Мемлекет басшысының «Turkistan» газетіне берген сұхбатына қатысты Сенат депутаттарының пікірін топтап ұсынамыз...

(Суреттер: senate.parlam.kz)
ЖАСТАР МӘСЕЛЕСІНЕ ДЕ ЕРЕКШЕ НАЗАР АУДАРЫЛҒАН
Нұртөре Жүсіп, Сенат депутаты:
– Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Түркістан» газетінің бас редакторына берген сұқбатында көптеген маңызды жайттар қамтылған екен. Биылғы жыл – «Цифрландыру және жасанды интеллект» жылы болып жарияланды. Президент үш жыл ішінде елімізді цифрлық мемлекетке айналдыру туралы нақты мақсат қойған болатын.
Парламент депутаттары «Жасанды интеллект туралы» заң жобасын әзірледі. Оған Мемлекет басшысы қол қойып, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құрды. Бұл күнде білікті мамандар даярланып, 650 мыңнан астам студент осы сала бойынша білім алып жатыр.
Қазір жасанды интеллектіні қолданбайтын сала жоқ. Бұл салаға ерекше көңіл бөлінуі тегін емес.
Республика күні қарсаңында Мемлекет басшысы кәсіпкерлермен кездесіп, болашақтағы ауқымды істер туралы айтқан еді. Бұл да көңілге үлкен медеу.
Мемлекет басшысы мектеп, аурухана салуға үлес қосқан, халқына көмек көрсеткен, қайырымдылықпен айналысып жүрген кәсіпкерлерді арнайы марапаттап келеді. Сұқбатта бұл тараптағы игі істер үлкен әңгіме өзегіне айналған екен. Сонымен бірге кейінгі кезде орын алған оқиғаларға байланысты да ашық әңгіме бопты. Сондай бір үлкен мәселе – әскердегі әлімжеттік пен тосын өлім-жітім. Бұл қазіргі таңда қоғамды толғандырып отырған күрделі мәселе. Президент бұған да тоқталып, өз пікірін білдірген екен. Құрылым басшыларымен өткен жиында армия Отанын қорғайтын азаматтарды тәрбиелеуді басты назарға алу қажеттігін ескертіп, орын алып жатқан олқылықтарды сынға алғанын білеміз.
Әскери қызметтің абыройын көтеру – еліміздің қорғаныс қабілетін арттырудың бірден-бір жолы.
Сұқбатта жастар мәселесіне де ерекше назар аударылған екен.
Президент қазіргі қазақ жастарының өз пікірі бар, болашағына сенімді, жан-жақты дамуға ұмтылатындығын атап өткен.
«Түркістан» газетіне берілген бұл сұхбаттан ойлы жастардың алары мол.
САЯСИ ЖӘНЕ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨЗГЕРІСТЕРДІҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ
Сұлтанбек Мәкежанов, Сенат депутаты:
– Сұхбатта көтерілген мәселелердің ауқымы кең, мазмұны терең. Ондағы ой-тұжырымдар ел дамуының қазіргі кезеңі мен болашақ бағытын айқын көрсетеді. Экономикалық өсімге қатысты айтылған ойлар ерекше маңызды. Мемлекет басшысы айтуынша, 2025 жылы еліміз рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Бұл – жүйелі реформалардың нақты нәтижесі.
Дегенмен, Президенттің өзі атап өткендей, мұндай жетістікке қарап босаңсуға болмайды. Инфляцияны қатаң бақылауда ұстап, әлеуметтік-экономикалық тұғырды нығайту – бүгінгі күннің басты талабы.
Маған Мемлекет басшысының баспасөздің, соның ішінде баспа басылымдарының рөліне қатысты ойы да жақын. Қысқа жазбалар мен үстірт ақпарат басым заманда терең оқып, саралап, ой елегінен өткізу – құндылықтарды сақтаудың және қоғамның ойлау мәдениетін қалыптастырудың маңызды тетігі.
Салық реформасына қатысты Президенттің ұстанымы да аса өзекті. Мемлекет басшысы бұл өзгерістерді қатардағы «фискалдық науқан» емес, экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз ететін жаңа салық жүйесін қалыптастыру деп атады. Президенттің айтуынша, бұл реформаға биылдың өзінде баға беріледі. Ал Жаңа Салық кодексі бақылауға емес, өзара серіктестікке негізделген қоғамдық келісімшартқа айналуы тиіс. Мемлекет, бизнес және азаматтар өз міндетін адал орындап, салық төлеу ауыртпалық емес, ел дамуына қосылған ортақ үлес ретінде қабылдануы – қоғамның кемелдік деңгейін көрсетеді.
Президенттің инфляция, жүктеменің тең бөлінбеуі, орта табысты отбасылардың осал жағдайы секілді нақты проблемаларды ашық айтуы өте маңызды. Бұл – адамдар күн сайын бетпе-бет келіп отырған шынайы мәселелер. Билік оларды статистика ретінде жасырып қалмай, анық көріп, нақты шешім қабылдауы тиіс.
Бюджеттік саясатқа келгенде де Мемлекет басшысының ұстанымы айқын. Ол қатаң бюджеттік тәртіптің қажет екенін, қаржы ресурстары тек мемлекетке шын мәнінде қажет жобаларға ғана жұмсалуы тиіс екенін баса айтты.
Инфрақұрылымды жаңғырту мәселесінде де нақты нәтижелер бар. Мемлекет басшысы энергетикалық және коммуналдық нысандарды жаппай жаңарту жұмыстары басталғанын айтты. Жүздеген шақырым инженерлік және электр желілері қайта жаңғыртылуда.
Президенттің айтуынша, қауіпті «қызыл» аймақта тұрған жылу электр станцияларының саны 19-дан 10-ға дейін азайды. Бұл – елдің энергетикалық қауіпсіздігін күшейтудегі нақты қадам.
Көлік-логистика саласына қатысты Президент Қазақстанды Еуразияның көлік хабына айналдыру стратегиялық міндет екенін атап өтті.
Туризм, цифрландыру, заңсыз активтерді қайтару, сыбайлас жемқорлықпен күрес, әлеуметтік және медициналық салаларды цифрландыру, конституциялық реформалар, жастар саясаты мен Тәуелсіздіктің 35 жылдығына қатысты ойлар – барлығы да елді жаңғыртуға бағытталған жүйелі көзқарастың көрінісі.
Президенттің айтуынша, 2026 жыл – ауқымды саяси және экономикалық өзгерістердің жаңа кезеңі. Биылғы жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялау – уақыт талабынан туындаған шешім.
Реформалар реформаның өзі үшін емес, келер ұрпақ тұрақты, әділетті әрі қуатты елде өмір сүруі үшін қажет.
Елдің тұрақты дамуы, әлеуметтік әділдік пен экономикалық беріктік – дәл осындай жүйелі әрі шынайы көзқарастың нәтижесі болмақ.
АГРАРЛЫҚ САЯСАТТАҒЫ БАСЫМДЫҚТАРДЫ ҚАЙТА ТАРАЗЫЛАУ МАҢЫЗДЫ
Сәкен Арубаев, Сенат депутаты:
– Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығын дамытуға қатысты берген сұхбаты – аграрлық саясаттағы басымдықтарды қайта таразылауға үндейтін маңызды бағыт.
Соңғы жылдары бұл салаға бюджеттен қомақты қаражат бөлініп келеді. Тек 2024 жылы шаруаларға 580 млрд теңге, ал былтыр 1 трлн теңге жеңілдетілген несие берілді. Соңғы он жылда мемлекеттік қолдау көлемі 10 есеге артты. Бұл – мемлекет тарапынан жасалып отырған үлкен мүмкіндік. Алайда, Президент атап өткендей, қаржының көлемі емес, оның нақты нәтижесі мен тиімділігі шешуші мәнге ие.
Егін шаруашылығында жүйелі шаралардың жемісі айқын көрініп отыр. Астық пен ұн экспорты рекордтық деңгейге жетіп, өнім өткізу географиясы кеңейді. Бұл – өнімділік пен тиімділікті арттыруға бағытталған саясаттың дұрыс екенін дәлелдейді.
Ендігі кезекте, Мемлекет басшысы ерекше тоқталғандай, мал шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру – стратегиялық міндет. Әлемдік нарықтағы сұраныс өсіп келеді, ал Қазақстанның, әсіресе Азия елдеріне, ірі ет экспорттаушысына айналу әлеуеті зор. Былтыр өткен Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің екінші форумының дәл осы бағытқа арналуы – соның айғағы.
Сонымен қатар, Президент субсидиялау саясатына да байыппен қарау қажеттігін атап өтті. Мемлекеттік қолдау бір жағынан өте қажет, екінші жағынан масылдық көңіл-күй қалыптастырмауы тиіс. Бүгінде ірі шаруашылықтар көбірек қолдау алып, шағын шаруалар шет қалып отырғаны – жүйелі түрде шешуді талап ететін мәселе. Үкіметке бұл бағытта нақты тапсырмалар берілді.
Осы тұрғыда кооперацияны дамыту – уақыт талабы екенін. Шаруалардың бірлесіп еңбек етуі өнімділікті арттырып қана қоймай, өңдеу мен нарыққа шығу мүмкіндігін кеңейтетінін. Дамыған елдердің тәжірибесі көрсеткендей, кооперация – табысты ауыл шаруашылығының берік негізі. Бұл – күнкөрістен өсіп-өркендеуге бастайтын жол, бірлік пен жасампаздықтың нақты көрінісі екенін де тілге тиек етті.
Сонымен қатар, кооперация мәжбүрлеумен емес, түсіндіру мен сенім арқылы қалыптасуы тиіс. Мемлекет пен қоғамның міндеті – шаруаларға дұрыс бағыт-бағдар беріп, олардың бастамасына қолдау көрсету керектігін баса айтты.
Мемлекет басшысының бұл ұстанымдарын толық қолдаймын. Ауыл шаруашылығын сапалық тұрғыдан дамыту, әр теңгенің қайтарымын қамтамасыз ету және ауыл еңбеккерінің әл-ауқатын арттыру – бәрімізге ортақ міндет.
Mezgil.kz