Трамп Кубаны басып алуға да дайындалып жатқандай әсер қалдырады. Кубада қарапайым халық арасында қазір мұңды, бірақ ащы әжуа айтылып жүр. Олар: «Мәңгілік болады деген әулет аралда «El Caballo» – «Ат» деген лақап атпен белгілі Фидель Кастроның туғанына 100 жыл толатын 2026 жылдың 13 тамызында аяқталуы мүмкін», – деп күңірене әзілдейді. Бұл әжуа бекер емес.

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)
КУБАНЫҢ КҮНІ ҚАРАҢ БА? КАСТРОНЫҢ ҚОЛЫНАН НЕ КЕЛМЕДІ?
2006 жылы Фидель Кастро ауырғаннан кейін билік тізгінін інісі Раул Кастро қолға алды. Төрт жылдан соң ол парламентте сөйлеп, елге реформа қажет екенін ашық мойындады. Сол кезде Раул: «Не біз жағдайды өзгертеміз, не жардың шетінде жүріп, ақыры соған құлаймыз», – деген еді. Алайда сол реформалардың барлығы қағаз жүзінде ғана қалды. Ал қазір Куба расымен де жардан құлағалы тұрған елге ұқсайды.
Куба экономикасы ұзақ жылдар бойы Венесуэланың мұнайына тәуелді болды. Венесуэла әлсіреген соң, Куба билігі де тығырыққа тірелді. Осы жағдайда олар жанталасып қадам жасауға көшті. Сондай жанталастардың бірі – Каракаста Николас Мадуро мен оның әйелі Силия Флорес жасырынған казармаға жасалған шабуыл кезінде қаза тапқан 32 кубалықтың аты-жөні мен фотосуреттерін жариялау болды.
МАДУРОНЫ ШАЛ-ШАУҚАН КУБАЛЫҚТАР КҮЗЕТКЕН БЕ?
Бірақ бұл дерек жаңа сұрақтарды алға шығарды. Бұрын кубалықтар Мадуроның қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүргені белгілі еді. Бірақ жасы алпыстан асқан, Кеңестік дәуірден қалған кубалық полковниктердің автомат асынып, Венесуэла басшысының резиденциясын күзетіп тұрғанын елестету қиын. Сондықтан олар күзетші емес, басқа тапсырмамен жүрген болуы мүмкін деген ой туады. Мадуроны «шал-шауқан кубалықтар күзетті» деу шындыққа жанаспайды.
АҚШ-тағы сарапшылардың бәрі бірдей Куба Трамп әкімшілігінің қысымына шыдамай, әп-сәтте құлайды деген пікірге сенбейді. Ел ұзақ жылдар бойы әлсіреп тұрса да, әлі күнге дейін құлаған жоқ. Байден әкімшілігінде Батыс жарты шары бойынша директор болған Хуан Гонсалестің айтуынша, Кубада азық-түлік тапшылығы мен жарықтың жиі өшуі бұрыннан бар. Мұнай жеткізу тоқтаса, жағдай ауырлайтыны анық, бірақ Куба басшылығы жылап-еңіреп отырған жоқ.
Ал Майами университетінің профессоры Майкл Бустаманте бұған басқаша қарайды. Оның пікірінше, Куба толық күйреуден аман қалады деп ойлау да аңғалдық. Өйткені 80-жылдардың соңы мен 90-жылдардың басында КСРО мен Ресейдің көмегі тоқтағанда да ел дәл осындай ауыр кезеңді бастан өткерген.
КУБА ЕНДІ ШЕТ ЕЛДІҢ КӨМЕГІНЕ СЕНЕ АЛМАЙДЫ!
Куба басшылығы енді шет елдердің көмегіне бұрынғыдай сене алмайтынын түсініп отыр. Өткен жылы Ресей мен Мексика Кубаға аздаған мұнай жіберді. Бірақ Мексика президенті Клаудиа Шейнбаум ел ішінде Кубаға көмекті тоқтатуды талап етіп отырған күштердің қысымына ұшырап отыр.
Осы арада Венесуэла мен Куба арасындағы қарым-қатынас та ыдырай бастады. Венесуэлада жұмыс істеп жүрген кубалық дәрігерлер алаңдаулы күйде. Әртүрлі дерек бойынша, олардың саны 10 мыңнан 14 мыңға дейін жетеді. Олар елдің барлық аймағында, тіпті джунглилерде де қызмет етіп жүр. Кубаның тәуелсіз «14 y medio» басылымының мәліметінше, бұл дәрігерлерді эвакуациялау 16 қаңтарға дейін басталуы керек. Бұл медициналық миссияның тоқтауы Куба үшін ауыр соққы. Өйткені Гавана Мадуро үкіметі төлеп отырған ондаған миллион доллардан айырылады. Ең бастысы – венесуэлалық мұнайсыз қалады.
ҚЫТАЙ КУБАҒА КӨМЕКТЕСУГЕ АСЫҒЫП ОТЫРҒАН ЖОҚ
Кубаның сыртқы қарызының үлкен бөлігі Қытайға тиесілі. Бірақ Қытай Кубаға көмектесуге асығып отырған жоқ. Қытай да, Вьетнам да Куба басшылығына экономикалық жоспарларды қайта қарап, идеологиядан гөрі тиімділікке мән беруге кеңес беріп келеді.
АҚШ: КУБА КЕЛЕСІ НЫСАН!
Осы тұста Трамп пен АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио да Кубаға қатысты қатқыл мәлімдемелер жасады. Трамп Мар-а-Лагодан Вашингтонға оралған соң, журналистерге мұнайсыз қалған Кубаны толық күйреу күтіп тұрғанын айтты. Оның сөзінше, АҚШ-қа арнайы әрекет жасаудың өзі қажет емес, Куба өздігінен-ақ құлайын деп тұр. Бірақ соған қарамастан, Куба Венесуэладан кейінгі келесі нысана екенін де жасырмады.
Марко Рубио болса, АҚШ Кубаға белгілі бір деңгейде соққы бере алатынын меңзеді. NBC арнасына берген сұхбатында ол қандай қадам жасалатынын ашып айтпаса да, Хаванадағы билік үшін алаңдауға себеп бар екенін жеткізді.
Венесуэлада Трампты мұнай қызықтырса, Кубада мұнай мардымсыз. Аралдың солтүстігінде тәулігіне небәрі 40 мың баррель өндіріледі, оның өзі туризм аймақтарын ластайды. Кейбір сарапшылардың пікірінше, АҚШ-тың ішкі іске араласуына 1960 жылдары Фидель Кастро америкалық компаниялардың мүлкін тәркілеуі себеп болуы мүмкін.
Алайда Кубаға басып кіру аса қауіпті қадам болмақ. Кубалықтар өз билігіне наразы болғанымен, америкалық интервенцияны қабылдамайды. Кубаның бұрынғы жоғары лауазымды дипломаты Карлос Альсугарайдың айтуынша, халық АҚШ араласқанын емес, өз үкіметінің нақты реформалар жасағанын қалайды. Оның үстіне, Куба АҚШ-қа тым жақын орналасқан. Егер қарулы қақтығыс басталса, Флоридаға қарай босқындардың үлкен легі ағылуы әбден мүмкін.
Mezgil.kz