинаға «мызғымас киіз үй» құрып бергенін білсек те, естімеген кейіп танытудамыз. Енді міне, оқ-дәрілерін НАТО стандарттарына өткізбекші. Болашақта, ресейлік қару-жарақ түрлерінен бас тартатыны айдан анық. Бәлкім, Астана ресейлік әскери өндірістің ең ірі сатып алушысы емес те шығар, бірақ, олардың бұл бастамалары бізге достық қадам емес. НАТО-мен достықтың ақыры не болғанын Киев мысалынан көріп отырмыз ғой», - дейді Ресей депутаты.
ЖУРАВЛЕВ ДЕГЕН КІМ?
Ресей саяси кеңістігі мұндай жындысүрейлерге кенде емес. Ең әйдігі Жириновский еді. Ол өлгенІмен, орнын жоқтатпайтын жырықшеке жауқұмарлар жауыннан кейін шығатын құрттай қаптап кеткен. Журавлев деген сондай құрттардың бірі. Бұл Журавлев – екі күннің бірінде орыс телеэфирінен аузына келгенді көки беретін көптің бірі. Десе де, Ресей Думасының өкілі. Үш шақырылым қатарынан Думаға өткен депутат. Сөйте тұра саяси «тұрақсыз». Әуелі Компартияда болған, кейін «Справедливая Росссия» партиясына секірген. Онда жүріп өндірмеген соң, «Единая Россия» деген билік партиясына ауысып, ең ақыры «Родина» деген партияны тізгіндеген. Бұл бір уақта Жириновскийдің «ЛДПР» партиясына да қосылып шыққан.
Бұл өзі есі кіресілі-шығасылы адам. Аз-кем ақылы мен аузындағы сегіз сөйлем сөзі таусылса төбелес шығара кететін «белая горячка». Өркениетті елдер бұл немесе санкция салған.
УКРАИНАҒА ҚАРАТА:
Кремльдің Украинаға қарсы импершілдік соғысы басталғаннан бастап орыс телеэфирінен бұл не айтпады?! «2 миллион Украина азаматын қырып тастау керек», - деді федералдық арнадан. «Батыстың әскери тілшілерінің көзін жою керек. Соның ішінде Bild тілшісі Берн Штритцелді өз қолыммен өлтіруге дайынмын», - дегенді де эфирден айқан адам.
ҚАЗАҚСТАНҒА ҚАРАТА:
Ресейдің даулы ауыз депутаты Қзаақстанға қарата бірнеше мәрте арандату сөздер айтқан. Солардың бірі 2023 жылы айтылды.
«Қазақстанның өз ішінде Ресейге қарсы ақпараттық науқан жүріп жатқандай. Тіл патрульдері соның айғағы. Қазақстан өз ішінде Ресейдің «арнайы әскери операциясының» символикаларына тыйым салған. Біздің көліктеріміз шекарадан өте берген бойда, ол символикаларын жұлып алып тастап жатыр. Бұл бізге жасалған достық әрекеттер емес», - деп мәлімдеген.
Түйін: Бір емес, екі емес, бірнеше мәрте Қазақстанның ішкі ісіне араласып, даулы мәлімдеме жасаған Ресей депутаты Алексей Журавлевке Қазақстанға кіруге тыйым салатын уақыт жетті. Қазақстанның құзырлы органдары нақты шара қабылдауы керек-ақ!
Mezgil.kz