Парламент реформасы: формадан мазмұнға қарай бетбұрыс

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Жұмыс тобының отырысы парламенттік реформаның алдағы бағытын айқындады. Партия «Ауыл» орталық аппараты басшысының орынбасары Сарсенбаева Айгерім Арыстанбековна реформаның негізгі мәні Парламенттің саяси салмағын арттыру, сайлау жүйесін әділ ету және билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті нығайту екенін атап өтті. Оның айтуынша, ұсынылып отырған өзгерістер қоғамның сұранысына жауап беретін, ашық әрі жауапты басқару моделін қалыптастыруға бағытталған.


33400272_176_36_3629_1978_1400x0_80_0_0_cd5a5c96f2c51e98dad98758daf009fd.jpg

 

- Бүгінгі Жұмыс тобының отырысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өтті. Бүгін айтылған қандай негізгі шешімдер мен басым бағыттар парламенттік реформаның алдағы бағытын айқындайды деп санайсыз?

 

- Менің ойымша, бүгінгі отырыстың басты нәтижесі - парламенттік реформаның бағыты нақты институционалдық деңгейде айқындалды. Мемлекет басшысы реформаның мәні тек құрылымдық өзгерістерде емес, заң шығарушы биліктің саяси салмағын арттыруда екенін көрсетті. Бұл Парламенттің дербестігін күшейту, өкілеттігін нақтылау және билік тармақтары арасындағы теңгерімді қайта құру алдағы реформаның өзегіне айналатынын білдіреді.

 

- Талқылау барысында Парламентті трансформациялауға қатысты конституциялық өзгерістердің ауқымды болатыны атап өтілді. Осы бойанша реформаның басты мәнін қалай тұжырымдар едіңіз: басқару жүйесінде нақты қандай өзгерістер орын алуы тиіс?

 

- Бұл реформаның басты мәнін басқару жүйесін қазіргі қоғамның талаптарына бейімдеу деп түсінемін. Парламент халықтың мүддесін білдіретін шынайы саяси институтқа айналуы тиіс. Ол үшін депутаттардың жауапкершілігі артып, сайлау жүйесі әділ әрі ашық болуы қажет. Яғни, сөз формадан мазмұнға, саннан сапаға көшу туралы болып отыр.


WhatsApp Image 2026-01-19 at 20.00.43.jpeg

 

- Өткен жылдың қазан айынан бері Жұмыс тобы жаңа Парламентке қатысты барлық мәселелерді қарастырды. Депутаттар саны, өкілеттік мерзімі, сайлау тәртібі, заң шығару тетіктері сияқты бағыттардың қайсысы ең күрделі әрі еңбекті көп қажет етті және оның себебі неде?

 

- Меніңше, ең күрделі бағыт - сайлау тәртібі мен Парламенттің құрылымына қатысты мәселелер. Себебі бұл тақырыптар әртүрлі саяси, өңірлік және әлеуметтік мүдделер тоғысатын өте сезімтал сала. Мұнда бір ғана тиімді шешім жоқ, сондықтан тепе-теңдік сақтай отырып, баршаға әділ болатын модельді қалыптастыру үлкен жауапкершілік пен жан-жақты талдауды талап етеді.

 

- Президент түзетулер жобасын «мәні жағынан жаңа Конституция деуге болады» деп атап өтті. Құқықтық негізді осылайша терең жаңартудың қандай артықшылықтарын көріп отырсыз?

 

- Бұл тұжырымды конституциялық реформаның мазмұндық сипатының айқын көрінісі деп қабылдаймын. Терең жаңарту құқықтық жүйені өмір шындығына жақындатады. Бұл азаматтардың саяси процестерге қатысу мүмкіндігін кеңейтіп, билік институттарының өзара тепе-теңдігін күшейтеді. Ең бастысы - қоғам мен мемлекет арасындағы сенімді нығайтуға жол ашады.

 

- e-Otinish және eGov платформалары арқылы азаматтардан, саяси партиялардан, үкіметтік емес ұйымдардан, бизнес өкілдері мен сарапшылар қауымынан көптеген ұсыныстар келіп түсті. Осы кері байланыстың көлемі мен мазмұнына қандай баға берер едіңіз?

 

- Мен бұл кері байланысты өте маңызды әрі оң үрдіс деп бағалаймын. Ұсыныстардың көптігі қоғамның саяси реформаларға бейжай қарамайтынын көрсетеді. Мазмұнына қарасақ, халықтың Парламенттің ашық, есеп беретін және нақты жұмыс істейтін орган болғанын қалайтыны анық байқалады. Мұндай қоғамдық белсенділік реформаның сапасына тікелей әсер етеді.

 

- Реформа үдерісінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке рөлі қандай? Оның ұстанымы жұмыстың бағыты мен қарқынын қаншалықты айқындайды?

 

- Менің көзқарасымша, Мемлекет басшысы бұл реформаның саяси әрі идеялық драйвері болып отыр. Президенттің ұстанымы реформаның бағытын ғана емес, оның жүйелілігі мен сабақтастығын да қамтамасыз етеді. Қоғамдық пікірге, сарапшылардың ойына құлақ асуы бұл өзгерістердің бір сәттік емес, ұзақ мерзімді трансформацияға бағытталғанын көрсетеді.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар