АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысының салдары тек мұнай бағасының көтерілуімен шектеліп тұрған жоқ. Парсы шығанағынан ағылып жатқан сұйытылған газ тасымалы да тұралап тұр. Мұның салдары Еуропаға жаңа энергетикалық дағдарыс тудыруы мүмкін...

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)
Төрт жыл бұрын Ресей Украинаға басып кіріп, соғыс ашқанда Ресейдің энергетикалық қуатына тәуелді Еуропа айтарлықтай қуатты дағдарысты бастан кешірген. Содан бері Еуроодақ пен өзге де Еуропа елдері Ресей газына тәуелділіктен құтылып, Украинадағы соғысқа дейін ЕО қажеттілігінің жартысына жуығын қамтамасыз етіп келген Ресейден энергия ресурстарын сатып алуды тоқтатқан десек жаңылмаймыз.
Алайда, Таяу Шығыстағы жаңа соғыс әлемдік нарықта шикізат тапшылығын тудыруда. Бұл өз кезегінде Ресей президенті Путинге жаңа мүмкіндіктер жасауда.
ЕУРОПА ЖЫЛУСЫЗ ЖӘНЕ ЖАРЫҚСЫЗ ҚАЛА МА?
Ирандағы соғыс әлемдік нарыққа мұнай мен мұнай өнімдерінің шамамен 20%-ы және сұйытылған табиғи газдың (СТГ) дәл осындай көлемі тасымалданатын Ормуз бұғазын жауып тастады. Газдың басты өндірушісі Катар ирандық дрондардың соққысынан кейін экспортты тоқтатып, жұмыс істеп тұрған зауытын жауып, жаңа зауыттың іске қосылуын кейінге қалдырды.
«Еуропа Таяу Шығысқа соншалықты тәуелді емес. Өйткені Таяу Шығыстағы мұнай мен газдың 80%-ы Азияға кетеді. Десе де, баға бүкіл әлемдік нарықта белгіленетіндіктен, бұл Еуропаға да соққы болып тиеді», — дейді Bruegel еуропалық зерттеу орталығы.
Сарапшылардың пікірінше, Ормуз бұғазы арқылы жеткізілім қайта жалғаспаса, Еуропа сұйытылған газ үшін Азиямен бәсекелесуге мәжбүр болады. Соның салдарынан алдағы күндер мен апталарда газ бағасы өсе береді.
Ресейдің кесірінен болған дағдарыс кезінде нарықтағы баға мегаватт-сағатына 300 еуродан асқан болса, қазір Иран соғысының бір аптасында баға 30-дан 55 еуроға дейін ғана көтерілді. Дегенмен, Еуропада жылыту маусымы әлі аяқталмаған, ал жер асты газ қоймалары таусылуға жақын екені жағдайды қиындатып отыр.
Сарапшылардың сөзінше, газдың қымбаттауы тек наурыздағы жарық пен жылу шоттарына ғана емес, сонымен қатар келесі қысқа арналған қорды толтыру құнына да әсер етеді. Әдетте жазға қарай газ арзандайтын, бірақ Таяу Шығыстағы ұзаққа созылған дағдарыс бұл жолы тиімді бағамен қор жинауға кедергі келтіруі мүмкін.
ПУТИННІҢ ЖАҢА ГАЗ СОҒЫСЫ
Осыдан бес жыл бұрын Ресей Еуропаға сұраныстағы бүкіл газдың жартысына жуығын жеткізетін. Алайда, Украинаға қарсы басқыншылық соғыс бұл статистиканы өзгертті. Кремль ЕО-ға қарсы газ соғысын бастап, кейін құбырды мүлдем жауып тастады. Бұның соңы бағаның күрт өсуіне әкеп соғып, Ресейге табыс табуға, ал Еуропаға ресейлік энергия көздерінен шұғыл бас тарту жоспарын қабылдауға мәжбүр етті.
Сөйтті де, жоспар іске асты. Биылғы қыста ЕО салыстырмалы түрде арзан жарық пен жылуға қол жеткізіп, қалыпты өмірге қайта оралды. Нәтижесінде ЕО-ның энергия теңгеріміндегі ресейлік газдың үлесі 40%-дан 13%-ға, көмір 51%-дан нөлге, ал мұнай (мұнай өнімдерін есептемегенде) 27%-дан 2%-ға дейін қысқарды.
ЕО Ресеймен соңғы энергетикалық байланыстарды үзу уақыты келді деп шешіп, 25 сәуірден бастап қысқа мерзімді келісімшарттар бойынша, ал жыл соңына қарай ұзақ мерзімді келісімшарттар бойынша сұйытылған газ сатып алудан толық бас тартуды жоспарлады.
Осылайша, Ресей һәм Путин ЕО-ға қысым жасау иінтірегінен айырылып қалған еді, бірақ Дональд Трамптың Иранға қарсы жаңа соғысы оған жаңа мүмкіндік бтудырып берді. Ол ресейлік бюджеттегі тапшылыққа қарамастан, бұл мүмкіндікті бірден пайдалануға тырысуда. Путин бүкіл сұйытылған газды Азияға бағыттайтынын айтып, Еуропаға сес көрсетуге көшті...
ГАЗ ГЕОСАЯСАТЫ
«Мұның бәрі Еуропадағы газ бағасын көтеру үшін әдейі жасалып отыр», — деп есептейді Wood Mackenzie сарапшылары. Бағаның өсуі Кремльдің ЕО-дағы одақтастары — Венгрия мен Словакияның келіссөздердегі позициясын нығайтады. Бұл елдер ресейлік газды құбыр арқылы алуды жалғастыруда және 2027 жылдан бастап бұл жеткізілімдерге тыйым салу жоспарына қарсы шығып отыр.
Еурокомиссия бұл мәселе бойынша үш кеңес өткізді және әзірге қорытынды біреу: Мұнайсыз және газсыз қалу қаупі жоқ, Ормуз дағдарысының Еуропаға әсері әзірге шектеулі. Еуропа баяғыда ресейлік газды норвегиялық және америкалық газбен алмастырған, бірақ мәселе тек физикалық көлемде ғана емес. Еуропалықтар энергия ресурстарын ашық нарықта бәсекелес бағамен сатып алады, негізгі қауіп те осында.
Сарапшылардың айтуынша, Германия мен Францияның қысымымен ЕО қысқы газ қорына қойылатын талаптарды жұмсартқан. Еуропалықтар бәрі қалпына келді деп ойлап, ресейлік газды америкалық газбен алмастыра салды. Бірақ АҚШ пен Иран соғысы Еуропа үшін жалғыз жол — қазба отынынан бас тартып, жаңартылатын энергия көздеріне көшуді жеделдету екенін көрсетті. Тек импортқа тәуелділікті азайту арқылы ғана Еуропа өз экономикасын сыртқы соққылардан қорғай алады.
Mezgil.kz