Белгілі ресейлік философ, «орыс әлемі» идеологтарының бірі Александр Дугин «ұзаққа созылатын және ауқымды әскери қақтығысқа дайындалу» қажеттігі туралы мәлімдеді.

(Сурет: glavcom.ua)
ДУГИН: БІЗ ЕУРОПАМЕН СОҒЫСАМЫЗ!
Оның пікірінше, «Ресейдің ауқымды және ұзаққа созылған соғысы енді басталмақ. Сондықтан Ресей жұрты жуық арада бейбітшілікке үміт артпаса да болады».
Сөзбе-сөз: «Ұзақ әрі күрделі соғысқа дайындалып, қоғамды әскери арнаға көшіру керек», - деді Дугин.
«Егер Украинадағы соғыс мәресіне жетіп үлгермесе, онда бұл соғыстың жалғасы болады. Біз сәл ғана шатқаяқтап қалсақ болды, онда процестер кері бағытта жүреді. Демек, Еуропамен соғыс бұлты бізге жақындап келеді», - деді Дугин.
Кремль идеологының айтуынша, «Еуропалық одақ 2030 жылға қарай ықтимал соғысқа ашық дайындалып жатыр».
«ЕО отызыншы жылдары бізбен толық күшпен соғыс бастағысы келетіні кездейсоқ емес. Олар бізбен соғысады. Олар қазірдің өзінде Украина аумағында бізбен соғысып жатыр. Бұл қақтығыс алда тіпті ушыға түседі. Сондықтан Ресей Еуропамен соғысқа дайындалуы керек», - деп мәлімдеді ол.
РЕСЕЙДІҢ ЕУРОПАМЕН СОҒЫСЫ 2027 ЖЫЛЫ БАСТАЛУЫ МҮМКІН
Осыған дейін Украинаның Бас барлаушысы Кирилл Буданов мәлімдеме жасап, Ресей НАТО-ға қарсы төтелей агрессияны әуелде жоспарлағандай 2030 жылы емес, 2027 жылы бастап кетуі мүмкін екенін айтқан.
«Соғыс географиясы кеңеюі мүмкін. Мәскеу ашық сигналдарын білдіріп жатыр. Ресей шабуылдары Балтық елдерінен басталады. Ал Польша Ресей үшін – жаулап алу емес, әскери шабуыл алаңы болады. 2027 жыл жақындап келеді. Еуропа соғысқа дайын ба?», - деп мәлімдеген Буданов.
Ал «Reuters» агенттігі: «АҚШ барлауы Путиннің мақсаты – Украинаны толық басып алып, бұрынғы КСРО елдерін «қайтару» екенін ескертеді. Тіпті НАТО қорғауындағы Балтық елдері де осы тізімде. Бұл – Трамптың «Путин соғысты тоқтатқысы келеді» деген сөзіне қайшы болжам. Ал Кремльдің «Еуропаға қауіп жоқ» дегені мүлде жалған сөз болып шықты. Соғыс тоқтау емес, керісінше кеңею кезеңіне жақындап тұр», - деп жазды.
БҰҰ РЕСЕЙГЕ ТАЛАП ҚОЙДЫ!
Бұл тұста БҰҰ Бас Ассамблеясы Ресей басып алған Украина аумағындағы адам құқықтарының ахуалы туралы жаңартылған резолюция қабылдады. «DW» хабарлағандай, құжатқа халықаралық ұйымға қатысушы 79 ел дауыс берді, 16 мемлекет қарсы дауыс берді, тағы 73 мемлекет қалыс қалды.
Бұл қарарға, Ресей, Беларусь, Қытай, Иран, Солтүстік Корея, Куба, Никарагуа, сондай-ақ Африканың бірқатар елдері қарсы шықты.
Резолюцияда Ресей Федерациясының Украинаға қарсы соғысын нақты айыптау, халықаралық мойындалған шекаралар шегінде Украинаның егемендігі мен аумақтық тұтастығын растау, сондай-ақ Украина аумағының мәртебесін өзгертуге бағытталған қандай да бір әрекетті мойындамау айтылған. Бас ассамблея Ресейден агрессияны дереу тоқтатуды және барлық әскерлерді Украина аумағынан шығаруды талап етті.
Жаңартылған қарарда украиналық әскери тұтқындар мен заңсыз ұсталған азаматтық тұлғаларға қатысты азаптауларды, адамгершілікке жатпайтын қарым-қатынасты және адам құқықтарының басқа да өрескел бұзылуын тікелей айыптайтын ережелер бар.
Mezgil.kz