Киев үшін маңызды құжат: Еуропа әскері Украинаны Ресейден қорғай ма?

Кеше Парижде Украинаға «қауіпсіздік кепілдігін беру» бойынша Еуропа елдері мен АҚШ-тың бірлескен жиыныны өтті. «Ниеттестер коалициясы» деп аталатын бұл жиынға 30 елдің басшысы, АҚШ өкілдері Стиф Уиткофф пен Жерар Кушнер, Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляен мен НАТО Бас хатшысы Марк Рютте қатысты.

1767780602121222.png

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)

ЗЕЛЕНСКИЙ МЕН ТРАМП НЕ КЕЛІСТІ?

Бұл басқосу – Зеленский мен Трамптың Флоридадағы Мар-а-Лаго резиденциясында өткен жүзбе-жүз кездесуінен кейін ұйымдастырылып отырған ауқымды жиын. Ол кездесуде Зеленский мен Трамп Украинадағы соғысты тоқтату, АҚШ әзірлеп, кейін түзетулер енгізілген бейбіт бітім жоспары мен Украинаға берілуі керек қауіпсіздік кепілдігі мәселелері талқы болған.

Аталған келіссөздер кезінде Украинаға қауіпсіздік кепілдігін беру бойынша ортақ келісімге келгені белгілі болған. Шешілмей тұрған мәселе – Донецкі облысынан Украинаның толық шығарылуы туралы Ресейдің талабы. Зеленский: «Бейбіт жоспар 90 пайызға дайын. Алайда, территория мәселелері бойынша келіспеушілік бар», - деген.

УКРАИНА ҮШІН МАҢЫЗДЫ ҚҰЖАТ: ПАРИЖДЕ ҚАНДАЙ КЕЛІСІМ ЖАСАЛДЫ?

Париждегі жиынның қорытындысы бойынша «Париж декларациясы» дейтін құжатқа қол қойылды. Құжат 5 маңызды тармақтан тұрады. Онда:

БІРІНШІ – АҚШ болашақ атысты тоқтату режимінің орындалуын бақылайды. Ол үшін арнайы механизмд әзірленген, оны АҚШ үйлестіреді. Сондай-ақ бітімді бұзушылыққа жауап беріп, кім кінәлі екенін анықтайтын арнайы комиссия құрылады.

ЕКІНШІ – «Ниеттестер коалициясы» мүшелері Украина Қарулы Күштерін қолдауды жалғастыру туралы шешім қабылдайды. Егер Ресей қайта агрессия жасаса немесе қазіргі агрессиясын жалғастырар болса, бұл қолдау Украина қорғанысының «бірінші желісі» болуы керек. Бұл Украина армиясын қаржыландыруды, қару-жарақ жеткізуді және бекіністерді салуға көмектесуді қамтитын тармақ.

ҮШІНШІ – Украина аумағына «Ниеттестер коалициясының» көпұлтты әскери контингентін орналастыру туралы келісім. Олар Украина армиясын қалпына келтіруге және қандай да бір сыртқы агрессияны тежеуге көмектеседі. Бітімгерлік миссия Украина аумағында келісе отырып, әуеде, жерде және теңізде қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша әскери жоспарлауды жүзеге асырады. Бұл күштер соғыс қимылдары аяқталғаннан кейін ғана Украина аумағына орналастырылады және оларға АҚШ көмектесуі мүмкін.

ТӨРТІНШІ – «Ниеттестер коалициясы» бейбітшілікті қалпына келтіру және болашақта Ресей шабуылы болған жағдайда Украинаны қолдау туралы заңды міндеттеме алады. Бұл тармақта келісімге қол қойған елдер мұндай міндеттемелерді заң жүзінде бекітетіні және болашақта агрессия жасалған жағдайда «әскери мүмкіндіктерді, барлауды, логистикалық қолдауды, дипломатиялық бастамаларды және қосымша санкцияларды енгізуге» міндеттеме арқалайтыны жазылған.

БЕСІНШІ – Украинамен ұзақ мерзімді қорғаныс саласындағы ынтымақтастықты дамытуға міндеттеме жүктейді. Бұған әскери дайындық, бірлескен қару-жарақ өндіру және барлау саласындағы ынтымақтастық кіреді.

1767780686577623.png

(Сурет: bbc.com)

УКРАИНА, ФРАНЦИЯ МЕН ҰЛЫБРИТАНИЯ КЕЛІСІМІ

Бұған қоса, аталған басқосу барысында Украина, Франция мен Ұлыбритания үшжақты декларацияға қол қойды. Ол бойынша – Париж бен Лондон соғыс пен ұрыс қимылдары тоқтаған соң Украина аумағына әскери контингентін жіберуге келісті. Мұнымен қоса, Франция мен Ұлыбритания Украина аумағында әскери орталықтар мен Украина армиясына арналған қоймалар салуға уағдаласты.

УКРАИНАҒА КӨМЕК: ТАРАПТАР НЕ ДЕЙДІ?

Аталған саммиттің қорытындысы бойынша тараптар өз пікірлерін ашық жария етті.

Стив Уиткофф пен Жерард Кушнер, АҚШ-тың арнайы өкілдері:

– Бұл жиын Украинада бейбітшілік орнату бойынша айтарлықтай нәтижелі бастамаларға толы болды. Біз негізінен қауіпсіздік протоколдары бойынша жұмысты түйіндедік. Украина халқы мынаны түсінсін, бұл құжаттың мақсаты – соғысты, ұрыс қимылдарын уақытша емес, біржолы тоқтату. АҚШ президенті Трамп Украинада бейбітшілік орнағанын қалайды. Сол үшін де біз бейбіт процесстерге арағайындық жасаудамыз, - деді.

Эммануел Макрон, Франция президенті:

– «Ниеттестер коалициясы» АҚШ-пен бірлесе отырып, Уашингтонның көмегіне жүгіне отырып Украинаға заңмен бекітілген қауіпсіздік кепілдігін беруі керек. Қауіпсіздік кепілдігі – Украинаға қайта агрессия жасалмауына нақты кепілдік беретіндей күшке ие болуы шарт.

Ресей ақырғы 15 жылда берген бітім уәделерін үнемі бұзып келеді. Оның мысалын біз Молдовадан, Грузия мен Украинадан көрдік. Мұндайдың енді қайталануына жол берілмеуі керек. Ескерте кететін жайт – Украина аумағына орналастырылатын бітімгерлік миссия майдан шебінен алыста орналасатын болады, - деді.

Кир Стармер, Ұлыбритания премьері:

– Біз Украина, Франция мен Ұлыбритания арасында үшжақты маңызды декларацияға қол қойдық. Бұл британдық, француздық және серіктес елдердің әскери күштерінің Укарина аумағында құқықтық негізде әрекет етуіне жол ашатын құжат. Бітімгерлік миссия Украина аспанында, жері мен теңізінде қауіпсіздіктің сақталуын қамтамасыз ететін болады. Сонымен қатар, Украина әскерін қалпына келтіруге жұмыс жасайды. Британия мен Францияның әскери контингенті соғыс аяқталған соң Украина аумағында әскери хабтар мен қоймалар, әскери нысандар мен қорғаныс кешендерін салатын болады. Бұл Украина әскерін қолдауға бағытталған қадамдар, - деді.

Владимир Зеленский, Украина президенті:

– Парижде қол қойылған декларациялар Украина аумағында бейбітшілік орнатуға бағытталған ауқымды қадамдар. Біз бейбітшіліктен ешқашан бас тартқан емеспіз. Керісінше, соғыстың алғашқы күндерінен бері соғыстың, ұрыс қимылдарының тоқтатылуын айтып келеміз. Қазірге бейбіт келісімнің көп бөлігі бойынша келісімге келдік. Шешілмей тұрған бір мәселе – жер дауы. Дәл осы мәселе ұрыс қимылдарын тоқтатуға басты кедергі болып тұр. Біз АҚШ-пен қауіпсіздік кепілдігі туралы келісімге қол қоюға дайынбыз. Мұнда де басты кедергі – территория мәселесі болып тұр, - деді.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар