Әлемдік ақпарат құралдарының хабарлауынша, Израиль мен Иран арасындағы әскери қақтығыс жаңа деңгейге көтерілді. Аймақтағы жағдай күн сайын күрделеніп, бірнеше мемлекет бұл соғыстың ықпалына ұшырауы мүмкін деген алаңдаушылық күшейіп отыр.

(Суреттер: aljazeera.net, bbc.co.uk, cnbc.com)
CNBC: ИЗРАИЛЬ ТЕГЕРАНҒА ЖАҢА ШАБУЫЛ ЖАСАҒАНЫН МӘЛІМДЕДІ
CNBC хабарлауынша, Израиль Тегеранға қарсы жаңа әуе соққыларын бастаған. Елдің қорғаныс министрі Иран режимінің әскери мүмкіндіктерін «талқандаймыз» деп мәлімдеді. Сонымен қатар Испанияның премьер-министрі Педро Санчес АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы жүргізіп жатқан әскери әрекеттерін «апат» деп сипаттаған. Иранда АҚШ пен Израильдің алғашқы соққылары кезінде қаза тапқан Жоғарғы көшбасшы аятолла Әли Хаменейдің өліміне байланысты үш күндік аза тұту рәсімі ұйымдастырылмақ. Иран бесінші күн қатарынан көрші елдерге бағытталған зымыран және дрон соққыларын жалғастыруда. Парсы шығанағы елдері өздерінің қару-жарақ қоры жеткілікті екенін мәлімдеді.
Сондай-ақ CNBC деректеріне сәйкес, АҚШ-тың ірі қорғаныс компаниялары Lockheed Martin және RTX (Raytheon) басшылары Ақ үй өкілдерімен кездесіп, қару өндірісін жеделдету мәселесін талқыламақ. Бұл кездесу АҚШ президенті Дональд Трамптың елде «орта және жоғары деңгейлі қарулардың іс жүзінде шексіз қоры бар» деген мәлімдемесінен кейін жоспарланып отыр.
BBC: ПАРСЫ ШЫҒАНАҒЫ ЕЛДЕРІ СОҒЫС ШЕБІНДЕ ҚАЛДЫ
BBC хабарлауынша, Парсы шығанағы мемлекеттері Таяу Шығыста басталған жаңа соғыстың алдыңғы шебінде тұр. Иран АҚШ пен Израильдің әуе соққыларына жауап ретінде жүздеген зымыран мен дронды көрші араб елдеріне бағыттаған. Нысанаға АҚШ әскери базалары ғана емес, азаматтық және энергетикалық инфрақұрылым нысандары да алынған. Сарапшылардың айтуынша, бұл әрекет Парсы шығанағы елдерінің қауіпсіз әрі тұрақты туризм, қаржы және сауда орталығы ретіндегі беделіне соққы болуы мүмкін. Сонымен қатар мұнай мен газ өндірісіне де әсер етуі ықтимал.
AL JAZEERA: ТЕГЕРАНДАҒЫ ДҮРБЕЛЕҢ
Al Jazeera басылымының мәліметінше, Израильдің шабуылдарынан кейін Тегеран қаласында дүрбелең мен қорқыныш күшейген. Пәкістандық студент Раза шабуыл басталған кезде қатты алаңдағанын айтады. Оның айтуынша, жарылыстардан кейін қалада үрей күшейіп, адамдар қауіпсіз жер іздей бастаған. «Шабуыл болуы мүмкін дегенді бұрыннан еститінбіз. Бірақ ол шынымен басталған кезде қатты қорқыныш сезілді», дейді Раза.
Студент елшілігімен байланысып, басқа студенттермен бірге елге қайту үшін дайындалған. БАҚ мәліметінше, қаза тапқан аятолла Әли Хаменейдің ұлы Моджтаба Хаменей Иранның келесі Жоғарғы көшбасшысы болуға негізгі үміткерлердің бірі ретінде қарастырылып отыр.
СОҒЫСТЫҢ СОҢЫ НЕ БОЛМАҚ?
Сарапшылар Израильдің Иранмен ұзаққа созылатын соғыс жүргізу мүмкіндігіне қатысты пікірталас жүргізіп жатыр. Израиль қоғамында әскери әрекеттерге қолдау болғанымен, оның әскери және экономикалық тұрғыдан қанша уақытқа созылатыны белгісіз. Аймақтағы шиеленіс жалғаса берсе, бұл қақтығыс Таяу Шығыс қана емес, әлемдік энергетика нарығы мен халықаралық қауіпсіздікке де айтарлықтай әсер етуі мүмкін.
Mezgil.kz