АҚШ-тың Венесуэлаға қарсы операциясынан кейін әлемдік геосаяси картада айтарлықтай алашапқындық бола бастады. АҚШ өзінің ықпал ету аймақтарын айшықтап, Куба, Колумбия, Мексика, Гренландия секілді аймақтарға азуын көрсетті.

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)
Осыдан соң, жердің түкпір-түкпіріндегі сарапшылар АҚШ-тың келесі нысаны кім болмақ деген сауалға ызу-қызу жауап іздеуге кірісіп кетті.
Гренландия, Мексика мен Колумбия кейстерінен гөрі АҚШ-тың келесі қақтығыс аймағы Куба болуы мүмкін деген болжам жиірек айтылуда. Сарапшылардың бір тобы: «АҚШ Кубаға қарсы Венесуэла сценарийін қолданбайды. Куба іштен бүлінеді», - дегенді айтса, тағы бір топ сарапшылар: «Куба мен АҚШ ашық конфронтацияға түсуде. Мұның ақыры Уашингтонның әскери араласуына ұласуы мүмкін», - дегенді меңзейді.
ТРАМПТЫҢ ҚОҚАН-ЛОҚЫСЫ. ГАВАНАНЫҢ ЖАУАБЫ
Сонымен келесі нысан – Куба ма? Трамптың қоқан-лоққысына Гавана қалай жауап береді және Венесуэла мұнайының орнын немен толтырмақ?
АҚШ президенті Дональд Трамп Кубаны өз саясатының келесі нысанасына айналдыруы мүмкін екенін меңзеп отыр. Ал мемлекеттік хатшы Марко Рубио бұған дейін де Венесуэладағы Николас Мадуро режимінің құлауын Кубаны коммунизмнен «азат етумен» тікелей байланыстырған.
МҰНАЙДЫҢ СОҢЫ – КУБАНЫҢ СОҢЫ МА?
«Куба құлауға шақ тұр. Енді Кубаның ешқандай табыс көзі жоқ. Барлық табыс Венесуэладан, венесуэлалық мұнайдан келетін. Енді олар ештеңе алмай отыр. Куба шынымен-ақ құлағалы тұр», – деді Трамп өткен аптада.
Бұған жауап ретінде Куба президенті Мигель Диас-Канель «елінің 66 жылдан бері АҚШ қысымына төтеп беріп келе жатқанын айтып», кубалықтар «Отанды соңғы қасық қаны қалғанша қорғауға дайын» екенін мәлімдеді.
«Куба – еркін, тәуелсіз және егемен мемлекет. Бізге ешкім не істеу керектігін бұйыра алмайды», – деді Диас-Канель Трамптың қоқан-лоққысына жауап ретінде.
Венесуэла ұзақ уақыт бойы Кубаның негізгі мұнай жеткізушісі болып келді. Алайда АҚШ-тың Венесуэлаға теңіз блокадасын енгізуіне байланысты бұл экспорт тоқтаған. Кубаға соңғы мұнай танкері былтыр желтоқсан айының ортасында жіберілген.
Отын тапшылығы Куба экономикасына бірнеше жылдан бері ауыр соққы болып келеді. Елде электр қуаты мен интернеттің жиі өшуі қалыпты жағдайға айналған, ал негізгі азық-түлік тауарлары қат. Кубалық демографтардың есептеуінше, соңғы жылдары эмиграция салдарынан ел халқы 18%-ға азайған. Кетіп жатқандардың басым бөлігі – жастар.
Венесуэла мұнайының орнын басқа елдер толтыра ала ма – бұл әзірге белгісіз. «Reuters» агенттігі өткен жұма күні Гаванаға Мексика мұнайы жеткізілгенін хабарлады. Алайда Мексиканың Куба мұнай импортындағы үлесі мардымсыз әрі Трамп әкімшілігінің қысымынан соң соңғы бір жылда тіпті азайған. Куба мұнай импорты жөніндегі деректерді ресми түрде жарияламайды.
«Теориялық тұрғыдан Куба аймақтағы өзіне ниеттес елдерден – мысалы Бразилия мен Колумбиядан – мұнай жеткізуге тырысуы мүмкін», - дейді сарапшылар.
Ал Ұлыбританиядағы Куба мәселесінің жетекші мамандарынің пікірінше, жағдай аса қауіпті деңгейде емес. «Жүйе күйреудің алдында тұрған жоқ. Иә, Кубаның экономикалық ахуалы өте ауыр, бірақ ол апатты деңгейде емес», – дейді.
Сарапшылар кубалықтардың қатты тапшылық жағдайында өмір сүруге әбден үйренгенін айтады. Отын жетіспеушілігі армияның қорғаныс қабілетіне әсер етуі мүмкін, алайда қандай да бір басқыншылық әрекет халықтың жаппай қарсылығына тап болатынын атап өтеді. Оның үстіне, Трамптың сөзінше емес, Кубаның Венесуэла мұнайын қайта сатудан өзге де табыс көздері бар. Атап айтқанда, туризм, медициналық қызметтер экспорты және никель сияқты табиғи ресурстар. Никельдің маңызы бүгінде деректер орталықтары мен жасанды интеллектке байланысты технологияларда қолданылуына байланысты артып келеді.
КУБАДА РЕЖИМ АУЫСА МА?
Арзан мұнайдан бөлек, социалистік Венесуэла Куба үшін ең жақын идеологиялық одақтас болды. Кеңес Одағы ыдыраған соң Куба басты демеушісінен айырылып, ауыр кезеңді бастан кешірді. Алайда 1999 жылы Каракаста билікке Уго Чавес келіп, көп ұзамай Фидель Кастромен одақ құрды.
Арзан мұнайдың орнына Куба Венесуэлаға дәрігерлерін жіберді. Чавес өмірінің соңғы айларын кубалық ауруханаларда өткізді. Халыққа қолжетімді сапалы медицина жүйесін құру кубалық революционерлердің басты саяси мақсаты болды, бұл істе оларға Кеңес Одағы да қолдау көрсеткен еді.
Глазго университетінің сарапшылары: «Мұнайға – дәрігер» бағдарламасы Чавеске Венесуэланың кедейленген көпшілігіне уәде етілген әлеуметтік игіліктерді қамтамасыз етуге мүмкіндік берді және Кубаның КСРО ыдырағаннан кейінгі «ерекше кезең» деп аталған ауыр экономикалық дағдарыстан шығуына түрткі болды. Бұл АҚШ-тың ұзақ жылдық блокадасын айналып өтіп, медициналық қызметтерді Кубаның басты табыс көзіне айналдырды әрі кубалықтарға жарықтың жиі өшуі мен мұнай тапшылығынан туындаған қоғамдық көлік кезектерінен біраз тыныс алуға мүмкіндік берді», - дейді.
Бұл одақ Кастро мен Чавестің өлімінен кейін де сақталды. Чавестің орнына келген, кубалық номенклатурамен тығыз байланысы бар Николас Мадуро билігін жалғастырды. Ел ішіндегі қолдауы азайған сайын, Мадуро кубалық күштік құрылымдарға көбірек сүйенді. Мадуроны қорғау кезінде 32 кубалық күзетшінің қаза табуы осы байланыстың айқын дәлелі болды.
Кубадағы коммунистік жүйе Кеңес Одағының күйреуінен аман қалды, демек Венесуэланың құлауын да еңсере алады. Куба билігі Трамппен диалог, жағымпаздық және өзара тиімділік уәделері арқылы тіл табысқан өзге көшбасшылардың тәжірибесін көріп отыр. Оның үстіне, Барак Обама мен Рауль Кастро тұсында қалпына келтірілген дипломатиялық қатынастар әлі де сақталып отыр.
2017 жылы Трамп «кубалық жылымықты» тоқтатып, айналасына Кубада режим ауыстыруды қолдайтын саясаткерлерді жинады. Трамптың бірінші президентігі кезінде, Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесші болған Джон Болтон Кубаны дәлелсіз түрде биологиялық қару әзірлеумен айыптаған. Ал Трамптың екінші президенттігі кезінде бұл қызметті Марко Рубио атқаруда. Оның саяси мансабы Кубаны коммунизмнен «босату» уәдесімен тығыз байланысты.
ВЕНЕСУЭЛАНЫҢ ТАҒДЫРЫ НЕ БОЛМАҚ?
Қазіргі таңда АҚШ-тың Венесуэлаға әскери араласуы Мадуроны тұтқындаумен шектелді. Оған қатысты іс бойынша тағы оннан астам айыпталушы бар, соның ішінде елдің қазіргі қорғаныс министрі де бар, бірақ олардың барлығы Каракаста емін-еркін жүр.
Трамп Мадуро әкімшілігінің бұрынғы вице-президенті, қазір уақытша президент міндетін атқарушы Делси Родригеспен жұмыс істеуге дайын.
Родригес – марксист партизанның қызы. Ал Рубио Трамптың қолдауына ие бола алмаған оппозиция лидері Мария Мачадоны емес, дәл осы Родригеспен жұмыс істеуге мәжбүр.
Егер оппозициялық партиялары бар Венесуэланың өзінде әзірге режим ауысу туралы әңгіменің ауылы алыста болса, онда алпыс жылдан астам уақыт бойы бір ғана партия билік етіп келе жатқан Кубада мұндай сценарийді елестету одан да қиын.
Дегенмен, қазіргі Куба басшылығы бірпартиялық жүйеден және социалистік құрылымнан бас тартуға дайын емес болғанымен, компартия ішінде Михаил Горбачевке ұқсас ықтимал реформаторлардың шығуын жоққа шығаруға болмайды.
Mezgil.kz