2026 жылы Қазақстан Республикасында жоспарланған конституциялық реформа қоғамдық-саяси күн тәртібінің негізгі тақырыптарының біріне айналып, азаматтардың жоғары қызығушылығын тудырып отыр.

(Суреттер: kazpravda.kz, globalkz.biz)
Қазақстанда ұсынылып отырған жаңа Конституция да дәл осындай тарихи қажеттіліктен туған қадам. Бұл құжат билік жүйесін ғана емес, мемлекет пен азамат арасындағы қатынастың жаңа моделін қалыптастыруға бағытталған. Осы ретте, Ата Заң әлеуметтік мемлекет ретінде азаматтардың табысы мен тұрмыс сапасына қалай әсер етеді? Біз белгілі саясаткер Тоғжан Қожалы ханымға хабарласып, пікір сұрадық.
Тоғжан Қожалы:
–Ата Заң – тікелей экономикалық табыс әкелетін құрал емес. Конституцияда «отбасының табысын арттыратын нақты тетік» көрсетілмейді. Алайда, ол әлеуметтік мемлекет қағидатын бекіту арқылы азаматтардың өмір сүру деңгейіне жанама, бірақ жүйелі түрде ықпал етеді. Ол сөзсіз.
Біріншіден, Конституция Қазақстанды әлеуметтік мемлекет деп жариялайды. Бұл – мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі азаматтарға лайықты өмір сүру жағдайын жасау деген сөз. Осы қағидаттың негізінде зейнетақы, жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды қолдау сияқты әлеуметтік бағдарламалар қалыптасады. Яғни, Ата Заң әлеуметтік қолдаудың құқықтық негізін қалайды.
Екіншіден, Ата Заңда еңбек ету құқығы, әділ еңбекақы алу, жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғалу сияқты нормалар бекітілген. Бұл нормалар еңбек заңнамасының, ең төменгі жалақының, еңбек қауіпсіздігі талаптарының және жұмыспен қамту бағдарламаларының негізі болып табылады. Нәтижесінде азаматтардың тұрақты табыс табуына құқықтық кепілдік беріледі.
Үшіншіден, білім алу және денсаулық сақтау құқықтары да Конституцияда бекітілген. Тегін орта білім, қолжетімді медициналық көмек – отбасының шығынын азайтып, адамның еңбекке қабілеттілігін сақтауға және ұзақ мерзімде табысын арттыруға ықпал етеді. Бұл – табысты тікелей өсірмесе де, кедейлік тәуекелін төмендететін маңызды фактор.
Төртіншіден, Ата Заң меншік құқығын қорғау, кәсіпкерлік еркіндік, заң алдындағы теңдік қағидаттарын бекітеді. Бұл шағын және орта бизнесті дамытуға, өзін-өзі жұмыспен қамтуға, отбасылық кәсіптерді ашуға құқықтық негіз жасайды. Осы арқылы азаматтардың өз табысын арттыруына мүмкіндік туады.
Қорытындылай келе, Ата Заң азаматтардың табысын тікелей көбейтпейді, бірақ әлеуметтік әділеттілікке, тең мүмкіндіктерге және мемлекет тарапынан қорғалуға негізделген жүйе қалыптастырады. Ал осы жүйенің сапасы мен тиімділігі – нақты заңдарға, мемлекеттік саясатқа және оны іске асыру деңгейіне тікелей байланысты.
Егер Жаңа Конституция 15 наурызда мақұлданса, оның әсері азаматтардың табысына бірден емес, бірақ құқықтық және институционалдық өзгерістер арқылы кезең-кезеңімен көрінеді.
Біріншіден, Жаңа Конституцияда әлеуметтік мемлекеттің жауапкершілігі күшейсе, бұл әлеуметтік саясаттың басым бағытқа айналуын білдіреді. Мұндай жағдайда мемлекет әлеуметтік көмекті «жәрдемақы тарату» деңгейінде емес, азаматтарды табыс табуға қабілетті ету, яғни жұмыспен қамту, қайта даярлау, өңірлік теңсіздікті азайту саясатына көбірек мән береді. Бұл орта және ұзақ мерзімде отбасы табысының тұрақтануына әсер етеді.
Екіншіден, егер Конституцияда әлеуметтік әділеттілік, тең мүмкіндіктер және еңбек адамының мәртебесі нақтырақ бекітілсе, онда ең төменгі жалақы, еңбек қауіпсіздігі, жұмыс беруші мен жұмыскер арасындағы теңгерім қайта қаралуы мүмкін. Бұл – жалдамалы қызметкерлердің табысын қорғаудың маңызды тетігі.
Үшіншіден, Жаңа Конституция билік тармақтарының жауапкершілігін арттырып, Парламент пен жергілікті өкілді органдардың рөлін күшейтсе, әлеуметтік-экономикалық шешімдер қабылдауда қоғамдық бақылау өседі. Ал бұл бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына, әлеуметтік бағдарламалардың нақты мұқтаж жандарға жетуіне ықпал етеді.
Төртіншіден, егер Конституцияда жергілікті өзін-өзі басқару, өңірлердің қаржылық дербестігі кеңейсе, бұл аймақтарда жұмыс орындарының көбеюіне, шағын және отбасылық бизнестің дамуына жол ашады. Өңірлік экономика жанданса, отбасы табысы да өседі.
Маңыздысы – Жаңа Конституция табысты автоматты түрде өсірмейді. Ол «ойын ережесін» өзгертеді: әділ заң, есеп беретін мемлекет, тең мүмкіндік қағидаты қалыптасса, азаматтардың өз еңбегімен табыс табуына жағдай жасалады.
Қорытындысында, 15 наурызда мақұлданатын Жаңа Конституцияның нақты әсері оның мәтінінен ғана емес, соған сәйкес қабылданатын заңдардан, бюджет саясаты мен атқарушы биліктің іс-қимылынан көрінеді. Бірақ ол әлеуметтік әділеттілікке бағытталған болса, азаматтардың тұрмыс сапасын жақсартуға берік құқықтық негіз қалыптастырады.
Mezgil.kz