Бүгін Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының құрылғанына 100 жыл толды.

(Суреттер: sm1.kz, aikyn.kz, kazgazeta.kz)
Бүгін қазақ ұлттық кәсіби сахна өнерінің қара шаңырағы болып табылатын Мұхтар Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрының ашылғанына 100 жыл толды.
Негізін Жұмат Шанин, Смағұл Сәдуақасов, Жүсіпбек Аймауытовтар қалаған қазақтың профессионалды театр өнерінің қара шаңырағы - Мұхтар Әуезов атындағы академиялық театры 1926 жылы сол кездегі қазақтың астанасы Қызылорда қаласында тұңғыш шымылдығын көтерген.
Осы айтулы датаға орай ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева арнайы құттықтау жолдады.
Аида Балаева: «Қазақ руханиятының қара шаңырағы – Мұхтар Әуезов атындағы Ұлттық драма театрының 100 жылдық мерейтойымен баршаңызды құттықтаймын!
Ғасыр бұрын «Еңлік-Кебекпен» ашылған қасиетті шымылдық содан бері талай дәуірді артқа тастап, ұлттың тағдырлы кезеңдерін, арман-мұратын сахна тілімен сөйлетіп келеді. Киелі сахнада қазақ драматургиясының інжу-маржанына айналған «Абай», «Қобыланды», «Қарагөз», «Айман – Шолпан» және өзге де туындылар сахналанды.
Өнер ошағы Алматыға қоныс аударып, 1937 жылы академиялық мәртебе алды, кейін оған Мұхтар Әуезовтің есімі берілді. Бүгінде «Ұлттық» мәртебеге ие театр әлемдік мәдени кеңістікке батыл қадам жасап келеді. Театр бүгінде ұлт өнерін өркендетіп, дәстүр сабақтастығын сақтап, үлкен шығармашылық орда қалыптастырып отыр.
Театр ұжымына зор денсаулық, шығармашылық шабыт, өнер жолында жаңа жетістіктер тілеймін!» деді.
Mezgil.kz