Жапондар жаппай қарулануда: Ядролық қару, жойқын зымырандар һәм қуатты флот!

Жапония билігі әлемдегі шиеленістер артқан сәтте жаппай қарулану саясатына көшу керектігін айтуда. Қытайдың жаппай қарулануы, Ресейдің агрессиялық саясаты, КХДР-дің ядролық бағдарламасы және ұдайы зымырандарды сынауы Токионы осы әрекетке итермелеуде.

1766486384570521.jpeg

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)

Премьер Санаэ Такаичидің командасында Жапонияны милитаристік бағытқа бұрғысы келетіндер бар. Kyodo агенттігіне пікір білдірген жапон шенеунігі өз есімін жасырын қалдырып, Жапонияның ядролық қару иемдену керектігін айтқан. Ал Жапония премьері Санаэ Такаичи ядролық принциптерді өзгертуге ниетті екенін аңғартуда.

Жапон шенеуніктері былай дейді: «Біз түптің түбінде ядролық қаруға ие болуымыз керек. Өйткені бізді тек біздің әскеріміз қорғайды».

Жапон шенеуніктерінің пікірінен кейін бұл сұрақ қызу талқылана бастады. Жапонияның министрлер кабинетінің хатшысы Кихара Минору бұл сұраққа қатысты өз пікірін білдірді. «Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған соң, Жапония әлемдік саясатта бейбітшілік пен тұрақтылыққа, тыныштыққа үлес қосып келеді. Бұл принцип өзгермейді», - дейді ол.

Бұған дейін жапон басылымдары Санаэ Такаичидің ядролық қаруға қатысты ұстанымы өзгеше екенін жазды. Алайда ол бұл мәселені ресми көтерген емес.

1967 жылы Жапония премьері Эйсаку Сато ядролық үш принципті жариялады. Кейін ол ұлттық принципке айналды. Үш принцип келесідей еді: Жапония ядролық қаруды жасаудан, иемденуден және өз аумағына ядролық қару орналастырудан бас тартады. 1974 жылы Сато бейбітшілікке қосқан үлесі үшін Нобель сыйлығын алды.

Қытайдың СІМ өкілі Линь Цзянь Жапонияның ядролық қаруға қатысты ұстанымының өзгеруі дұрыс емес деп санайды. Ол әлемдік қауымдастық мұндай мәлімдемелерге бірден қарсы реакция білдіруі тиіс дейді. «Жапонияның жаппай қарулануы Азия аймағында екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қалыптасқан жүйені бұзады» дейді Қытай тарапы.

Жапон әскерилері «Токио ядролық қару иемдену керек» деген ойда. Ол үшін Жапонияда барлық мүмкіндік бар деп санайды. Токио бейбіт мақсаттағы атомдық технологияға арнап плутоний шығарып, қорын жасақтаған. Уран байыту қондырғылары да бар. Жоғары технологияға да ие. Бұл ядролық қару жасауға мүмкіндік береді.

Жапония ядролық қару туралы риторикасын өзгерту-өзгертпеуі нақты белгісіз. Алайда өзге әскери салада алға жылжу әрекеті байқалады. Токио қарқынды түрде теңіз әскери күштерін дамытып жатыр. Соның ішінде сүңгуір қайықтар, кемеге арналған әуе қорғаныс жүйелерін, соққы жасаушы теңіз дрондарын, торпедаларды жасауда.

2025 жылдың, 22-желтоқсанында Mitsubishi Heavy Industries компаниясы «Mogami-JS Yoshii» фрегатын модернизациялап, әскер қолданысына берді. Аталмыш компания соңғы жылдары 11 кемені модернизациялаған. Ал 2026 жылы соңғы 12-ші кемені модернизациялайды.

Жапония «New FFM» жобасы аясында өзге кемелерді модернизациялап, жаңа кемелер жасамақ. Жоба аясында 2028 жылы алғашқы кемелерді теңіз әскери күштерінің қолданысына береді.

Жапония теңіз шайқасында әуе қорғаныс жүйесін қамтамасыз ететін Aegis (ASEV) кешенімен жарақтанған екі кемені жасамақ. Токио «Izumo: JS Kaga» типіндегі тікұшақтасушы кемелерді де модернизациялап жатыр.

Жапондар сүңгуір қайықтарын да модернизациялауда. 2025 жылдың 14-қазанында Taigei-JS Sogei (SS-518) типіндегі сүңгуір қайығын модернизациялап, теңізге жіберді.

Самурайлар АҚШ-тан 42 дана F-35B ұшағын сатып алмақ. Сондай-ақ, Уашиңтоннан 400 дана Tomahawk зымырандарын сатып алу бойынша келісім жасасты. Оның 200 данасы Block IV, 200 данасы Block V типінде болмақ. Ал модернизацияланған Type 12 зымырандары 2026 жылы қолданысқа беріледі. Оның ату қашықтығы 1000 шақырымды құрайды.

Жапондар жаппай қарулануда. Токио әлемнен тыныштық қашты деп санайды және жау жоқ деме, жар астында деген позицияны ұстануда.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар