ЖІӨ көлемі 4,18 триллион долларға жеткен Үндістан экономикасы Жапонияны артта қалдырып, АҚШ, Қытай және Германиядан кейін әлемде төртінші орынға шықты.

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)
Бұл жағдай тосын жаңалық емес, алайда елдің өсу қарқыны мен тұрақтылығы бұл үдерістің тек Оңтүстік Азия үшін ғана емес, жалпы жаһандық экономикалық тепе-теңдік үшін айрықша маңызға ие екенін айқын көрсетті.
ҮНДІСТАН ҚАЛАЙ ӨЗГЕЛЕРДЕН ОЗДЫ?
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы, Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банк есептеріне сүйенсек, 2025 жыл Үндістан экономикасы үшін бетбұрыс кезеңге айналды. Аталған ұйымдар алдағы екі жылда ел экономикасы жылына 6,2–6,7 пайыз аралығында өседі деп болжап отыр, бұл көрсеткіш «Үлкен жиырмалық» елдерінің ішінде ең жоғарысы саналады. Егер осы қарқын сақталса, Үндістан алдағы екі-үш жылда Германияны да басып озып, 2030 жылға қарай жалпы ішкі өнім көлемін шамамен 7,3 триллион долларға жеткізуі әбден мүмкін.
Бұл табыс қолайсыз сыртқы жағдайда қалыптасып отыр. Әлемдік саудадағы белгісіздікке, сондай-ақ Үндістанның ресейлік мұнайды сатып алуына байланысты АҚШ енгізген жоғары баж салығына қарамастан, ел экономикасы тұрақтылығын көрсете алды. Мұның өзі ішкі сұраныстың күшейгенін және Үндістанның экспортқа тәуелді емес, салыстырмалы түрде дербес даму моделін таңдағанын аңғартады.
Дегенмен, жаһандық рейтингтегі бұл серпін бірқатар ішкі теңгерімсіздіктерді де жасырып отыр. Атап айтқанда, жан басына шаққандағы ЖІӨ небәрі 2 694 доллар шамасында қалып отыр, бұл көрсеткіш Жапония мен Германия деңгейімен мүлде салыстыруға келмейді. Осы айырмашылық Үндістанның екіжақты сипатын айқын көрсетеді: ел ауқымы жағынан экономикалық алыпқа айналып келеді, алайда халықтың әл-ауқаты тұрғысынан әлі де дамушы мемлекет деңгейінде.
ҮНДІСТАН ДЕМОГРАФИЯСЫ
Бұл жағдайда негізгі фактор – демография. Үндістан халқының төрттен бірінен астамы 10–26 жас аралығында, ал еңбекке қабілетті халық саны 2024 жылы шамамен 980 миллион адамға жетті және 2033 жылға қарай 1,07 миллиардқа дейін өсуі мүмкін. Бұл ел үшін зор демографиялық мүмкіндік әрі Еуропа мен Шығыс Азиядағы қартайған қоғамдармен айқын қарама-қайшылық қалыптастырады. Алайда бұл әлеует тек миллиондаған сапалы жұмыс орындары құрылған жағдайда ғана толық іске асады. Осы тұста автоматтандыру мен жасанды интеллектіні жедел енгізу еңбек нарығына қосымша қысым түсіріп, жаңа жұмыс орындарын құру үдерісін күрделендіруі мүмкін.
Соңғы жылдардағы экономикалық серпін Үндістанда ішкі тұтынудың негізгі қозғаушы күшке айналғанын көрсетті. Жеке тұтыну көлемі 2013 жылғы 1 триллион доллардан 2024 жылы 2,1 триллион долларға дейін өсіп, бүгінде елдің жалпы экономикалық өсімінің шамамен 60 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Кірістердің артуына қарай халық біртіндеп базалық тауарлардан автомобильдерге, тұрмыстық техникаға, қызмет көрсету саласына, туризм мен сапалы өнімдерге бет бұруда. 2030 жылға қарай орта тап арасындағы жан басына шаққандағы табыс шамамен 5 мың долларға дейін өсіп, елдің тұтынушылық бейінін түбегейлі өзгертуі ықтимал.
Қазіргі таңда үнді үй шаруашылықтарының тек 20 пайызы ғана орташа табыстан жоғары санатқа жатады, алайда 2033 жылға қарай олардың саны екі есе өсіп, шамамен 90 миллионға жетуі мүмкін. Бұл орасан зор нарықтың қалыптасуын білдіреді. Мәселен, АҚШ-та мың тұрғынға 850-ге жуық автомобильден келсе, Үндістанда бұл көрсеткіш бар болғаны 57 ғана. Мұндай алшақтық тұтыну экономикасының барлық секторында әлі іске асырылмаған сұраныстың ауқымын айқын көрсетеді.
ҮНДІСТАН ЭКОНОМИКАСЫ ҺӘМ ЦИФРЛАНДЫРУ
Өсудің тағы бір маңызды факторы – цифрландыру. Үндістанда бүгінде 70-тен 120-ға дейін «юникорн» санатындағы жоғары технологиялық компания қалыптасқан, бұл елді осы көрсеткіш бойынша АҚШ пен Қытайдан кейін әлемде үшінші орынға шығарды. Интернеттің кең таралуы экономикалық белсенділікке миллиондаған жаңа тұтынушылар мен кәсіпкерлерді тартып, тіпті ауылдық және шалғай өңірлерде де нарықты кеңейтуге мүмкіндік берді. Мұның бәрі мемлекет жүргізіп отырған байыпты әрі белсенді саясатпен ұштасып отыр. Көлік және қала инфрақұрылымына, логистика мен энергетикаға салынған ірі инвестициялар өндіріс шығындарын төмендетіп, үнді өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін арттырды. Фармацевтика, электроника және қорғаныс салаларындағы салықтық жеңілдіктер мен реттеуді жеңілдету халықаралық компанияларды өндірісті Қытайдан Үндістанға көшіруге ынталандырды.
Осының нәтижесінде демографиялық әлеует, ішкі сұраныс, цифрландыру және белсенді өнеркәсіптік саясат бір-бірін толықтырып, Үндістанның Германияны басып озады деген болжамдарды барған сайын шынайы етіп отыр. Экспортқа тәуелді әрі сыртқы нарықтар мен энергия бағасына қатты байланған Германия экономикасы өсу шектеулеріне тап болса, Үндістан негізінен өз ішкі нарығы мен ішкі динамикасына сүйенеді. Ақыр соңында бұл үдеріс әлемдік экономикадағы кең ауқымды өзгерісті білдіреді: экономикалық тартылыс орталығы біртіндеп демографиялық және құрылымдық шектеулері бар дамыған елдерден халқы көп әрі ішкі өсу әлеуеті жоғары мемлекеттерге қарай ауысып келеді.
Үндістан әзірге «бай» экономикаға айналған жоқ, бірақ оның жаһандық ЖІӨ сатысымен жоғары көтерілуі бұрыннан қалыптасқан күштер теңгерімін өзгертіп, ұзақ мерзімді экономикалық ықпалдың жаңа шындығын қалыптастыруда.
ҚАЗАҚСТАН МЕН ҮНДІСТАН
2025 жыл Қазақстан үшін сыртқы саяси белсенділік пен ширығу кезеңі болды. Ақорда біршама сақ әрі батыл қадамдар жасап, әлемдік күш орталықтары арасындағы тепе-теңдікті сақтай отырып, көптеген ірі дипломатиялық қадамдар арқылы өз маневр жасау алаңын кеңейтуге тырысты. Осыған дейін біздің сыртқы байланыстарымыз рационалды болды, прагматикалық болды. Барынша теңгерімді, есептелген қарым-қатынастар болды.
Қазақстанға да өзінің сыртқы экономикалық-саяси интеграциясын әртараптандыру үшін теңгерімді, көп жақтылы саясатты ұстанып, дипломатияны дамыту керек. Логистикалық жолдарға, әсіресе оңтүстікке, Үндістанға қатты мән берген жөн. Үндістан бірінші кезекте. Үндістан – Қытайға балама болады.
Mezgil.kz