Telegraph басылымы Беларусь пен Польша арасындағы жерасты жолдары, туннельдер жайлы жазды. Беларусь жерінен Польшаға босқындар легі соңғы 6 жылда тоқтамай тұр.

(Сурет ЖИ арқылы жасалды)
Telegraph жазған мақалада, Беларусь тарапы туннель қазу үшін Таяу Шығыстан кәсіби «мамандарды» шақырғаны айтылған. Аталған жерасты туннельдері арқылы Таяу Шығыстан келген босқындар Еуропа аумағына өтеді.
«Бұл туннельдерді қазуда және жобалауда қандай топтардың қатысқанын дәл айту қиын. Алайда бірнеше нақты болжам бар. Туннельдерді күрд жасақтары, ДАИШ өкілдері немесе өзге топтар қазуы мүмкін», - дейді Telegraph басылымы.
Әскери нысандарды салу бойынша маман, британ әскерінің бұрынғы сапері Роб Кэмпбеллдің сөзінше, бұл туннельдерді қазуға ХАМАС-тың қатысы болуы мүмкін. Ол туннельдердің ішкі құрылымын қарап, видеоларды зерттеп, осындай тұжырымға келген. «Бұл туннельдерді ХАМАС немесе «Палестиндік Ислам жиһады» ұйымы қазғанға ұқсайды», - дейді ол.
Польша билігі шекара маңындағы күзетті күшейтуде. Шекарашылар бірнеше туннельдер желісін тапқан. 12-желтоқсанда поляк шекарашылары Наревка ауылы маңынан ең үлкен туннельдің бірін тапты. Туннельдің биіктігі 1,5 метр, ал ұзындығы 60 метр болған. Беларусь тарапындағы ұзындығы 50 метр, ал Польша тарапындағы ұзындығы 10 метрді құрайды. Туннельдің есіктерін ағаш жапырақтарымен, бұталармен жасырған.
Бұл жерасты жолы арқылы кемі 180 мигрант өткен. Олардың басым бөлігін поляк шекарашылары ұстаған. Көбі Ауғанстан және Пәкістан азаматтары екені анықталды. 2025 жылы поляк шекарашылары 4 туннельді анықтап, көзін жойған.
Беларусь билігі босқындарды ЕО-ны қыспаққа алу үшін қолдануда. 2022 жылдың қарашасында мыңдаған босқын Беларусь аумағынан Польшаға өтпек болды. Сарапшылар Александр Лукашенко Таяу Шығыстан босқындарды әкеліп, ЕО-ны миграциялық дағдарыспен қорқытып, өзіне салынған санкцияларды алып тастауды талап етуде деп санайды. Лукашенко барлық айыпты жоққа шығаруда және босқындарды қолданып, бопса жасағанын мойындаған емес.
Mezgil.kz