Қарабақтан Украинаға дейін: «Ресей либералдарының» екіжүзділігі

Жуырда Әзірбайжандағы «Хазар» халықаралық университетінің профессоры, саясаттанушы, посткеңестік елдерге есімі таныс  Рамиз Юнус мырза Ресейдің либерал-демократ адамдарының екіжүзділігі туралы сараптамасын жариялап, Қарабақ соғысынан Украина соғысына дейінгі аралықтағы саяси оқиғаларға шолу жасапты.

1770021297387805.jpg

(Сурет: The Insider)

«ЖАҚСЫ ОРЫСТАР» ФЕНОМЕНІ ҚАЙДАН ПАЙДА БОЛДЫ?

«Жақсы орыстар» деп аталатын феномен Ресейдің Украинаға қарсы толық ауқымды агрессиясы басталғаннан кейін ғана пайда болған жоқ. Ол моральдық оянудың да, империялық өткен шақтан қол үзудің де нәтижесі емес. Бұл — ондаған жылдар бойы Кремльдің нарративтеріне қызмет етіп келген, оларды либерализм, гуманизм және «контекстің күрделілігі» туралы пайымдаулар арқылы бүркемелеген ресейлік саяси әрі зияткерлік кеңістіктің тұрақты әрі қайта өндіріле беретін элементі», - дейді Рамиз мырза.

Әзірбайжан саясаттанушысының айтуынша, Ресейдегі жалған либерализмнің һәм «жақсы орыстар» орбразының артына бүркенген империализмнің әшкере болған жері – Қарабақ соғысы.

ҚАРАБАҚ МЫСАЛЫ: РЕСЕЙ ЛИБЕРАЛДАРЫНЫҢ ЕКІЖҮЗДІЛІГІ

«1980 жылдардың соңы — Горбачевтің қайта құруы кезеңінде, одан кейін 1990 жылдары Ельцин тұсында Қарабақ төңірегіндегі қақтығыс — ресейлік псевдолиберал ортаның халықаралық құқыққа және посткеңестік мемлекеттердің егемендігіне шынайы көзқарасын алғаш рет ашық көрсеткен соғыс болды. Халықаралық құқық тұрғысынан Таулы Қарабақ Әзірбайжанның аумағы болып келген және солай болып қала береді. Бұл мәртебе кеңестік кезеңде де, КСРО ыдырағаннан кейін де бекітілген. Қарулы қақтығыс басталған соң БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Әзірбайжанның оккупацияланған аумақтарынан Армения әскерлерін әкетуді тікелей талап еткен 4 қарар қабылдады. Осылайша құқықтық жағдай айқын болды және ешқандай екіұшты пікірге жол қалдырмады. Соған қарамастан, ресейлік либерал орта — Армения жағына шықты, Кремльдің армяноорталық нарративін толықтай қайталады», - дейді Әзірбайжан саясаттанушысы.

Рамиз Юнус мырза өз сарпатамасында Ресейдегі лидералистер мен «демократия символдарына» айналған тұлғалардың аттарын атап жазады. Олардың қатарында: Михаил Ходорковский, Гарри Каспаров, Юлия Латынина, Виктор Шендерович және өзге де жария тұлғалардың аттары аталады. Олар агрессияны тікелей ақтады, не әдейі бұрмалап, оккупацияны «екі тараптың қақтығысы» ретінде көрсетті. Дәл осындай ұстанымды бүгінде өмірден өткен ресейлік «демократияның» символдары — Анатолий Собчак, Галина Старовойтова, академик Андрей Сахаров пен оның жұбайы Елена Боннэр-Алиханян және олардың серіктестері де ұстанды.

«Бүгінде бұл адамдардың есімдері моральдық қалқан ретінде жиі айтылады, алайда олардың Қарабақ сынағынан өте алмай, Қарабақ соғысы төңірегіндегі жалған ақпаратпен аты-заттары былғанған адамдар еді. Қарабақ осы ресейлік псевдолиберал топ үшін алғашқы емтихан болды — және ол емтихан сәтсіз болды», - дейді саясаттанушы.

ГРУЗИЯ СОҒЫСЫ. РЕСЕЙ ЛИБЕРАЛДАРЫНЫҢ ЕКІНШІ СҮРІНУІ

Саясаттанушының пікірінше, Ресейдегі либерал тұлғалардың талқысындағы риторикалар түгел дерлік Мәскеудегі «ескі алаңнан» басқарылып, бақыланып отыр. Ресейдегі ашық пікір немесе баламалы пікір көшбасшылары делінетін тұлғалар Гүржістан соғысы кезінде де сөз бен істен сүрініп, өздерінің бет-бейнесін әшкерелеген.

Ресейдің Грузияға қарсы агрессиясы, Абхазия мен Осения аймағын оккупациялау, 2008 жылғы тамыздағы «бес күндік соғыс» ресейлік либералдар үшін Грузияның аумақтық тұтастығы да құндылық емес екенін көрсетті. Бұл Молдованың Приднестровьесіне және Ресей армиясының қылмыстары ақталған немесе «терроризммен күрес» ұранымен жабылған Шешенстандағы екі соғысқа да қатысты солай болды.

«Ресейдің «жақсы адамдарының» әрекет ету тактикасы еш өзгерген жоқ. Зорлық-зомбылықты, агрессиясы жалпылама айыптау, қақтығысқа барлық тарапты айыптау, нақты тұжырымдардан қашу және Ресейдің көрші халықтардың тағдырын шешу құқығын қорғау. Бұл – имперлік пиғылдан бас тарту емес», - дейді сарпашы.

УКРАИНА СОҒЫСЫ: БЕЙТАРАПТЫҚ ТА АГРЕССИЯНЫ ҚОЛДАУ!

2014 жылы Ресей Украинаның Қырымын оккупациялағаннан кейін Ресейдегі баламалы пікір иелерінің түпкі пиғылдары тіпті әшкере бола түсті. Жоғарыда аттары аталған адамдардың дені «Қырым аннекциясын» ашық қолдап шықты. «Қырым кімнің жері?» деген қарапайым сұрақтан жалтара бастады. Олар халықаралық құқықты емес, империяны таңдады.

«Ал 2022 жылғы 24 ақпанда Ресей Украинаға қарсы толық ауқымды агрессия бастағанда, осы тұлғалардың көбі ойда-жоқтан дұрыс сөздер айта бастады. Алайда цифрлық дәуір олардың бұған дейінгі айтқандарын ұмыттырсын ба?! Әлбетте жоқ! Олар – бәрібір импершілдік пиғылдарынан бас тартқан жоқ», - дейді Рамиз Юнус мырза.

Ақыл таразысына салсаңыз, Әзірбайжанға, Грузияға, Молдоваға қатысты Ресейдің имперлік нарративтерін кейде ашық, кейде жасырын қолдап келген адамдардың бір сәтте Украинаның территориялық тұтастығын қолдап сөйлеуі кім-кімнің де күмәнін тудырмай қоймайтыны түсінікті. Өйткені, бұл екіжүзділіктің тарихы тым жүйелі, оны кездейсоқтық деп санау мүмкін емес.

«Мұнда ұжымдық кінә эмоция ретінде емес, ұжымдық жауапкершілік саяси факт ретінде қарастырылады. Украинаға қарсы Ресей жүргізіп отырған толық ауқымды агрессия жағдайында Ресейдің кез келген өкілінің бейтараптығы — оны қолдаудың бір түрі, ал нақты әрекетсіз антисоғыстық ұстаным — тек ыңғайлы моральдық поза ғана», - дейді Әзірбайжан саясаттанушысы.

Түйін: Тарих барлығын ұмытпайды. Испан философы Жордж Сантаяна айтқандай: «Тарихтан сабақ алмағандар оны қайта бастан кешіруге мәжбүр болады — бұл жолы әлдеқайда қатыгез түрде».

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар