Ядролық келісім аяқталды: Енді Ресей мен АҚШ-ты ештеңе тежемейді

2026 жылғы 5 ақпанда Ресей мен АҚШ арасындағы «Стратегиялық шабуыл қаруларын қысқарту туралы келісімнің» (СНВ-III) мерзімі аяқталады. Бұл құжат әлемдегі ең ірі екі ұлттық ядролық арсеналды реттеп келген әрі халықаралық тұрақтылықты қамтамасыз еткен негізгі келісімдердің бірі болды. Енді Ресей мен АҚШ-ты ядролық қарулану жарысынан тежейтін ешқандай құқықтық шектеу жоқ.

1770381201331549.png

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)

Стратегиялық шабуыл қарулары туралы келісімге АҚШ пен Ресей 2010 жылы қол қойған, ал 2021 жылы оны тағы бес жылға — 2026 жылға дейін ұзартқан еді. Келісім тасымалдаушы құралдардың жалпы санын 800 бірлікпен шектеді, оның ішінде тек 700-і ғана орналастырылған, яғни қолдануға дайын күйде болуы мүмкін. Ал ядролық оқтұмсықтар саны 1550 бірлікпен шектелді.

СНВ-III келісімі оның орындалуын бақылау тетіктерін де қамтыды. Тұрақты инспекциялар мен деректер алмасу ядролық қару саласындағы ашықтықты арттырып, екі ел арасындағы сенімді нығайтты.

Сонымен қатар келісім аясында жылына екі рет жиналатын Екіжақты консультативтік комиссия құрылды. Бұл механизмдердің барлығы Ресей мен АҚШ арасындағы қарым-қатынастарға оң әсер етті. Тіпті екі ел арасындағы саяси байланыстар 2014 жылдан кейін айтарлықтай нашарлаған кезеңнің өзінде СНВ бойынша ынтымақтастық тоқтаған жоқ.

Алайда келісім екі тарапты да толық қанағаттандырған жоқ — әр елдің өз талаптары мен наразылықтары болды. Соған қарамастан, тараптар ымыраға келіп, келісімге қол қойған еді. Ал енді өзара қатынастар ымыраға келу мүмкін болмайтындай деңгейде ушыққан тұста, келісімнің мерзімі аяқталды.

ЖАҢА КЕЛІСІМ ЖАСАЛА МА? ПУТИН МЕН ТРАМП НЕ ДЕЙДІ?

2025 жылғы қазанда Владимир Путин АҚШ-қа СНВ-III аясындағы шектеулерді тағы бір жыл бойы ерікті түрде сақтауды ұсынды.

Мәселе мынада: қарсы тараптың ядролық арсеналының нақты көлемі мен жағдайы туралы сенімді ақпараттың болмауы қауіп-қатерді қате бағалауға әкелуі мүмкін. Ал бұл өз кезегінде әскери жоспарлауға ғана емес, стратегиялық күштерді қолдану тәсілдеріне де әсер етеді. Сондықтан әр ел үшін қарсы тараптың арсеналы туралы нақты түсінік аса маңызды. Алайда Путиннің ұсынысында мұндай ашықтықты қамтамасыз ететін инспекциялар қарастырылмады.

АҚШ президенті Дональд Трамп: «Мерзімі бітсе — бітсін. Одан да жақсы келісім жасаймыз», — деді 2026 жылғы қаңтарда «New York Times» басылымына берген сұхбатында.

Инспекциялар 2020 жылы Covid-19 пандемиясы кезінде тоқтатылған болатын. АҚШ Мемдепартаментінің мәліметінше, пандемия аяқталғаннан кейін Ресей тексеру сапарларын қалпына келтіруді әдейі созбалаңға салған. Ал Ресейдің Украинаға соғыстан кейін, 2022 жылғы тамызда Мәскеу Вашингтон енгізген шектеулерді алға тартып, инспекцияларды тоқтататынын жариялады. 2023 жылғы ақпанда Ресей СНВ-III келісіміне қатысуын тоқтатты. Бұл шешім АҚШ-тың Украинадағы соғысты «қасақана өршіту саясатына» байланысты қабылданғаны айтылды. Мәскеудің пікірінше, АҚШ Ресейге «стратегиялық жеңіліс» жасауға ашық ұмтылып отыр. Сонымен қатар Ресей НАТО құрамында өз ядролық қаруы бар үш ел — АҚШ, Ұлыбритания және Франция бар екенін еске салды. Алайда СНВ аясында тек АҚШ-тың арсеналы ғана есепке алынған.

Бұл сын бұрын да айтылған. Өз кезегінде АҚШ та келісімге Қытай секілді тағы бір ядролық державаның қатыспайтынына наразылық білдірген.

2026 жылғы қаңтардың басында «New York Times-ке» берген сұхбатында Трамп: «Ең тиімді нұсқа — Қытай қатысатын келісім болар еді», - деді.

КҮШІН ЖОЙҒАН КЕЛІСІМНІҢ ҚҰДЫРЕТІ НЕ ЕДІ?

СНВ-III — Ресей мен АҚШ арасындағы қаруды бақылауға қатысты әлі де күшінде қалған соңғы ірі келісімдердің бірі еді. Бұған дейін, 2019 жылы, екі ел Орта және қысқа қашықтықтағы зымырандарды жою туралы келісімді бұзды. Ал 2020–2021 жылдары Ашық аспан туралы келісімнен де шықты. Бұл құжат қатысушы елдердің әуе кеңістігінде қарусыз барлау ұшақтарының еркін ұшуына мүмкіндік берген. 2025 жылғы қазанда Трамп ядролық сынақтарды қайта жандандыру мүмкіндігі туралы да мәлімдей бастады.

Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы келісім негізгі қос тараптан да ратификацияланбағандықтан, әлі күшіне енген жоқ. Дегенмен осы келісімдер қырғи қабақ соғыс кезінде және одан кейін қалыптасқан халықаралық тұрақтылықтың негізін құраған еді.

ҚАРУЛАНУ ЖАРЫСЫ ҚЫЗА ТҮСПЕК

Ресей де, АҚШ та СНВ аясында тікелей есепке алынбаған стратегиялық жүйелерді белсенді түрде дамытып жатыр. Сарапшылардың айтуынша, Ресей «Посейдон» суперторпедасы мен «Буревестник» қанатты зымыраны секілді СНВ-III-ке бағынбайтын ядролық тасымалдаушыларды жасап жатыр. Владимир Путин бұл жүйелер Ресейге ядролық салада артықшылық береді деп есептейді. Енді мәселе АҚШ-тың әрекетіне тіреледі: олар да жауап ретінде ұқсас жүйелерді дамыта ма, әлде ядролық сынақтарға қайта оралып, оқтұмсықтар санын арттыра ма?

АҚШ та стратегиялық қарулар саласында белсенді қимылдай бастады. Дональд Трамп жариялаған зымыранға қарсы қорғаныс жобасы бейресми түрде «Алтын күмбез» деп аталады және ядролық тежеу жүйесімен тікелей байланысты. Сонымен қатар АҚШ стратегиялық ядролық күштерін жаңғыртуды жалғастырып жатыр. Бұл жаңа қаруларды әзірлеуді де, қолданыстағы ядролық оқтұмсықтарды жаңартуды да қамтиды.

АҚШ Конгресінің бюджеттік басқармасының бағалауынша, алдағы он жылда елдің ядролық күштерін ұстап тұру мен жаңартуға шамамен 946 млрд доллар жұмсалады. Ал 2026 қаржы жылына арналған бюджет сұранысында Пентагон ядролық триаданың үш элементін де қолдау және толық ауыстыру үшін шамамен 60 млрд доллар қарастырған.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар