Сауд Арабиясының қанды жылы: Ұйымдар дабыл қағуда!

Сауд Арабиясы екінші жыл қатарынан өлім жазасын үкімін орындау бойынша рекорд орнатуда. Бұл туралы ВВС басылымы тәптіштеп жазды. Қысқаша назарларыңызға ұсынамыз. Ұлыбританияның Reprieve құқық қорғау ұйымының мәліметінше, 2025 жылы Сауд Арабиясында 347 адамға қатысты өлім жазасы үкімі орындалды. 2024 жылы 345 адамға қатысты үкім орындалған еді. Жыл әлі аяқталған жоқ және сандар әлі де өсуі мүмкін.


238368-scaled.jpg

    (Сурет eurasia.amnesty.org сайтынан алынды)


Reprieve ұйымы Сауд Арабиясы өлім жазасына қатысты үкімді орындау бойынша соңғы жылдардағы жеке рекордын жаңартқанын айтуда. Ең соңғы үкім бірнеше күн бұрын орындалған. Өткен аптада Саудия билігі есірткі қылмысына қатысы бар деген Пәкістанның екі азаматына қатысты өлім жазасы үкімін іске асырды.

 

Сауд Арабиясының билігі 2025 жылы бес әйелге қатысты және енді ғана кәмелеттік жасқа толған екі азаматты (қылмыс жасау сәтінде әлі кәмелеттік жасқа толмаған) өлім жазасына кесіп, үкімді орындады.

 

Reprieve ұйымының мәліметінше, өлім жазасына кесілгендердің үштен екісі есірткі қылмысына қатысы барлар саналады. Ал есірткі қылмысына қатысы бар деп өлім жазасына кесілгендердің жартысынан көбі шетел азаматтары екені анықталды.

 

Reprieve ұйымының Таяу Шығыс және Солтүстік Африка бөлімі бойынша басшы Джид Басюнидің пікірінше өлім жазасына қатысты Сауд Арабиясы билігінің көптеген шешімі күмән тудырады. Ол Сауд Арабиясының айыптаушыларға қатысты толық құқық ұсынбайтынын, қорғаушылар институты тым әлсіз екенін айтуда. Ал кінәні мойындату үшін Саудияның тергеу комитеттері халықаралық деңгейде тыйым салынған әдістерге жиі жүгінеді. Қинау, азаптау және психологиялық қысым көрсету кеңінен қолданылады.

 

Өткен аптада Сауд Арабиясында Мысырдан келген балықшы Иссам аль-Шазлиге қатысты өлім жазасы үкімі орындалды. Ол өзін есірткі сату қылмысына мәжбүрлегенін айтқан. Ал құқық қорғаушылар оның кінәсі дәлелденбегенін айтуда.

 

2022 жылдан кейін Сауд Арабиясында өлім жазасына қатысты үкім жиі орындалатын болды. Бұл Саудия билігінің өлім жазасына қатысты бейресми мораторийді алып тастауымен байланысты.

 

Human Rights Watch ұйымының мәліметінше Сауд Арабиясындағы адам құқығы мәселесі дабыл қағатындай деңгейде тұр. Ұйымның мәліметінше, өлім жазасына қатысты үкімді орындау бойынша Сауд Арабиясы үшінші орынға шыққан. Алдыда тек Иран мен Қытай тұр.

 

Amnesty International ұйымының мәліметінше, Сауд Арабиясы билігі сын-пікір айтып, режимді айыптағандарды түрлі айыппен соттап, қудалайды. Кейде оларға есірткі тасыды, лаңкестермен байланыста болды деген ауыр айыптар тағылуы мүмкін. Бұндай айыптың үкімі көбіне өлім жазасымен аяқталады.

 

Сауд Арабиясы билігі тілшілерді де өлім жазасына кесуде. 2018 жылы журналист Түрки әл-Жассер лаңкестікті қолдады деген айыппен ұсталды. Билік оның жазған мақалаларында терроризмді қолдау, елді сату көріністері бар деп тапқан. «Шекарасыз тілшілер» ұйымы Әл-Жассерді босатуды сұраған. Себебі оның мақалаларында лаңкестікті қолдау яки сатқындық жасау көріністері жоқ дейді. Ол мақалаларында билікке сын айтқан. Алайда оған қатысты өлім жазасы үкімі орындалды. Бұған дейін Сауд Арабиясының билігі Жамал Хашоггиді өлтіріп, халықаралық шу шыққан еді.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар