Азаматтық қоғам кез келген елдің негізгі тірегі. Бұл қоғам мен билік арасындағы сенімді байланысты күшейтуші басты фактор саналады. Тәуелсіздікті алғаннан кейін, азаматтық қоғамды дамытуға қатысты оң қадамдар жасалуда.

(Сурет: aikyn.kz сайтынан алынды)
Азаматтық қоғам – бұл үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық қозғалыстар, кәсіподақтар, бұқаралық ақпарат құралдары және белсенді азаматтар арқылы қоғамдық мүдделерді қорғауға бағытталған әлеуметтік институттар жүйесі.
Қазақстандағы азаматтық қоғамның даму динамикасы жақсы бағытта дей аламыз. Қазақстанда азаматтық қоғамның негізгі көрсеткіштерінің бірі – үкіметтік емес ұйымдардың көбеюі болып отыр. 1990 жылдардың басында елде шамамен 400-ге жуық ҮЕҰ ғана болған. Қазіргі уақытта олардың саны бірнеше мыңға жетті. Соңғы статистикаға назар аударсақ, елімізде 23 мыңнан астам үкіметтік емес ұйым бар.
Үкіметтік емес ұйымдардың саны артып, көтерілетін мәселелер ауқымы да кеңейіп келеді. Экологиялық, білім мен ғылым, медицина, мүмкіндігі шектеулі жандарға қамқор болу, қарттар мен балалар үйіне көмек көрсету және басқа саладағы жобаларды үкіметтік емес ұйымдар іске асыруда. Экологиялық акциялар арқылы үкіметтік емес ұйымдар қоғамның біртұтастығын арттырып, сенбіліктер санын күшейтті. Мемлекет тарапынан да үкіметтік емес ұйымдарды қолдау күшейді. Мемлекет жас үкіметтік емес ұйымдарға гранттық қолдаулар білдіруде. Сонымен бірге, арнайы сыйақылар да табысталады.
Үкіметтік емес ұйымдар арқылы еріктілер қозғалысы күш алып келеді. Бұл тұрғыдан 2024–2026 жылдарға арналған жол карталары қабылданып, олар 4 стратегиялық бағыт пен 85 нақты іс-шараны қамтитын болды. Осы арқылы азаматтық қоғамның даму динамикасы да қарқынды бола түсті.
Үкіметтік емес секторда шамамен 200 мың адам еңбек етеді. Олардың бестен бір бөлігі тұрақты жұмыс істейтіндер саналады. Соңғы жылдары үкіметтік емес ұйымдар ауылдық аймақтарда да белсенді бола бастады. Осылайша ауыл азаматтары арасында да азаматтық қоғамды дамыту жұмыстары күшейіп келеді. Ауылдық аймақтарда ҮЕҰ-дар субсидия беру, ауыл азаматтарын қолдау, солтүстікке көш іспеттес бағдарламаларды халыққа насихаттап, ел дамуына үлес қосуда.
Үкіметтік емес ұйымдардың санының көбеюі, мемлекеттік гранттардың артуы, еріктілер қозғалыстың кеңеюі және азаматтардың қоғамдық бастамаларға қатысуының өсуі азаматтық қоғамды дамытып, елімізді көркейте түседі.
Mezgil.kz