Украинаға қолдау болмаса, Еуропаның өзі соғыс шегіне жақындайды!

Украина президенті Владимир Зеленский Брюссельге барған күні Еуропаның жүрегінде дауыл тұрды. Еуропалық кеңес жиыны ұзақ уақыт бойы талқыланып келген, бірақ ешкім батыл айта алмаған бір мәселені күн тәртібіне шығарды. Ол — Еуропада бұғатталған ресей активтерін Украинаға беру мәселесі.

1766138172240234.jpg

БҰҒАТТАҒЫ МИЛЛИАРДТАР – СОҒЫСТЫҢ ҚҰНЫ!

Бұл ақша – Ресейдің бұғатталған активі ғана емес, әділеттіліктің, соғыстың, құрбандықтың құны. Зеленский сөзін қысқа қайырды: «Есірткі саудагерлерінен ақша қалай тәркіленсе және террористерден қару қалай алынса, Ресей активтерін де солай тәркілеп, агрессиядан қорғау үшін пайдалану керек», - деді. Оның айтуынша, бұл шешім адамгершілікке де, заңға да сәйкес келеді.

Сөз арасында Зеленский бір ащы шындықты айтты: «Ешкім ешқашан Еуропа халқына Путинге оның қиратқандары үшін 200 млрд еуроны қайтару керек екенін түсіндіре алмайды». Бұл — қазір саммиттің өзегіне айналған шындық. Егер Еуропа бүгін шешім қабылдамаса, ертең Ресейде үміт туады: Тағы соғысады, тағы күйретеді, тағы да күтеді — сосын ақшасын қайта алады. Зеленский бұған жол бермеу керек екенін кесіп айтты.

Жиында Зеленский Еуропаға дауыс көтермей, бірақ дәлелмен соққы берді. Ресей Украина мен Еуропаны күйретемін деді — күйрете алмады. Еуропа ресейлік газ бопсасын еңсерді, қорғаныс өнеркәсібін жандандырды, әскери қолдауды тоқтатпады. Ресей Еуропа АҚШ-пен байланысы үзіледі деп сенді — байланыс күшейді. Зеленский:. «Путин Украинаны да, Еуропаны да қирата алмады, бірлігін сөге алмады», - деді.

АЩЫ ШЫНДЫҚ: АЛЫСТА ҚАЛҒАН АЛЯНС

Саяси шындықтың ең ауыры -  НАТО мәселесі. Зеленский, соғыс басталмай тұрып АҚШ президенті Жо Байден оған Украина НАТО-ға қабылданбайтынын ашық айтқанын жеткізді. Бірақ Украина Конституциясындағы бағыт өзгермейді. «Өмірде бәрі — уақытша. Бүгін жоқ болса, ертең мүмкін», - деді Зеленский.

Ал ең маңызды моральдық түйін — Еуропа қорқып отырмауы керек. Ресейдің сот процестері, дипломатиялық қысымдары, саяси арандатулары бар — бірақ Зеленский: «Украина Еуропаны қорғап тұрған кезде, оған көмектесу керек», - деп кесіп айтты. Бұл — өтініш емес, ескерту. Егер Украина әлсіресе, Ресей еш ойланбастан ЕО шекарасына көз тігеді.

УКРАИНА АРМИЯСЫ – ЗАМАНАУИ КҮШ!

Зеленский армия туралы да ашық айтты. Украинаға сапалы, толық жасақталған, заманауи қарулы күш қажет. Америкалық қауіпсіздік кепілдіктері туралы келіссөздер жүріп жатыр. Бірақ АҚШ-тан ең маңызды сұраққа — «егер Ресей тағы шабуыл жасаса не істейсіздер?» — нақты жауап жоқ.

Еуропа әскерінің Украинада болуы туралы: Бұл Еуропа Украинаның орнына соғысады дегенді білдірмейді, керісінше жаңа агрессияға жол бермеудің ең тиімді факторы. Егер бір ғана еуропалық тудың өзі Украинада тұрса — Ресей екі рет ойлануға мәжбүр болады!

Экономикалық қауіп те ашық айтылды. Егер ЕО қазір шешім қабылдамаса, Украинада дрон өндірісі бірнеше есе қысқарады. Бұл — майданда технологиялық артықшылық жоғалады деген сөз.

УКРАИНА МЕН БЕЛЬГИЯ КЕЛІСІМГЕ КЕЛЕ МЕ?

Президент Зеленскийдің Брюссельдегі кездесулерінің бірі Бельгия премьер-министрі Барт де Вевермен өтті. Тараптар репарациялық несие мәселесін талқылады. Зеленский оған: «Бельгияның ескертулерін түсінемін, бірақ шешім қабылдануы тиіс. Бұл — әділ шешім және Украина үшін ұзақ мерзімді тұрақтылық береді», - деді.

Қаржылау қолдау мәселесі – Украина үшін тағдыршешті мәселелердің бірі.  Егер қаржылық қолдау болмаса, ел бюджеті 45–50 млрд еуро тапшылыққа тап болады. Бұл — толық күйреуге жақын сызық. Шешім бүгін қабылданса — Украина қорғанады, Еуропа тынышталады, Путиннің үміті үзіледі. Шешім кешеуілдесе — Еуропаның өзі соғыс шегіне жақындайды.

Зеленский Брюссельге келіп, тек бір шындықты жеткізді: Бұл соғыста Украина ғана емес, Еуропа да өз болашағын қорғап жатыр. Еуропаның қоймасында тұрған ресейлік активтер — бүгін әділеттің символы. Ал сол әділет іске асса — Ресейдің жеңілісі заң жүзінде бекітіледі. Асса — тарих өзгереді. Асса — болашақ құтылады. Енді сөз — Еуропада. Украина өз сөзін айтты. Енді таңдау жасалуы тиіс.

ЕУРООДАҚ УКРАИНАҒА 90 МЛРД ЕУРО БӨЛЕДІ

Ресейдің бұғатталған активтері қолданылмайды. Еуроодақ көшбасшылары Киевке 90 миллиард еуро қаржылай көмек беруге уағдаласты. Бұл қаражат ЕО бюджетімен қамтамасыз етілген қарыз ретінде беріледі. Бұл туралы BBC агенттігі жазды.

«Украинаға 2026-2027 жылдарға арналған 90 миллиард еуро көлеміндегі қолдау көрсету туралы шешім мақұлданды», – деп жазды Еуроодақ саммитінің төрағасы Антониу Кошта.

Десек те, ол бұл қаражаттың нақты қайдан алынатынын нақтыламады. Reuters агенттігінің жазуынша, қаржы ЕО бюджетінің кепілдігімен тартылмақ. Бастапқыда Украинаны қаржыландыру Ресейдің резервтері есебінен жүргізілуі тиіс болған. Жоспар бойынша Украина бұл қаражаттың бір бөлігін несие ретінде алады деп көзделген.

Бұғатталған ресейлік активтерді пайдалануға Еуроодаққа мүше Чехия, Венгрия және Словакия басшыларынан бөлек, Италия да күмән келтірген. Сондай-ақ, Бельгия да қолдау білдірмеді. Бұл елде «Euroclear» депозитарийі орналасқан. Онда Еуропада бұғатталған Кремльдің 193 миллиард еуросы сақтаулы тұр.

Financial Times басылымының жазуынша, Бельгия несиеге байланысты кез келген қаржылық тәуекелді жабу үшін кепілдіктерді талап еткен. Осылайша бұл басқа еуропалық көшбасшылардың тиісті шарттарды қабылдаудан бас тартуына ықпал еткен.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар