Кремль бұлбұлы Соловьев Орталық Азияға соғыс ашпақ па?

Кремльдің соғыс пропогандасында көзге жиі түсетін екі адам бар: бірі – Ресейдің Қауіпсіздік Кеңесін басқарып отырған Д.Медведев болса, екіншісі – мінезі алақұйын, бірде «а ля гитлер» үлгідегі айғайшыл, бірде «ақылайтқыш»  В.Соловьев.  

1768211082394685.png

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)

Жуырда «Кремль бұлбұлы» тағы да кезекті мәлімдемесін жасады: Ол Ресей үкіметін ТМД елдеріне қарсы соғыс бастауға шақырды...

Владимир Соловьевтің енді Ресейге «арнайы әскери операцияны» Армения мен Орталық Азияға дейін кеңейту мүмкіндігі туралы мәлімдемелері бұл елдерде үлкен резонанс пен алаңдаушылық туғызды. Өйткені, бұл сөздер іс жүзінде күш қолдануға, яғни соғысқа және халықаралық құқық нормаларын елемеуге шақыру болып табылады.

Сарапшылардың пікірінше, мұндай мәлімдеме Ресейдегі «соғыс партиясының» радикал қанатының логикасына сай келеді және ол сыртқы аудиторияға да, посткеңестік кеңістіктегі елдерге де бағытталуы мүмкін.

СОЛОВЬЕВ НЕ ДЕП САЙРАЙДЫ?

Бұлбұл өзінің сөзін АҚШ‑тың Венесуэлада жасаған «арнайы операциясына» қатысты туындаған.

Яғни, ол: «АҚШ осы әрекеті арқылы «Халықаралық заідар нормасын» жоққа шығарды. Ендеше, бізге Халықаралық заңдармен санасуға не жорық? Бізге өзіміздің ықпалымыз жүретін аймақты күшпен болса да бағындыруымыз керек. Ол, әрине, Украина, Армения, Орталық Азия елдері. Міне, осы елдер әруақытта Ресейдің «ықпалды аймағы» болып келген. Бізге қазір Венесуэла да, Сирия да маңызды емес. Бізге Армения, Орталық Азия маңыздырақ. Бізге оларды «жоғалту» әлдеқайда аур. Ендеше, біз оларға «ойын бітті», енді біздің халықаралық нормаларға «түкіргеніміз» бар ‑  сендер біздің ықпалымыздағы ел боласыңдар!» деп ашық айту керек. Оларға қарсы жедел «арнайы соғыс операциясын» бастау керек. Және, бізге украиндарды «аяуды» қою керек...  Еуропа не десе о десін, біз оларды жоқ қыламыз – өйткені бұл территориялар Ресей ықпалында қалуы керек», деп сайрады.

Әрине, Соловьев Ресей‑Украина соғысы басталғаннан бері қаншама рет Парижді, Брюсселді, Лондонды, Берлинді, Варшаваны тактикалық қарумен «талқандағанын» естідік. Оған да құлақ үйрене бастағандай еді... Кейде, оны «ауру адамның сөзі» деп те қабылдап жаттық...

Бірақ, Ресей билігі осыған дейін Солвьевке қатысты ешбір шара қолданған емес: қарсы не қолдайтын пікір айтпады. Соған қарағанда, Ресей билігі оны өздерінің «идеологиялық қаруы» ретінде қолданып отыр деуге болады. Сірә, Ресей өзге елдер мұның сөзін қорқынышпен қабылдап, «айтқанға көнеді, айдауға жүреді» деп ойлайтын болса керек...

КРЕМЛЬДІҢ БАСТЫ ҚОРҚЫНЫШЫ – АРМЕНИЯДАН АЙЫРЫЛУ МА?

Мәселен, Арменияны алып қарайық: олар ұзақ жылдар Халқаралық норманы бұза отырып, Әзербайжанның БҰҰ‑да мойындалған территориясы – Қарабақты оккупациялап отырды. Олар оны Ресейдің «айтақтауымен» және қарулы көмегімен жүзеге асырды. Ақыр соңында Әзетбайжан ұзақ жылдар әскери қимылға дайындалып, өзінің территориясын Армениямен «қысқа соғыста»  қайтарып алды. Со кезде Армения Ресейден көмек күтті. Алайда, Ресей құрғақ сөзден арыға бармады, себебі, өзі де Украинамен соғысуға дайындалып жатқан еді...

Нәтижесінде, Армения Ресеймен бірлескен одақтардан іс жүзінде сырт айнала бастады. Еуропамен қарым‑қатынасты түзеуге көшті... Ал, Трамп АҚШ‑қа президент болып қайта сайланған соң, Армения Трамптың араласуымен «соғыстан гөрі бейбіт экономикалық‑сауда қатынасы елге әлдеқайда пайдалы» деген қорытындыға келді. Сөйтіп Армения мен Әзербайжан президенттері АҚШ‑та кездесіп, бәріне пайдалы «үшжақты экономикалық келісімдерге» қол қойды...

Сөйткен Армения, енді, «Соловьев деген шала есті біреу осылай депті» деп Ресейдің «құшағына» ене салады дегенге кім сенеді!? Оның үстіне, әлемнің 150‑ден астам елінен санкцияға ұшырап, әлемдік изоляцияға ұшыраған Ресейден Армения қандай пайда табады? Міне, тек Арменияға қатысты осы ойды айтуға болады.

АЛ, ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ШЕ?..

Осыған қатысты тағы бір сұрақ туындайды: «Қазіргі кезде «Түркі әлемі» атты идея төңірегінде біріге бастаған, осы бағытта алғашқы ірі шешімдер қабылдай бастаған Қазақстан мен Орта Азия елдерінің халықтары шынымен де өздерін әлі күнге дейін «Ресей ықпалындағы елміз» деп санай ма?» деген... Олай болса, оларға «Түркі әлемі» туралы айтудың не қажеті бар еді?..

Міне, көзі «империялық тұманмен» тұманданған В.Соловьев осыны ұқпай отыр. Ұқса да, Украинадан алып жатқан жойқын соққыларға жаны күйіп, ызадан жарылардай боп, аузына келгенді айтуға мәжбүр болып отыр...

ВЕНЕСУЭЛАДАҒЫ ОҚИҒА ТУРАЛЫ

Ал, «Венесуэла оқиғасына» келсек, онда мәселе былай: АҚШ Венесуэланы жаулап алған жоқ, қалаларын қиратқан жоқ, тұрақты әскерін кіргізген жоқ, тіптен, ондағы Мадуро орнатқан режимді өзгерткен де жоқ.

АҚШ өз әрекетін «Наркоманияға қарсы қылмыспен халықаралық деңгейдегі күрес» форматында жүзеге асырды. АҚШ алдымен Мадуроны  «есірткі наркобароны», «наркоқылмыскер» деп жариялады: «Ол АҚШқа қауіпті адам» деп, оны арнайы операциямен ұстап, өз еліне алып кетті. Енді сот АҚШта өтеді. Мадуро АҚШ заңы бойынша жазасын алады – 40 жылға сотталуы мүмкін. Бұл жерде Соловьев айтқан БҰҰ заңы бұзылып тұр ма? Сырт көзге – бұзылмаған.

Бірақ, Мадуро Венесуэла елінің президенті. Міне, осы статусты алға тартқан бірқатар елдер, әсіресе Ресей мен Қытай «Халықаралық заң бұзылды» деп дабыл қағуда...

РЕСЕЙДІҢ ӨЗІ ЗАҢ БҰЗДЫ!

Осы тұрғыда, Ресейдің Украинаға ашқан «АСО» (СВО) әрекеті қалай бағалануы керек? Шындығын айтсақ, мұнда Халықаралық Заң нақты бұзылып отыр: Тәуелсіз Украинаның жерін соғыспен тартып алу, өз әскерін Украинаға кіргізу, бейбіт қалаларын атқылау, тұрғындарын өлтіру және т.т.

Яғни, Ресей қазіргі кезде барлық заңдарды аттап өткендіктен, «әлемдік агрессор» атағына ие болып, әлемдік санкцияларға ұшырап отыр. Ендеше, осыны «білмеген» Соловьев ақымақ па, әлде, Ресейді «агрессор» деп жариялап, санкциялар салған әлем ақымақ па?

Ресей, тіптен, Украина атом бомбасынан ерікті түрде бас тартқанда «Украина қауіпсіздігіне кепілдік береміз» деп қол қойған Будапешт мемерандумынан, ондағы уәдесінен бас тартып отырған жоқ па? Ал, ондай уәде Қазақстанға да берілген болатын... Бүгін Соловьев «Қазақстанға СВО ашу» деп ол уәдеден де бас тартуға шақыруда...

Негізі, бүгінде Орталық Азия елдері көшбасшы ел ретінде Қазақстанды мойындап отыр. Ендеше, Соловьевтың бүгінгі мәлімдемесіне ең алғашқы болып Қазақстан Ресейге ресми түрде Нотамен жауап беруі тиіс деп ойлаймыз. Және Соловьевтың жеке басына қатысты Қазақстанда арнайы сот шешімі шығуы керек деп санаймыз.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар