Путиннің ойы – Еуропадағы бұрынғы КСРО елдерін жаулау!

Украина, АҚШ және Ресей өкілдері арасындағы келіссөздер тоқтаусыз жалғасуда. Талқыдағы басты тақырып – Украинаның жер тағдыры!

1766395409785142.jpg

(Сурет: golosameriki.com)

Келіссөздердің ақырғы раунды Маямиде өтті. АҚШ әуелі Украина, сосын Ресей өкілдерімен жеке-жеке жолықты. Бейбіт бітім жоспарын талқылады.

АҚШ ПЕН УКРАИНА НЕ ШЕШТІ?

АҚШ-тың бас келіссөзшісі, президент Трамптың арнайы өкілі Стив Уиткофф Маямиде өткен АҚШ-Украина келіссөздерін қорытындылап мәлімдеме жасады. Бірнеше раундтан тұратын бұл келіссөздерде Украина делегациясын Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Рустем Умеров басқарған. Бұл келіссөздерге Еуропа өкілдері де қатысқан.

Флорида штатының Маями шәрінде өткен үш күндік келіссөздер кезінде негізгі 4 құжат талқы болған. Олар:

1)20 тараудан тұратын жоспар.

2)Көпжақты Қауіпсіздік кепілдігі.

3)АҚШ Украинаға беретін Қауіпсіздік кепілдігі.

4)Экономикалық даму жоспары.

Келіссөздер нәтижесі туралы арнайы өкіл Уиткофф: «Бұл келіссөздер өте мазмұнды, конструктивті өтті. Көптеген мәселе бойынша пікір ұштастыра білдік», - деп мәлімдеді.

Ал Умеров: «Украина әділетті және тұрақты бейбітшілікке қол жеткізу мақсатынан еш айныған жоқ. Біз АҚШ-тың басшылығы мен қолдауын жоғары бағалаймыз. Сондай-ақ, осы маңызды жұмыстың келесі кезеңдерінде серіктестерімізбен бірлесіп, тығыз жұмыс істеуді жалғастырамыз», - деді.

АҚШ ПЕН РЕСЕЙ НЕ ШЕШТІ?

АҚШ-тың аранйы өкілі Уиткофф Ресей делегациясымен болған келіссөздерді де қорытындылап, мәлімдеме жасады. Келіссөздер екі күн қатарынан Флоридада өткен. Ресей атынан арнайы өкіл Кирилл Дмитриев келіссөзші атанса, АҚШ делегациясына Стив Уиткофф, Жерард Кушнер мен Жош Грюнбаум кірген.

Нәтиже: «Ресей Украинада бейбітшілік орнату туралы ойынан бас тартпайды. Ресей жаһандық қауіпсіздікті орнату жолындағы АҚШ-тың бастамаларын жоғары бағалайды», - деп қысқа қайырды Ресей тарабы.

ПУТИН ЕУРОПАДАҒЫ БҰРЫНҒЫ КСРО ЕЛДЕРІН ҚАЙТАРУДЫ КӨЗДЕЙДІ!

«Reuters» агенттігі: «АҚШ пен Ресей делегацияларының келіссөздері тұйыққа тірелді. Жер мәселесі мен Қауіпсіздік кепілдігі мәселесі әлі шешім тапқан жоқ», - деп жазады.

Ал АҚШ Сыртқы барлауы: «Путин Украинаны толық жаулау ойынан бір сәтке де бас тартқан жоқ. Оның түпкі ойы – Еуропаның жарты бөлігіне өз ықпалын қайтару. Соның ішінде бұрын КСРО құрамында болған, қазіргі Еруопа елдерін өзіне қайтаруды көздейді», - деп мәлімдеді.

Батыс пен АҚШ-тың ақпараттық кеңістігін Ресейдің компромисстен бас тартуы мен болашақ агрессиясы туралы ақпараттар шарлап жүргенде, НАТО Бас хатшысы Мар Рютте Ресейге қарата қатал мәлімдеме жасады.

УКРАИНАНЫ ҚОРҒАУДЫҢ 3 ДЕҢГЕЙЛІ ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ ӘЗІР!

«Путиннің 140 миллион адамы бар. Ал НАТО елдерінің барлығын қоссақ миллиардқа жуық жан саны есептеледі. Барлық жағынан алып қарасаңыз да, біз Ресейден әлдеқайда қуаттымыз!», - дейді.

Рютте дәл қазіргі кезеңді Екінші дүниежүзілік соғыстан бергі ең қауіпті кезең деп атады. Оның айтуынша, одақтастардың мақсаты – бейбіт келісімнен кейін Украинаға қайта агрессия жасалмайтындай жағдай жасау. Ол үшін 3 деңгейлі қорған жүйесін қабылдау керек.

Бірінші деңгей – Украина армиясын қуаттандыру!

Рюттенің сөзінше, қазір соғысып жатқан Украина армиясы қолдан келместі жасап жатыр. Бұл армия соғыстан кейін де қуатты күшін сақтап қалуы керек.

Екінші деңгей – «ниеттестер коалициясы.

Оның басында Франция, Ұлыбритания мен Германия тұруы тиіс. Бұл үшеуі бастаған коалиция Киевке керек-жарақты түгел беруі тиіс. Кремль енді қайтіп Киевке шабуылдай алмайтын болуы керек.

Үшінші деңгей – АҚШ көмегі.

Одақтастар қазір осы үш элементті бір жүйеге біріктіріп, Украинаның енді оңай нысана болмайтынын көрсетуге тырысуда. Рютте сондай-ақ атысты тоқтатудан кейін Еуропаның бітімгершілік күштерін Украина жеріне орналастыруға рұқсат берді. Оның айтуынша, кейбір елдер жұмыс күшін жіберуге дайын екендіктерін мәлімдеген. Қазіргі уақытта «ниеттестер коалициясы» тұжырымдамасы әзірленуде. Бұл құрлықтағы, ауадағы және теңіздегі әрекеттерді қамтиды.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар