Транзит тартымдылығы: Тоғыз жолдың торабында орналасқан Қазақстан!

Қазақстан мұхитқа шығар жолы жоқ, материктің қақ ортасында орналасқан үлкен ел. Еуразияның жүрегінде, тоғыз жолдың торабында жатыр. Бұл Еуразия құрлығындағы ірі державалар мен сауда орталықтарын транспорт-логистикалық тораптар арқылы байланыстыруға үлкен мүмкіндік. Оңтүстік пен солтүстік, Еуропа мен Қытайдың арасындағы сауда қатынасы құрлықта Қазақстан аумағы арқылы өтуде. Бұл Қазақстанның артықшылығы және экономика үшін тиімді жобаларды іске асыруға тиімді позиция деген сөз.


WhatsApp Image 2026-01-05 at 14.56.00.jpeg

 (Сурет: ЖИ арқылы жасалды)


Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіне көлемді сұхбат беріп, елдің ішкі һәм сыртқы саясатына қатысты маңызды мәселелерге тоқталды. Солардың бірі транспорт-логистикалық мүмкіндіктерді дамытуға қатысты болды.

 

Мемлекет басшысы былай деді: «Еліміз үшін көлік-логистика саласының әлеуетін арттыру – стратегиялық маңызы бар міндет. Теңізге тікелей шығатын жолы болмаса да, Қазақстан Еуразия құрлығының кіндік тұсында, яғни негізгі транзиттік күре жолдар тоғысқан жерде орналасқан. Бұл – үлкен артықшылық, біз оны ел игілігіне жарата білуге тиіспіз. Мақсат-мүддемізге сәйкес Қазақстанды Еуразияның көлік айлағы (хабы) ретінде қалыптастыру – бұл салада атқарылатын жұмыстың басты бағыты. 

 

Осы орайда, жақында іске қосылған «Достық – Мойынты» жаңа теміржол магистралінің мән-маңызын атап өткім келеді. Бұл жоба осы жол арқылы Қытай мен Еуропа арасында тасымалданатын жүк көлемін бес есе арттыруға мүмкіндік береді. «Мойынты – Қызылжар», «Бақты – Аягөз», «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желілерін жаңадан іске қосу жоспарымызда тұр. Жалпы, 2030 жылға дейін 5 мың шақырым теміржолды салып, жаңғырту және 11 мың шақырым теміржолды жөндеу көзделіп отыр.

 

Елорда мен батыс аймақтардың арасындағы қашықтықты 500-ден астам шақырымға қысқартатын «Орталық – Батыс» күре жолы құрылысының стратегиялық маңызы өте зор.

 

Біз ел шекарасынан тыс жерді де қамтитын кең ауқымды көлік жүйесін құра алдық. Қазақстан мұхит жолдарынан тысқары тұрса да, Сары теңіз бен Қара теңіздің арасында жүк терминалдарының желісін қалыптастырды. Еліміздің аумағы арқылы өтетін 12 халықаралық көлік дәлізі, атап айтқанда, 5 темір жол, 7 автокөлік дәлізі бар. Қытай мен Еуропа арасында құрлықпен жеткізілетін жүктің шамамен 85 пайызы осы жолдармен тасымалданады.

 

Әрине, мұның бәрі – табысқа оп-оңай жете қоямыз деген сөз емес. Бұл саладағы бәсеке күшейіп келеді. Себебі көлік және логистика мәселесі геосаясаттың ажырамас бөлігіне айналды. Осы тақырып жоғары деңгейдегі келіссөздердің күн тәртібіне біржола енді. Сондықтан, Қазақстан үшін де оның айрықша маңызы бар.

 

Еліміз Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» атты мегажобасын, «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізін және Транскаспий көлік бағытын, яғни, «Орта дәлізді» дамытуға белсене атсалысып келеді. «Ресей – Қазақстан – Түрікменстан – Иран» бағытымен теңіз айлақтарына шығып, жүк тасымалдаудың болашағы зор деп санаймыз. «Орта дәліздің» жұмысына Қытайдың қосылуын құптаймыз.

 

Жалпы, бұл саланың әлеуеті өте жоғары. Мұнда тек инфрақұрылым туралы сөз болып отырған жоқ. Экономиканың барлық дерлік секторы осы іргелі салаға келіп тоғысады. Сондықтан, Үкіметтің алдына заманауи инженерлік және сервистік инфрақұрылымы бар көлік-логистика тораптарын салу, теңіз порттарын, әуежайлар мен теміржол вокзалдарын жаңғыртып жөндеу, сондай-ақ тиімді цифрлық экожүйе қалыптастыру міндеті қойылды», - дейді.

 

Осылайша, Қазақстанның транспорт-логистикалық тартымдылығын арттыру жобалары іске асып жатқанын нақты сандармен, атаулы жобалармен сипаттап берді. Жол – экономиканың күретамыры. Бүгінде Орталық Азия арқылы тауар тасымалдауға мүдделі мемлекеттер саны артуда. Қазақ елі транзит тартымдылығын арттыру үшін жаңа жобаларды бастамақ.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар