Ата Заң: Мемлекеттің сыртқы саясаттағы бағыт-бағдары...

15 наурыз – Тәуелсіз Қазақстанның саяси өміріндегі маңызды даталардың бірі. Қазақстан халқы жалпыхалықтық референдумда жаңа Конституция бойынша өз таңдауларын жасайтын күн.

1771589927173629.jpg

(Сурет: vecher.kz, mezgil.kz)

Конституциялық комиссия өз жұмысын аяқтап, Конституцияның ақырғы нұсқасын жария талқыға шығарғаннан кейін, қазақ қоғамы, Қазақстан қоғамы өз пікірлерін белсенді түрде білдіруде.

Осы ретте біз қоғам қайраткері, «Дүниежүзі Қазақтар Қауымдастығы» Алматы қалалық филиалының төрағасы, «Отандастар қоры» Алматы қалалық фронт -кеңесінің сарапшысы Омарәлі Әділбекұлына хабарласып, пікір сұрадық...

ЖАҢА КОНСИТУЦИЯ ЖАҢҒРУ МЕН ӨРЛЕУДІҢ КЕПІЛІ

Омарәлі Әділбекұлы:

– Тәуелсіздіктен кейін қабылданған екі конституция да Батыстың талабын толық қабылдап, жекешелендіруді бастап, нарықтық қатынастарды түбегейлі орнықтыру үшін президенттік билікке көп мүмкіндік берілген-ді. Соның нәтижесінде Қажыкелдин бастаған үкімет экономикада «есеңгіретіп емдеу тәсілін» қолданып, жоспарлы экономикаға құрылған зауыт-фабрикаларды жауып, Батыс инвестициясын елімізге алып келді. Одан бері отыз жылға таяу уақыт өтті. Әлемдік геосаясатта үлкен өзгеріс болып, уақыт өз талабын ортаға шығарды. Бұл күнде «Орта держава» қатарына қосылған Қазақстан заман талабына сай, ішкі-сыртқы саясатты өз мүддесіне бейімдеп, қайтадан қарап, халықтың талабын ескере келе осындай қадамға барып отыр. Бұрын конституциялық сот қалпына келіп, жердің асты-үстіндегі байлықтың иесі халық деп көрсетілсе, енді, міне, Ассамблея жабылып, Сенат тарап, унитарлы елдің Құрылтайы билікті бақылаушы ретінде өз миссиясын атқармақ.

Батыс алпауыттарымен қазба байлық төңірегінде жасалған құпия келісім-шарттардың мерзімі жақындап келеді. Қазір қазба байлыққа байланған ырықсыз жағдайдан құтылып транспорт, туризм, тереңдеп өңдеу, цифрлық даму саласында жаңа көкжиектер ашылуда. Осы дамулардың үрдіске, дәстүрге айналуы үшін де бізге адам құндылығын қорғап, қоғамның дамуы мен тұрақтылығын сақтауға кепіл болатын Конституция керек.

Жаңа Конституция ұзақ дайындық пен қоғамның барлық жігінің пікірі ескеріле отырып талқыланды. Енді  референдум арқылы іске аспақшы. Артықшылығына келсе, заман талабына сай цифрлық дамудың жетістігі мен мүмкіндігі Конституцияның мазмұнына кірмекші. Бұл дегеніміз мемлекетті оңтайлы басқарудың механизмі күшейіп, бюрократия мен коррупциямен күрестің нәтижесі артады деген сөз. Президент айтқан санда бар, санатта жоқ 3 миллион бас ірі қара мен 5 миллион бас ұсақ мал, 745 мың мүгедек және білім, денсаулық саласындағы заң бұзушылықтарға осы цифрлық дамудың арқасында қол жеткіздік. Атақты АҚШ миллиардері Илон Масктың болжамынша, енді 5-10 жылдан кейін 10 миллиард робот еңбек нарығына кіріп, адамзат өмірінде үлкен өзгеріс болады екен.

Тағы бір жаңалық «Миранда формуласы» Ата Заңымыздан ойып орын алды. Ендігі кезекте бұл формула азаматтарды психологиялық қысымнан қорғайды. Полиция мен тергеудің заң шегінен шықпауын қамтамасыз етеді. «Төртінші қаңтар» кезінде құқық қорғау саласынан туындаған асыра сілтеуге енді жол жоқ.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар