Отандық спортта 2025 жылы қандай ірі жетістіктер тіркелді?

2025 жылдың аяқталуына да санаулы күндер қалды. Осы орайда спорт жанкүйерлерін селт еткен басты жайттарды ұсынуды жөн көрдік.


kajrat.png

 (Сурет baimedia.kz сайтынан алынды)


«ҚАЙРАТ» КЛУБЫНЫҢ ЖЕТІСТІГІ

 

Алматылық «Қайрат» клубы өз тарихында алғаш рет Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіне жолдама алды. Бұған дейін қазақстандық клубтар арасынан бұл межені тек «Астана» 2015 жылы бағындырған еді.

 

Аталған турнир аясында 18 жастағы Шерхан Қалмырза Чемпиондар лигасы тарихындағы ең жас ТОП-3 қақпашының қатарына еніп, Instagram желісінде 338 мың жазылушымен еліміздегі ең танымал футболшыға айналды.

 

Сондай-ақ 22 жастағы қақпашы Темірлан Анарбеков «Селтикке» қарсы матчта пенальти қайтарды. «Олимпиакоспен» өткен ойында кездесудің ең үздік ойыншысы атанған алғашқы қазақстандық футболшы ретінде тарихқа енді.

 

Алматы қаласына әлемдегі ең танымал клубтың бірі - «Реалдың» келуі спортқа қатты жақын емес жандардың да назарын аударып, билет алу үшін, 1 миллиондай адам сайтта кезекке тұрды.


16 ЖАСТАҒЫ ДАСТАН СӘТПАЕВТЫҢ «ЧЕЛСИ» КЛУБЫНА АУЫСУЫ

 

Ақпан айында «Қайрат» клубының жас таланты Англияның әйгілі «Челсиге» рекордтық 4,3 млн еуроға сатылды. Осылайша, ол Қазақстаннан ТОП-5 чемпионатқа ауысқан бірінші футболшы ретінде тіркелді. Дәл осы жайттан кейін Дастан Сәтпаев алматылық клуб сапында негізгі құрамда ойнауға мүмкіндік алып, Қазақстан чемпионатында 14 голмен сұрмергендер тізімінде 2-орын алды.

 

Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінде «Копенгаген» мен 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңі аясында Бельгияға гол соққанының арқасында қазақ футболының тарихындағы ең жас гол авторы атанды.

 

ГЕННАДИЙ ГОЛОВКИННЫҢ WORLD BOXING ҰЙЫМЫНА ПРЕЗИДЕНТ РЕТІНДЕ САЙЛАНУЫ

 

Геннадий Головкин 2024 жылдың қыркүйегінде World Boxing-ке олимпиадалық комиссиясының төрағасы ретінде тағайындалған сәтінде ұйымда тек 44 мемлекет болған еді. Отандасымыздың бір жылдық қызметінде ұйымдағы мемлекеттердің саны 152-ге дейін көбейіп, ең бастысы, наурыз айында бокстың Лос-Анджелес Олимпиадасының бағдарламасына кіргізуіне үлкен ықпал жасады. Сондай-ақ Қазақстан Олимпиадаға лицензиялық жолдама беретін 2027 жылғы әлем чемпионатын қабылдау құқығын иеленді.

 

Ал 2025 жылы 23 қарашада Римде өткен World Boxing ұйымының конгресінде президент ретінде 3 жылдық меозімге ресми түрде сайланды. Осының арқасында ол халықаралық спорт федерациясын басқарып отырған алғашқы қазақстандық ретінде тарихқа енді.

 

МИХАИЛ ШАЙДОРОВТЫҢ БАСТЫ ҮМІТКЕ АЙНАЛУЫ

 

Мәнерлеп сырғанаудан бұған дейін марқұм Денис Тен мен Элизабет Тұрсынбаеваға таңдай қағып келсек, 2025 жылы Михаил Шайдоровтың жұлдызы жанды. Алдымен Харбиндегі қысқы Азия ойындарында қола жүлдегер атанса, артынша Оңтүстік Кореядағы Төрт құрлықтың чемпионатында сенсациялық алтын медальді иеленді. Наурыз айында Бостондағы (АҚШ) әлем чемпионатында Михаил Шайдоров қысқа бағдарламада 94,77 ұпай жинап, Қазақстан рекордын жаңартты. Артынша күміс жүлдегер атанып, 6 жылдан кейін Қазақстан қоржынына жүлде сыйлады.

 

Әлем чемпионатындағы толағай табыстың арқасында араға 8 жыл салып, спортшыларымыз қайта қысқы Олимпиадада өнер көрсетуге мүмкіндік алды.

 

26 ЖЫЛДАН КЕЙІН ГРЕК-РИМ КҮРЕСІНЕН АЙДОС СҰЛТАНҒАЛИДЫҢ ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ АТАНУЫ

 

Хорватия астанасы Загребте өткен грек-рим күресінен әлем чемпионатында Айдос Сұлтанғали Қазақстанға 26 жылдан кейін ересектер арасындағы әлем чемпионатының алтынын сайлады. Осыған дейін грек-рим күресінен Афиныда 1999 жылы отандасымыз Мхитар Манукян (63 келі) топ жарған еді. Осы аралықта Алмат Кебіспаев, Мейрамбек Айнағұлов, Демеу Жадыраев, Қорлан Жақанша, Ержет Жарлықасын сынды бозкілем шеберлері бас жүлдеге бір табан жақын болды. Жалпы алғанда Сұлтанғали - егемендік алғаннан бері күрестің осы түрінен ересектер арасындағы әлем чемпионатының финалында күрескен оныншы қазақ палуаны.

 

29 жастағы қызылордалық спортшы осыған дейін 60 келіде әлем чемпионатында 2 рет қола медаль иеленген.

 

Сондай-ақ биыл елімізде бірнеше ірі нысандар ашылып, президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында футбол клубтарын жекешелендіру жайында айтты.

 

ҚР Президентінің құрылтайда берген тапсырмасына сай еліміз бойынша 5 футбол клубы (Қызылорда – Қайсар, СҚО – Қызылжар, Қарағанды – Шахтер, Астана – Жеңіс, Ақтөбе – Ақтөбе)  жекешелендіруге өтіп тағы екі футбол клубын (Тараз және Ертіс) жекешелендіру жұмыстары жүргізілуде.

 

ҚЫЗЫЛОРДАДА ФУТБОЛ СТАДИОНЫНЫҢ АШЫЛУЫ

 

Тәуелсіз Қазақстан тұсында үшінші футбол стадионы қолданысқа берілді. Араға 5 жыл салып, елімізде УЕФА-ның 4-санатына сәйкестендірілген және 11 мың көрерменге арналған жаңа стадионда Қазақстан Кубогының финалдық ойыны өтті.

 

ТҮРКІСТАНДАҒЫ ЕСКЕК ЕСУ

 

Түркістан қаласында халықаралық деңгейдегі ескек есу каналының құрылысы аяқталды. Бұл елімізде есу және академиялық есу спорт түрлерін, сондай-ақ туризмді дамытуға мүмкіндік береді. Енді Түркістан 2026 жылы ескек есуден тұңғыш рет Азия чемпионатын қабылдайды.


Мақала авторы Қанат Байұзақ


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар