«Соғыс биыл аяқталады. Мен соған шын сенемін». Бұл Украинаның Қазақстандағы Елшісі Виктор Майконың сұхбатта айтқан бір ауыз сөзі.

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)
Анығы бұл — жай дипломатиялық оптимизм емес, соғыс бесінші жылға жақындаған тұста соғыстан шаршаған әлемге жолданған сигнал.
КИЕВ АСТАНАҒА ҚАНДАЙ ҮМІТ АРТАДЫ?
«The Times of Central Asia» басылымына берген сұхбатында елші тек соғыстың тағдыры туралы емес, Украина үшін жаңа экономикалық географияның қалай қалыптасып жатқаны жайлы айтты.
Қанқасап майдан даласынан бөлек тағы бір майдан бар. Ол – логистика, мұнай, транзит, санкция, порттар мен теміржолдар майданы. Киев енді дәл осы бағытта Қазақстанға үміт артып отыр.
Украина үшін Орталық Азия — балама бағыт қана емес, қажеттілікке айналған кеңістік. Ресейдің Украинаға қарсы толық ауқымды басқыншылығынан кейін дәстүрлі сауда жолдары күрт өзгерістерге ұшырауда. Теңіздегі блокадалар, логистикалық үзілістер, тасымал шығындарының күрт өсуі — мұның бәрі Киевті жаңа бағыт іздеуге мәжбүр етті. Сол бағыттың бірі — Қазақстан.
УКРАИНА ЕЛШІСІ: ҚАЗАҚСТАН – ӨҢІРЛІК ЭКОНОМИКАЛЫҚ КӨШБАСШЫ!
Елші Қазақстанды «өңірлік экономикалық көшбасшы» деп атады. 300 миллиард доллардан асқан ЖІӨ, G20-ға ұмтылыс, Батыс тараптан артып келе жатқан қызығушылық — мұның бәрі Астананың жаңа геосаяси салмағын көрсетеді. Украина бұл салмақты сезіп отыр. Тіпті Майко: «Соғыс болмағанда, екі ел арасындағы сауда көлемі 10 миллиард долларға жетер еді», - дейді Майко.
«Украина мен Қазақстан экономикалары бірін-бірі толықтырады. Біз теориядан нақты іске көшіп жатырмыз. Биыл Украинадан ірі бизнес-делегация Қазақстанға келеді. Сонымен қатар кедергілерді жою және жаңа жобаларды іске қосу үшін аса маңызды Украина-Қазақстан үкіметаралық экономикалық ынтымақтастық комиссиясының кезекті отырысын өткізуді жоспарлап отырмыз», - дейді Украина елшісі.
Украина өзін технология, агросектор, машина жасау, ІТ салаларындағы тәжірибелі ойыншы ретінде ұсынады. Қазақстан — ресурс, өндіріс және транзит елі. Осылайша, Украина Қазақстан нарығына қайта оралғысы келетінін ашық білдіруде. Біздің арамызда экономикалық байланыстар бұрын да болған. Қарағанды, Павлодар, Ақтауда бірлескен жобалар жүзеге асырылған.
КИЕВ «ОРТА ДӘЛІЗГЕ» БАСЫМДЫҚ БЕРЕДІ...
Ал логистика мәселесінде әңгіме тіпті өткір. Елшінің есептеуінше, бүгінде Киевтен Алматыға 20 тонна жүк жеткізу орташа 11–15 мың долларды құрайды және бір ай уақыт алады. Каспийдегі паром тапшылығы — басты кедергі. Бұл — соғыстың көрінбейтін салдары. Сондықтан Киев «Орта дәлізге» басымдық беріп отыр. Транскаспий бағыты енді жай балама емес, стратегиялық тірек.
Украина Қара теңіз порттарын осы дәлізге интеграциялауға мүдделі. Ақтауда контейнерлік хаб ашу бастамасын қолдайды. Теміржол және теңіз жобаларын бірлесіп дамытуға дайын. Себебі «Орта дәліз» Қазақстан үшін табыс көзі болса, Украина үшін — экономикалық тыныс жолы.
Энергетика тақырыбы одан да маңызды. Қазақстан 2024 жылы ЕО-ға мұнай жеткізуде алғашқы үштікке кіріп, 11,5 пайыз үлес алған. Бұл — Мәскеудің көлеңкесінен шығып келе жатқан жаңа энергетикалық бағыт. Украина осы ағымға қосылғысы келеді.
«Біз шығындарды азайтып, сенімділікті арттыру үшін Украина мен Қазақстан арасында теміржол және теңіз жобаларын бірлесіп іске асырудың зор әлеуетін көреміз. Негізгі мақсаттардың бірі — Украинаның Қара теңіз порттарын «Орта дәлізге» интеграциялау. Соңғы порттық келісімдер, соның ішінде Белгород-Днестровский теңіз сауда порты қатысқан келісімдер, қазақстандық әріптестермен ресми ынтымақтастық орнатуға бағытталған. «Орта дәліз» — сауданы дамыту мен Қазақстанның өңірлік транзиттік көшбасшы рөлін нығайтудың маңызды құралы», - дейді Виктор Майко.
Ақтау–Баку–Тбилиси–Жейхан, Баку–Супса — елші атап өткен бағыттардың барлығы Ресейді найналып өтетін маршруттар. Киев тіпті Қазақстанды Украинадағы мұнай өңдеу зауыттарын қалпына келтіруге шақырды.
«Біз Қазақстанды Украинадағы мұнай өңдеу зауыттарын қалпына келтіру мен салуға қатысуға шақырамыз, бұл қазақстандық мұнайды ішкі пайдалану және ЕО-ға экспорт үшін Украинада өңдеуге мүмкіндік береді. Терең бұрғылау — ортақ басымдық. Украина Полтава өңірінде 6 км-ден астам тереңдікте 24 ұңғыма бұрғылады, бұл модель Қазақстан үшін қызықты болуы мүмкін. Біз «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мен «Укргазвидобування» АҚ арасында көмірсутек қорларын бірлесіп барлау және игеру бойынша серіктестікке ашықпыз», - дейді Украина елшісі.
УКРАИНА ҚАЗАҚСТАН ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫН НЫСАНАҒА АЛМАЙДЫ!
«Украина Қазақстан инфрақұрылымын нысанаға алған емес және алмайды. Украиналық соққылар тек Ресейдің әскери машинасына қызмет ететін нысандарға бағытталған», - дейді елші.
УКРАИНА ӨЗ АУМАҒЫНАН БАС ТАРТПАЙДЫ!
Ал енді басты мәселе — соғыс. Елші халықаралық қолдаудың әлсіремегенін айтты. АҚШ, Еуроодақ, Ұлыбритания, Канада, Жапония, Түркия — барлығы көмекті жалғастырып отыр. Санкциялар күшейіп жатыр. Ресейдің «көлеңкелі флотына» қарсы қысым артуда. Зеленский ымыраға дайын, бірақ біржақты емес. Украина өз аумағынан бас тартпайды.
«Украина өз аумағынан өз еркімен бас тартпайды. Бұл жерлерде оккупация астында өмір сүргісі келмейтін азаматтар тұрады. Онда маңызды өнеркәсіптік активтер мен минералдық ресурстар бар», - дейді елші.
Майконың айтуынша, Ресейдің ішкі дағдарысы жақындап келеді. Экономикалық қысым, санкция, соғыстан шаршауы — мұның бәрі Кремльді белгілі бір шекке тірейді. Сол себепті елші: «Соғыс биыл аяқталуы мүмкін», - дейді.
Соғыс тек окопта шешілмейді. Ол дипломатиялық келіссөздерде шешіледі. Ал елшінің «соғыс биыл аяқталады» деген сөзі — жай үміт емес. Бұл — жаңа кезең басталуы мүмкін деген белгі.
Mezgil.kz