Соңғы күндердегі саяси айтыс-тартыстардың ушығуы Тынық мұхит аймағынан да тыныштық сейіле бастағанын анық аңғартады. Соңғы апталарда Тайуан мен Қытай арасындағы ахуал ушыға түсті. Тараптар ашық соғысқа қызу дайындалуда. Тайуань сарапшылары: «Жақын жылдары Қытай әскері аралға сөзсіз шабуыл жасайды» деген тоқтамын да жариялады.

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)
Қазіргі сәтте Тайуан әскері болуы ықтимал соғысқа дайындалуда. Ел билігі азық-түлік және медициналық қажеттіліктер қорларын жасақтап, бомбадан сақтану бункерлерін жабдықтауда.
«ӘДІЛЕТ ЖЕБЕСІ» ЖАТТЫҒУЫ. ҚЫТАЙ ІСКЕ КІРІСТІ МЕ?
Кешелі-бері Қытай Тайуанды толық қоршауға бағытталған әскери оқу-жаттығулар бастады. Ол «Әділет жебесі» немесе «Әділет миссиясы – 2025» деп аталады. Бейжің: «Біздің бұл әскери жаттығуларымыз «сепаратистік күштерге» ескерту», - деп мәлімдеді.
Ал осының алдында ғана Тайуан АҚШ-тан аса ірі көлемде қару-жарақ пен әскери техникалар сатып алу бойынша келісімге қол қойған болатын.
Қытайдың Ұлттық азат етуші армиясының Шығыс қолбасшылығының мәлімдеуінше: «Тайуанды қоршай өткізіліп жатқан бұл оқу-жаттығулардың басты мақсаты – Қытай әскерінің теңізде және әуде болатын ұрыс қимылдарына даярлығын пысықтау. Сондай-ақ, стратегиялық аудандар мен порттарды бұғаттау, ұрыс даласында бақылау орнату және сыртқы күштерді тежеу».
Қытайдың мемлекеттік «CCTV» телеарнасы: «Бұл жаттығулардың мақсаты Тайуанның негізгі порттарын, соның ішінде солтүстіктегі «Килуң» және оңтүстіктегі «Гаосюн» порттарына бақылау орнату», - деп хабарлады.
Қытай әскері бүгін ұрыс снарядттарын қолданып, атыс жасауда. Арал аумағында теңіз және әуе жолдарына шектеу енгізді. Қытай билігі Халықаралық әуе компанияларына аталған аумақты айналып ұшуға кеңес берді. 2022 жылдан бері мұндай шектеулер енгізілмеген.
Қытай әскери оқу-жаттығуларға истребительдерді, бомбалаушы ұшақтар мен тікұшақтарды, соққылаушы дрондарды, алыс қашықтықты соққылайтын зымыран кешендерін жұмысдырған.
Қытайдың Ұлттық азат етуші армиясы: «Бұл жаттығулар «Тайуан тәуелсіздігін» армандаушы сепаратистер мен оларды қолдаушы сыртқы күштерге қатаң ескерту болады», - дейді.
Іске ақпараттық шабуылдар да қосылған. Қытайдың мемлекеттік арналары «әділет жебелері» Тайуанға қадалып тұрған үнпарақтар мен Қытайдың Тайуанды соққылап жатқаны бейнеленген видео роликтер таратуда. Кәдімгі толық ауқымды соғысты насихаттауда.
Осы жолғы әскери оқу-жаттығуларға Қытай тарабы кемі 130 соққылаушы ұшағын жұмылдырғаны айтылады. Сонымен қатар, Қытай Тайуанға қарата зымыран атқаны да белгілі болды. Ал Қытайдың барлаушы дрондары Тайуан астанасына кіріп, барлау жүргізіп шыққан.

(Қытайдың Тайуанда 5 бағыттан қоршап, өткізіп жатқан жаттығуы. Сурет: bbc.com)
ЖАПОНИЯ ҚАРАП ТҰРМАЙДЫ: ТАКАИЧИДІҢ ТЕГЕУРІНІ ҚАТТЫ
Бұл Қытайдың 2022 жылдан бері Тайуан төңірегінде өткізіп жатқан алтыншы ауқымды әскери оқу-жаттығуы екен. Ал осының алдында Жапон премьері Санае Такаичи Тайуанды қорғап, Қытайға қарата қатал мәлімдеме жасаған.
Санае Такаичти әлгінде Тайуанға күш қолданылса, Жапония мұны «тіршілік қауіпсіздігіне төнген тікелей қатер» деп бағалайтынын ашық айтқан. Ал мұндай баға Токиоға заң жүзінде қақтығысқа араласуға жол ашады.
Бейжің жедел түрде мәлімдеме жасап, өз азаматтарына Жапонияға бармауға кеңес берді. Жапонияда жүрген студенттерін сақтыққа шақырды. Дипломатиялық жоралғылар жасалды. Бейжің мұнымен шектелген жоқ. Қытайдың 4 қарулы кемесі Сенкаку маңына кіріп, өз аумақтық құқығын «патрулдеуге» кіріскенін жария етті. Онан соң Қытай жағалау күзетінің қаруланған кемелері Жапония бақылайтын суға кіріп кеткені айтылды. Бұл – жай ғана теңіздегі кезекті протоколдық дабыл емес еді. Бұл – Такаичидің батыл мәлімдемелеріне берілген нақты, әскери реңкі бар жауап болатын.
ТАЙУАННЫҢ РЕАКЦИЯСЫ: БІЗ СОҒЫСҚА ДАЙЫНБЫЗ!
Тайуан үкіметі Қытайдың бұл жаттығуларын қатаң айыптап, мәлімдеме жасады: «Қытай өрескел қателікке бой алдырып, аймақтағы тыныштық пен тұрақтылықты бұзбауы керек. Бұл жауапсыз, жойдасыз жаттығуларды дереу тоқтатуы тиіс. Бұл ашық арандату», - деді.
Тайуанның Қорғаныс министрлігі дүйсенбі күні Қытайдың 89 әскери ұшағы Тайуан жағалауына жақын жерде ұшып жүргенін және 28 әскери кеме мен жағалау күзеті кемелерін анықтаған. Осыдан соң, Тайуан өзінің әскери кемелері мен жағалау күзеті кемелерін ұрыс қимылдарына даярлаған. Қосымша техника жұмылдырылған.
Тайуан Қорғаныс министрлігі: «Тайуан әскері соғысқа сақадай сай тұр. Жедел әрекет ету бойынша біз де жаттығулар өткізуді бастадық. Біздің әскери жаттығуларымыз – егер Қытай тұтқиылдан шабуылдар болса, жау соққысын тойтарып, жауап соққы жасауға дайын болуға бағытталған», - деді.
Тайуан билігі: «Біздің әскеріміз демократия құндылықтары мен еркіндікті қорғауға сақадай сай», - деп мәлімдеді.
АҚШ-ТЫҢ РЕАКЦИЯСЫ: ТРАМП ШЫНЫМЕН СИГЕ СЕНЕ МЕ?
Қытайдың бұл жолғы әскери жаттығулары АҚШ пен Тайуан арасында сомасы 11,1 млрд долларды құрайтын ауқымды келісім жасалғаннан он күн өткенде басталды. Бұл келісім – АҚШ пен Тайуан арасындағы қару-жарақ саудасы бойынша келісім.
Бейжің бұл келісімге өз наразылығын білдірген. «Financial Times» басылымы: «Бейжің АҚШ-тың бұл саудасына жауап ретінде 20 америкалық компанияға санкция салып, жауап берген», - деп жазады.
Ал Қытайдың Сыртқы істер министрлігі: «АҚШ Тайуанға қару-жарақ сату мен жеткізудің салдары орасан зор болатынын түсінуі керек. Қазір әлемде күштер тепе-теңдігі айтарлықтай өзгерді. АҚШ Тайуандақ анша қолдаса да, Қытайдың біртұтас болу идеясын тоқтата алмайды», - деп мәлімдеді.
«BBC» агенттігі: «АҚШ Қытайдың Тайуанға қарсы жаттығуларына мән бермей отыр», - деп жазады.
Трамптың өзі болса: «Менің президент Симен қарым-қатынасым жақсы. Ол маған бұл жаттығулар туралы ештеңе айтқан жоқ. Ал бұл жаттығуларды мен көріп-біліп отырмын. Және алаңдауға еш негіз жоқ деп ойлаймын. Бұл аймақта 20 жылдан бері мұндай жаттығулар өткізіліп келеді», - дейді.
Түйін: Әлемнің әскери сарапшылары Қытай мен Тайуань арасында соғыс басталса, бұл ауқымды қақтығысқа ұласып, АҚШ-тың тікелей соғысқа қатысу қаупін арттыратынын айтуда. Ал экономика саласының мамандары мұндай соғыс әлемді бұрынсоңды болмаған дағдарысқа әкеледі деп болжауда.
Mezgil.kz